Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек

Уақыты: 09.04.2024
Оқылды: 319
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының белсенділері су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жіберіп, құтқару жұмыстарына атсалысуда.

Қордың Ақтөбе өкілдігінің басшысы Александр Мандрыкин өңірде төтенше жағдай режимінің жариялануын күтпей бірден іске кіріскен. Жағдайды объективті бағалай отырып, білікті эколог-инженер әріптестерімен бірге бөгеттер мен бекіністер салу үшін жұмыс тобын ұйымдастырды.

«Мен осы өңірде тұрамын және қауіпті аймақтарды жақсы білемін. Сондықтан біз тұрғын үйлерді үлкен судан қорғау үшін алдын ала қимылдап, өз күшімізбен бөгеттер тұрғыза бастадық. Жағдайдың күрделілігіне қарамастан, біз 50 үйдің 30-ын су тасқынынан құтқарып қалдық», - дейді ол.

Бұған дейін қор өкілдері су тасқыны салдарынан қиын жағдайға тап болған қазақстандықтардың атына өздерінің бір күндік жалақыларын аударған болатын.

Қордың Атырау облысындағы өкілдігінің басшысы Алена Асамбаеваның айтуынша, Жайық өзенінің жағалауын бөгеу үшін құм салынған қапшықтар қажет. Осы күндері мұндай қорғаныс әдісі Атыраудың 20 учаскесінде, сондай-ақ қала маңында бір мезетте жүргізілуде. Тіпті түнде де тоқтамайды. Облыс тұрғындары өз қаражаттарына қаптар, күректер, қолғаптар және жанармай сатып алуда.

«Қордың өңірлік өкілдігі «Атырау еріктілері» чатын ашты. Қазір оның 1023 қатысушысы бар. Чат арқылы қала еріктілері бір-біріне қажетті заттар мен жабдықтарды сатып алуға көмектеседі, бұл чатқа жақын маңдағы елді мекендерден бөгет салып беруге көмек сұрап та жазып жатыр. Бұл іске әйелдер қауымдастықтары мен үкіметтік емес сектор өкілдері де қосылып, еріктілерге ыстық тамақ тарату таратып жатыр», - дейді қор белсендісі Алена Асамбаева.

Қазақстанның барлық өңірлерінде «Әділдік және Өркендеу» қорының қоғамдық қабылдаулары жұмыс істейді. Су тасқыны кезінде қордың аймақтағы қызметкерлері гуманитарлық көмек жинау және тарату, еріктілердің жұмысын үйлестіру функцияларын атқарады. Әр азамат қордың өкілдігіне көмек үшін жүгіне алады немесе елді мекендерді тезірек қалпына келтіруге қор арқылы өз үлесін қоса алады.

Алдағы күндері бірден бірнеше өңірде өзендерде су көлемі ұлғаяды деген болжам бар. «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының өкілдері су тасқынына қарсы және оның зардабымен күресіп, бөгет пен бекіністер салу, сондай-ақ мұқтаж жандарға көмек көрсету жөніндегі ауқымды әрі маңызды істерін жалғастыра береді.

"Жетісу-Ақпарат"