ЖАҢА АУДАННЫҢ ЖАҢАЛЫҒЫ

Уақыты: 19.08.2018
Оқылды: 1425
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Райымбек ауданындағы орталық саябақта үлкен қуаныш болды. Аталған шараға ауыл тұрғындары мен кішкентай бүлдіршіндер жиналды. Демеушілердің көмегімен аз уақытта салынған балаларға арналған ойын алаңына жаңа жасанды төсеніштер төселіп, әртүрлі әткеншектермен толықты. Енді бүлдіршіндерге алаңсыз ойын ойнауға, уақыттарын тиімді әрі қауіпсіз өткізуге зор мүмкіндік туды.

Мұндай мүмкіндікті жасап берген «МаксДорстройСервис-21» ЖШС екенін айта кетейік. Қуанышты шараға Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Думан Төреханов, «МаксДорстройСервис-21» ЖШС директорының орынбасары Габил Имандинұлы келді. Сондай-ақ, Райымбек ауданы әкімінің орынбасары С. Сатылғанов, зейнеткер, еңбек ардагері Н. Қабылбеков, Нарынқол ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы  Қ. Ахметов қонақтармен бірге балалар алаңының лентасын қиды.
Шарада Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Самат Сатылғанов сөз алып, ауыл жұртшылығын қуаныштарымен құттықтады.
– Құрметті аудан тұрғындары! Өздеріңізге белгілі, биыл көктемде Райымбек ауданының орталығы Елбасы Жарлығымен Нарынқол ауылына көшіп келіп, қайта құрылған еді. Облыс әкімі Амандық Баталовтың өзі қатысқан жиын-шарада барлық аудандардың басшылары жаңа құрылған Райымбек ауданына көрсететін көмектерін атап өткен еді. Солардың алғашқысы болып Панфилов ауданы кереметтей балалар алаңын салып берумен бізді қуантып отыр, – деді өз сөзінде.
Салтанатты шарада бүгінгі қуанышқа себепкер болып отырған  «МаксДорстройСервис-21» ЖШС құрылыс бірлестігінің директоры Александр Скораподскийге, құрылыс бригадирі Асан Әнуарұлына балалар саябағын жаңғыртып, іске қосып, бүлдіршіндерге қуаныш сыйлағаны үшін аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Өз кезегінде Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Думан Төреханов көршілес жатқан Райымбек ауданының тұрғындарына қолдан келер  көмектерін аямайтынын жеткізді. Екі-үш жылда адам танымастай көркейіп-көріктене түсетін ауданның алдағы үлкен қуаныштарына қайда жүрсе де тілеулес-тілектес болатынын айтты.
Салтанатты шарада райымбектіктер Панфилов ауданы әкімінің орынбасарына, «МаксДорстройСервис-21» ЖШС директорының орынбасарына қазақы салтпен иықтарына шапан жауып, құрмет көрсетті. Сонымен қатар, құрылыс компаниясының өкілдері өздерімен ала келген арнайы сыйлықтарын облыстық мәслихаттың депутаты Бекболат Бірбаевқа табыстап, аудан үшін атқарып жатқан жұмысына толайым табыс тіледі.

С. Мурасилов
Нарынқол ауылы,
Райымбек ауданы