АЙТЫСКЕР ОРАЗАЛЫ ДОСБОСЫНОВ АТЫНДА МҰРАЖАЙ АШЫЛДЫ - АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 08.12.2022
Оқылды: 2086
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Тегістік ауылындағы орта мектепте Оразалы Досбосынов атындағы тарихи-өлкетану мұражайы ашылды.

Мұражайдың ашылуына жас кәсіпкер Іңкәр Бекдәулетқызы демеушілік жасады. Мұнда шынайы талант, айтыс ақынына қатысты жәдігерлер қойылған. Одан бөлек, өлкетануға, ауылдың тарихын білуге арналған құнды дүниелерді кездестіруге болады. Ақын есімін, еңбегін ұлықтауға арналған игі шараға Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаев қатысып, жылы лебізін білдірді.

Қуанышты шараға Оразалы атындағы қоғамдық қор жетекшісі Әйгерім Досбосынова, ақынның бауырлары Мұрат, Дәулет Досбосыновтар ортақтасты. Осы күні мектепте «Айтыстың ақтаңкері – Оразалы» атты мектеп оқушылары арасында жыр мүшәйрасы өрнек тапты. 21 үміткер қатысқан байқауда М.Мақатаев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Мақан Мәди бас жүлде иеленді. Қайнар орта мектебінің 9-сынып оқушысы Нұрсезім Шорман 1-орын, А.Барманбекұлы атындағы мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы Сымбат Ғазиз, Қ.Шорманов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Алтынбек Көшербай 2-орын, Жаңа Текес негізгі мектебінің 7-сынып оқушысы Асқар Асанқұл, Т.Жанұзақов атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Аянат Қойшыбай, Б. Соқпақбаев атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Ақбаян Нұрәбілда 3-орын алды.

Ақын атындағы жыр мүшәйрасынан кейін жеңімпаздар марапатталды.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы,

Алматы облысы