ТУРИЗМ ТАҚЫРЫБЫН ҚАУЗАДЫ

Уақыты: 19.08.2018
Оқылды: 1461
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жаңа оқу жылына санаулы күн қалды. Ұстаздар қауымы өткенді саралап, келер күннің еншісіндегі жұмыстарды пысықтау үшін тамыз кеңесінде бас қосады. Осыған орай «Дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындығы және қосымша білім берудің ғылыми тәжірибелік орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен  Текелі қаласында қосымша білім беретін педагогикалық жұмыскерлердің секциялық отырысы өтті.

Облыстың аудан, қалаларынан жиналған мамандар қосымша білім беруде балалар мен жасөспірімдер туризмін және өлкетануды дамытуды іске асырудағы жаңа амалдар тақырыбын қаузады. Алдымен олар Текелі қаласындағы балалар мен жасөспірімдердің туристік және өлкетану орталығында болып, жасанды рельефтегі жартасқа өрмелеу құрылғысымен, өлкетану секциясының жұмысымен танысты. Орталық директорының орынбасары Лариса Саржевская 2015 жылы іргесі қаланған орталықтың жұмыс тәжірибесі, жетістіктері мен жаңашылдықтары туралы тарқатып айтты. Мұнда бүгінгі таңда өлкетану, спорт және туризм бағыттарындағы 12 үйірмеде 270 оқушы тәлім алуда.  Оларды 12 педагог баулып, жаттықтырады. Соңғы үш жылда орталықтан 12 спорт шеберлігіне үміткер шықты. 
Бұдан кейін секция отырысы №8 орта мектебінде жалғасып, туризм мен өлкетану бағытында жұмыс істеп жүрген педагогтар бұл бағыттың білім мен тәрбиенің маңызды құралы екенін дәйектеп, нормативтік-құқықтық актілер, өлкетануды дамытудың тұжырымдамалық негіздері, Жетісу өңірінде экскурсия өткізетін мамандар даярлау, облыстағы балалар мен жасөспірімдер туризмінің даму келешегі, экологиялық өлкетанудың ғылыми-педагогикалық негіздері туралы ой толғап, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. 
Жиынға қатысушылар ұзындығы 30 шақырымнан асатын ең ұзын Қонаев көшесінің бойымен саяхат жасап, қаланың құрылуына негіз болған Текелі кенді қайта өңдеу кешенін, жабылған шахталарды, жапонның әскери тұтқындары жерленген орынды көрді, Текелінің тарихына қанықты.

Өз тілшіміз