Ұлы Дала еліне саяхат

Уақыты: 25.08.2018
Оқылды: 1088
Бөлім: КҮНДЕРЕК
Осындай атау аясында еліміздің бас қаласынан ауқымды экспедиция жолға шыққан болатын. Көлік керуенінің құрамы кәсіби, тәжірибелі саяхатшылар, журналистер, блогерлер, депутаттар және медиа тұлғалардан, жалпы жиыны 140 адамнан құралған. Саяхатты ұйымдастырушы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының мәліметі бойынша, 3 айға жалғасатын уақыт аралығында кәсіби мамандардан құралған топ еліміздің ең қызықты жерлерін аралап, олар туралы қазақстандық және шетелдік туристерге баяндайтын болады. Сапар картасы алдын ала айқындалған алты бағыт бойынша жүзеге асуда.
Ауқымды жобаның «Жоңғар Алатауы» бағыты бойынша экспедиция тобы Сарқан ауданына келді. Сапарға қатысушылар Алматы облысының көркем табиғатына көз тойдырып, бірқатар киелі жерлерін аралап үлгерген. Экспедиция құрамында телевизия журналистері, туроператорлардың өкілдері, шетелдік және қазақстандық тревел-блогерлер бар. Швейцариялық фотограф-пейзажшы Кай Гроссманн, британ саяхатшысы әрі фотограф Джэк Хардин, қазақстандық тревел-блогер Андрей Кулагин аудандық әкімдіктің мәжіліс залында арнайы ұйымдастырылған баспасөз жиыны барысында шараның басты мақсаты турасында жиналғандарды хабардар етіп, өз әсерлерімен бөлісті. Әсіресе, меймандардың өзгеше таңданыстарын Бұрқанбұлақ, Айғайқұм қатарлы табиғат тартулары тудырған. Көптеген шақырымды артқа тастаған жоба қатысушылары көл мен шөлді, тау мен тасты, бір сөзбен айтқанда, тұмса табиғаттың небір әсем суретке сұранған жерлерін көңілдеріне қондырған. Кезекті бағыт «Жоңғар Алатауы» да қызыққа толы боларына сенімді.  Мұнан соң меймандар қойылған сауалдарға жауап беріп, жолға шықты.  Жоба Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты туризм индустриясы комитетінің тапсырысы бойынша Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай жүзеге асырылғандығын айта кеткеніміз жөн.
 
П. Жеңісхан
Сарқан ауданы