ҚОНАЕВТА БІРНЕШЕ ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯМЕН КЕЗДЕСУ ӨТІП, ЖАҢА ЖОБАЛАР ҚАРАЛДЫ

Уақыты: 09.12.2022
Оқылды: 1805
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ «Karlskrona Lс AB» ЖШС, «China Power International Holding Limited» ЖШС және «Xixian New Area Airport New City New Global Import & Export Trading Go.,LTD» Алматы облысында тіркелген «Бір белдеу және бір жол» Қазақстан ұлттық сауда-экономикалық компаниясы өкілдерін қабылдады.

Марат Елеусізұлы алдымен салаларға жауапты қызметкерлермен таныстырып, әр компания өкілдерінің ұсыныс-тілектеріне құлақ асты. Олар алдымен өздерінің компаниялары жайында әңгімелеп, негізгі қызметтерін баяндады. Белгілі болғандай, олар Алматы облысы аумағында өздерінің жоба-жоспарларын жүзеге асырып, инвестиция құюды көздейді. Ол үшін жер телімі қажет. Осыған байланысты аймақ басшысынан жер учаскелері сұралды.

Мәселен, «Karlskrona Lc AB» ЖШС Оңтүстік Қазақстанда орналасқан машина жасау компаниясы болып саналады. Сорғы, электротехникалық, блок-модульдік, стандартты емес жабдық, құбыр арматурасын, қара және түсті металдар мен қорытпалардан құймалар әзірлеу, өндіру, сату, монтаждау және сервистік қызмет көрсетумен айналысады. Сумен қамту, мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібі және атом энергетикасы саласындағы кешенді техникалық шешімдерді әзірлеуге маманданған.

Аталған компания мақсаты – сорғы және ілеспе жабдықтарды әлемдік өндірушілердің ондығына кіргізу. Компания технологиялық үдерістерді жетілдіреді, материалдық және адами ресурстарды пайдалану тиімділігін арттырады, технологиялық үдерістерді басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу және ERP жүйесін құру арқылы өндірісті басқару сапасын жақсартады. Бүгінде олар Араб, Үндістан, Ресей, Шығыс Еуропа және ТМД мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізуде.

Ендігі кезекте компания жұмыс ауқымын кеңейтіп, жетілдіруді көздейді. Осыған байланысты компания өкілдері Алматы мен Қонаев қаласы аралығынан өнеркәсіп алаңдары үшін 10 гектар екі жер телімін беруді сұрады. Онда өнеркәсіптік алаң және санитарлық қорғау аймағын, өз қызметкерлері үшін заманауи жұмысшы кентін салу жоспарлануда. Компания өкілі, сондай-ақ, зауыт жанынан машина жасау саласында жоғары білікті кадрлар даярлау бойынша білім беру кластерін ұйымдастыруға дайын екенін жеткізді.

Кездесуде 1 ГВт ЖЭК ауқымды жобасын және энергияны жинақтау жүйесін инвестициялау және салу мәселесі ұсынылды. «China Power International Holding Limited» компаниясы Қытайдағы 5 ірі мемлекеттік энергия өндірушілердің бірі саналатын «State power Investment Corporation» негізгі еншілес компаниясы болып табылады. Компания қызметі экологиялық таза энергия өндірісін дамытуға бағытталған.

Бүгінгі күні компания Мемлекет басшысы алға қойған мақсаттар шеңберінде елдің жалпы энергия теңгеріміндегі жаңартылған энергия көздерінің (ЖЭК) үлесін арттыру және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы электр энергиясын жинақтау жүйесін 300 МВт/600 МВт дейін жарақтандыра отырып, 1 ГВт ЖЭК ауқымды жобасын салуға инвестиция салуды ұсынады. Инвестицияның жалпы құны шамамен 1 млрд.АҚШ долларын құрайды. Электр энергиясы үшін тариф диапазоны 16-18 теңге кВт/сағат. Жобаны 2 кезеңде іске асыру жоспарлануда.

Компания сондай-ақ, тікелей инвестицияларға қосымша мектептер мен ауруханалар салу, білім беруді қолдау, жаңа қазандықтар немесе жылу электр орталығын салу арқылы өңірлерді дамытуға ықпал етуді көздейді. Аталған жобаны іске асыру өңдеу өнеркәсібін дамытып, жаңартылатын энергия көздері жобалары үшін жабдық өндірісін өндіруге ықпал етеді. Сондай-ақ, көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтып, көмір пайдалануды төмендетеді және жұмыс орындары мен салық түсімдерін қамтамасыз етпек.

«Бір белдеу және бір жол» Қазақстан ұлттық сауда-экономикалық компаниясының өкілдері құрылыс жұмыстарын жандандырып, жел электр стансысын салуға ниетті екенін және бұл жобаларды жүзеге асыруға қомақты қаражат жұмсалатынын, сонымен бірге, Орталық Азия мемлекеттері ішінде сауда-саттық және транспорт жағынан қолайлы ел болып отырғанын, сол себепті аймақта логистикалық орталық ашуға да мүмкіндіктерінің зор екенін жеткізді.

Облыс басшысы өз кезегінде жалпы Қонаев қаласы мен аумағын дамытуда әртүрлі құрылыс жұмыстарының қарқын алатынын, көптеген өнеркәсіп орындарының салынатынын, ол үшін аймақта индустриалды аймақтардың бар екенін, осы негізде компания өкілдері ұсынған жобаларға қызығушылық танытып отырғанын, аталған жобалар сала қызметкерлерімен тағы бір мәрте пысықталып, нақтыланған соң қажетті жер телімдері қарастырылып, жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау көрсету бағытында ынтымақтастықта жұмыстар жүргізілетінін егжей-тегжейлі айтып, салаға жауапты тұлғаларға тапсырма жүктеді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы