АЛМАТЫ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТАРЫ ТУРИЗМ ТАҚЫРЫБЫНДА ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

Уақыты: 09.01.2023
Оқылды: 1021
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы және Түркістан облыстарының мамандары туризм саласын дамыту тақырыбында тәжірибе алмасты.

Осы мақсатта Алматы және Алматы облысының тәжірибелі мамандары Түркістанға келіп, қазіргі нарықтың жоғары сұранысына ие кәсіптерді киелі мекенде дамытуға бағыттарын көрсетуде.

"Біз Алматы қаласынан келдік. Пандемия кезінде ашылған болатынбыз. Медициналық бетперделер тіктік. Енді киелі Түркістанда өз бизнесімізді ашсақ деген жоспарымыз бар. Түркістан туристік аймақ болғандықтан келуші саяхатшылар өте көп. Сол себепті ұлттық салт-дәстүрімізді айқындайтын шапандарды ұсынамыз. Қыздарға, аналарға қазақтың оюымен көмкерілген керемет шапандарды мысалы Керуен сарай орталығында дүкен ашып саудаласақ, өңірдің салығына табыс түсіреміз деген ойдамыз", - деді BYQAZAQ орталығының дизайнері Мерует Жексебаева. Сондай-ақ, Алматы облысының туризм саласын талай жыл басқарған, қазіргі таңда өңірдің туризм саласын дамытуда жұмыс істеп жүрген Жанар Алшымбаева форумда арнайы спикер ретінде қатысып, тәжірибесімен бөлісті. 

"Туризмге бағытталған түрлі бағыт  бойынша бизнес идеяларымызды ұсындық. Оның ішінде глэмпинг, кемпинг, суды ем түрінде қабылдау, сафариды дамыту сынды идеялар да бар. Мысалы, глемпинг қазір дамып келеді. Түрлі дизайнде шатырларды құрып, демалушыларға визит орталық ашу мәселесі де қаралды. Ең бастысы, инвесторлар табылса болды. Біздің мамандар оны қалай дамытып, қалай жасау бойынша бағыт-бағдарын көрсетеді. Бұл жиынға Алматы облысындағы Ұйғыр ауданында ыстық су орталықтарын ашып отырған кәсіпкерлер де келіп, олар сол жақтағы бизнестерін осы Түркістанда да ашуды жоспарлауда. Ол жағы қаншалықты тиімді болады? Сол үшін мамандармен тәжірибе алмасудың маңызы зор", - деді Жанар Алшымбаева. 

Айта кетейік, жалпы киелі мекен Түркістанда соңғы жылда туризм саласы қарқынды дамуда. Түркістан облыстық туризм басқармасының мәліметінше, 2020-2022 жылдары Түркістан облысындағы туризмге бағытталған инвестицияның қаражаты 281 млрд.теңгеге жеткен. Ал жалпы өңірге былтыр 368 мыңға жуық турист келген. Жалпы, елімізде Үкіметтің қолдауымен туризмді қарқынды дамытуға бағытталған жерлер бар. Оның ішінде, Жетісу облысындағы Алакөл, тау кластері, Бурабай-Щучинск курорттық аймағы және Түркістан елді-мекені де бар.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"