ТАЛДЫҚОРҒАНДА ҚАР ТАЗАЛАУ ЖҰМЫСЫМЕН 120 АДАМ АЙНАЛЫСАДЫ

Уақыты: 16.01.2023
Оқылды: 1579
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Биылғы қыс жылдағыға қарағанда қарлы келді. Соңғы 10 күн ішінде 3 рет қалың қар жауып, шытқыл аяз бетімізді қарыды. Әрине, осындай күндері қар тазалау жұмысының да қарқын алатыны анық. Бұрынғы жылдарға қарағанда биыл қар тазалау жұмысының да жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын көруге болады. Бұған техникалық базаның нығайғаны себеп.
Облыс орталығындағы негізгі көшелер мен саябақтарды «Талдықорған көркейту» ЖШС атқарады. 2018 жылы құрылып, содан бері қала тазалығы мен көркейту ісін жалғастырып келе жатқан мекеменің техникалық базасы нығайып, жұмысшылар саны артқан. Осындай мүмкіндік қысқы тазалық жұмыс кезінде де өзінің қуаттылығын көрсетуде:
– Алғаш құрылғанда қысқы қар тазалауда жұмысшылардың қол күшіне көбірек сүйенгендіктен қалың қар түскен күні тазалық пен қар шығару ісінде қиындық көп кездесетін. Қазір жағдайымыз жақсарды. Техникалық базамыз жыл өткен сайын жаңарып, қуаттанып келеді. Мекемемізде қар тазалауға арналған 12 қар күрейтін «КамАЗ», 16 сыпырғышы бар трактор, жол жиегін тазалауға арналған 6 шағын көлік, қар тиейтін 2 автоматты және 2  үш тіркемелі  көлік, қар тасуға арналған өзі көтеріп, төгетін 16 көлік бар. Техникалық базамен қатар адам күші де жеткілікті. Бүгінде қар тазалау жұмысымен 120 адам айналысады. 
Қар жауған күні оны тазалау мен сыртқа шығару тәулік бойы жүргізіледі. Қалған күндері жол жиегіндегі қарды тазалау жалғасады. Жол қауіпсіздігін кепілдендіру үшін арнайы құм-тұз себіледі. Жиналған қар қаланың шығыс және батыс, сондай-ақ, 7-ықшамауданы жағындағы арнайы белгіленген орынға төгіледі, – дейді «Талдықорған Көркейту» ЖШС директоры Владимир Қауысбеков.
Мекеме басшысының айтуынша, бүгінге дейін «қар тазалауға қатысты қиындық көрдік» деген бірде-бір шағым түспеген. Алайда, осы мекемеге қарасты емес жерлерде жүргіншілердің наразылығын тудырып жатқан жайттардың бар екенін жасырмаймыз. Бірақ «Көш жүре түзеледі» дегендей, азын-аулақ келеңсіздік уақыт өте дұрысталады деген сенімдеміз.

 

Қажет АНДАС,
Талдықорған қаласы