Жергілікті биліктің су тасқынына әлсіз әзірленгені – осындай салдарға әкеліп соқты – Заитов

Уақыты: 17.04.2024
Оқылды: 320
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгінгі мәжілістің жалпы отырысында "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Ринат Заитов премьер-министр Олжас Бектеновке Құлсары қаласындағы су тасқыны жағдайы бойынша депутаттық сауал жолдады.

Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

"Тосыннан келген топан суды қанша жерден табиғи құбылыс десек те, апатқа кінәлі адами салғырттықтар да бар. Дәлелімен айтсақ, Атырау облысы мен Құлсары қаласының маңынан заңсыз салынған су бөгеттері, жергілікті биліктің көктемгі су тасқынына әлсіз әзірленгені, сын сағатта абдыраған жұрттың әрекетін үйлестіре алмауы да осындай салдарға әкеліп соқты", - деді парламент мәжілісінің депутаты Заитов.

Оның айтуынша жауапкершіліктен қашып, жұмысты бір-біріне сілтеп отыратын салғырт қызметкерлер мен жергілікті ірі компаниялар жазалануы тиіс.

“Жергілікті билік пен жауапты министрліктер оған дейін дабыл қаққан әріптестерім Дүйсенбай Тұрғанов, Бақытжан  Базарбек Жылой аудандық мәслихатының депутаты Сырымбек Сәрсенбаевтардың депутаттық сауалдарына бей-жәй қарағаны да бұл апаттың бір себебі деуге әбден болады”,-деді Ринат Заитов.

Апат салдарынан зардап шеккен халық өз шығындарының қалай есептеліп, қалай өтелетінін әлі толық білмейді, өйткені, шаралардың нақты алгоритмі жасалмаған. Комиссия қалай құрылып, қалай жұмыс жасайтыны жайлы халыққа дұрыс хабарланбаған. 

"Апат болған аймақтардың тұрғындарына уақытша несиелік каникул қарастыруды сұраймыз. Сонымен қатар, баспанасынан айырылған азаматтарды оңтайлы орналастыруды жеделдету керек", - деп қорытындылады депутаттық сауалын Ринат Заитов.

Депутат  комиссия жұмысын жеңілдетіп, халықпен тікелей байланыстыру мақсатында оның құрамына ел сеніміне ие болған жергілікті белсенді азаматтарды қосу керек деп есептейді.

“Абай мен Қостанайда болған отты опатта да, бүгінгі болып жатқан топан су топалаңында да Қазақстан халқы өзінің бағалы бірлігі мен темірдей төзімін танытты. Міне, осы төзім мен бірліктің арқасында біз бәріміз бұрынғы биліктің жақтастары жасаған қастандықты да, мемлекет тұтастығын бұзғысы келетін сайқал саясаттарын да іске асыруға жол бермей келеміз”, – деген депутат  ендігі кезекте арсыз арандатудың жетегінде кетпей, жұдырықтай жұмылып, тәуелсіздікті сақтау жолында малын да, жанын да құрбан етіп жатқан, халықтың талап-тілегі тиісті деңгейде орындалатынына үміт білдірді. 

 

Фото: Мәжіліс