Бүлдіршіндерді қуантқан көрме

Уақыты: 03.03.2018
Оқылды: 4023
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазіргі жаһандану заманында бүлдіршіндерімізге ұлттық тұрғыда тәрбие берудің маңызы зор. Ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрімізді бойына сіңіру арқылы отансүйгіш, ұлтының өткен тарихына құрметпен қарайтын жас ұрпақ тәрбиелей аламыз. Осыған орай Талдықорған қаласындағы №14 «Айбөбек» бөбекжай-бақшасында «Қазақ халқының қолөнері» атты көрме өтті. 

Көрменің мақсаты – балаларды қазақ халқының қолөнер үлгілерімен таныстыра отырып, оны қастерлеуге, үлгі тұтуға үйрету. Көрмеге балабақшадағы барлық 15 топ қатысып, белсенділік танытты. Атап айтсақ, «Көгершін», «Қуаныш», «Қызғалдақ», «Құлыншақ», және «Балапан» топтары ата-аналармен бірігіп ағаш пен былғарыдан жасалған астау, ожау, тарақ, сандық сияқты тұрмыстық құрал-жабдықтарды көрмеге қойды. «Қуыршақ» «Ақбота» топтары қазақтың ұлттық аспаптарына жете көңіл бөлді. 
Зинагүл Тілеубаева мен Халамхан Бердіжан жетекшілік ететін «Күншуақ» тобының көрмедегі бұрышын да ерекше атап өтуге болады. Онда ата-бабаларымыздың көшпенділік өмірі бейнеленген қолөнер туындылары ұсынылған. Ал «Балбөбек» және «Айгөлек» топтары қазақтың ұлтық киім-кешектерін көрсетсе, тәрбиешілер Меруерт Малғаждар мен Альбина Мұхаметқалиеваның «Балдырған» тобы алқа, білезіктермен көрмені әрлей түсті. «Еркетай» тобы болса фетр матасынан тігілген түрлі түсті оюлы сөмкелерді балалар назарына ұсынды. Сонымен қатар «Бөбек» пен «Қарлығаш» тобы арнайы лэпбуктар дайындапты. Халқымыздың әдеп-ғұрпынан ақпарат беретін бұл лэпбуктарды сабаққа да пайдалануға болатындығы қуантты. Кішігірім қазақ үй тігіп, алтыбақан орнатқан «Гүлдер» тобының көрмесі де көпшілік назарына ілінді. 
Осынау көрмені ұйымдастыруға балабақша меңгерушісі Светлана Смағұлова, әдіскерлер Гүлжан Назарбаева, Сәуле Самылтырова мұрындық болды. Ал, көрменің айрықша өтуіне атсалысқан тәрбиешілер қатарында Гүлфайра Жүсіпова, Құралай Бердіғұлова, Қарлығаш Әлімғазина, Индира Есқожина, Назигүл Тахан, Бақыт Бозтаева, Бақытгүл Қалибаева, Анна Абрюкина, Лаура Мамырбекқызы, Айгерім Авалканова, Гүлназ Дайыржан, Айгүл Уақбаева, Гүлназ Сейдахметова, Айнұр Жұртбаева, Гүлназ Сурамбекова, Гүлназ Дарханова, Назерке Тоғызбасова, Эльмира Кущегулова, Жанна Құдабаева, Айгерім Жұматаевалардың есімін атай кеткен орынды. 
Тәрбиешілер тарапынан  көрмеге қойылған әр бұйым балаларға таныстырылып, халқымыздың тарихына да шолу жасалды. Шара соңында халық әндері орындалып, балалар ханталапай ойынын  ойнады.

Алуа Дамренова,
Бақыт Шоранова,
№14 «Айбөбек» бөбекжай бақшасының тәрбиешілері
Талдықорған