ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ЖОСПАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 13.01.2023
Оқылды: 1586
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қонаев қаласында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының басым мәселелері талқыланды.

Кеңес барысында өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков және Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов баяндама жасады.

Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр Үкімет Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасында ұсынылған кең ауқымды реформаларды іске асыруға кіріскенін атап өтті. Оның айтуынша, жуық арада Ауылдық аумақтарды дамытудың 5 жылға арналған тұжырымдамасы қабылданады. Премьер-Министр әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша да ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті. Бұл бағытта «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жаңа ұлттық жобалары іске асырыла бастады. Атап айтқанда, 2026 жылға дейін облыста 68 мың орынға арналған 63 мектеп және 38 жаңа медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын ашу жоспарлануда. 

«Үш ауысымды оқыту мәселесін шешу үшін қосымша 9 мектеп салу қажет. Қаржы министрлігінде сыбайлас жемқорлыққа байланысты бюджеттен тыс қорымыз бар. Оған 120 млрд.теңге түсті. Әкімдік Оқу-ағарту министрлігіне қаражат бөлуге тиісті өтінім беру керек», – деді Әлихан Смайылов. Ол 2030 жылға дейін Алматы агломерациясын дамыту, сондай-ақ, Мемлекет басшысы қол қойған жаңа заң («Агломерацияларды дамыту туралы») аясында Алматы облысы мен Алматы қаласының дамуындағы теңгерімсіздікті жою бойынша кешенді жұмыс жүргізілетінін атап көрсетті. 

Әлихан Смайыловтың айтуынша, агломерация аймағында шикізаттық емес сектордың ірі кәсіпорындары шоғырланған. Премьер-Министр бүгінде облыстың инвестициялық портфелі құны 718 млрд теңгеден астам соманы құрайтын 134 жобаны қамтитынын атап өтті. Үкімет басшысы азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін делдалдық схемаларды анықтау бойынша өңірлік комиссиялардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету, заманауи көкөніс қоймаларын салу мен жаңғырту, сондай-ақ, басқа да реттеу және бақылау шараларын қолдану қажет екенін атап өтті.

Кеңесті қорытындылаған Премьер-Министр Қонаев қаласында және Жәпек батыр ауылының маңындағы кәріз-тазарту жүйелері жобалары бойынша дайындық жұмыстарын жүргізу, саяжай аумақтарындағы мәселелерді шешу бойынша жоспар әзірлеу және Қонаев қаласында политехникалық колледж салу мәселесін пысықтау, өңірдің ирригациялық жүйелерін және суару желілерін жаңарту қажет екенін жеткізді.

Облыс әкімдігінде Әлихан Смайылов Қонаев қаласын дамытудың бас жоспарымен, G4 City-ді одан әрі әзірлеу жобасымен және Талғар ауданы Ақдала ауылында тұрғын үй алаптарын салу жоспарымен танысты.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы