ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫН ОБЛЫС АКТИВІ ТЫҢДАДЫ

Уақыты: 05.10.2018
Оқылды: 985
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Елбасының дәстүрлі Жолдауын Алматы облысының активі тыңдады. Облыстық әкімдіктің үлкен залына жиналған жергілікті билік пен әр саланың жауапты өкілдері Президенттің кезекті Жолдауын тікелей эфирде көрді. Жолдауда қазіргі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы сараланып, келер жылға жоспарлар құрылып, министрліктерге нақты тапсырмалар берілді.

Жолдауды тыңдау шарасына облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов, облыстық басқармалар мен департамент басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері  қатысты. Биылғы Жолдау халықтың әлеуметтік ахуалын арттыруға арналды. Нарықтағы бағаның өсуіне ықпал етіп отырған монополистердің жұмысын құзырлы органдарға тексеруді тапсырған Мемлекет басшысы еліміздің өркендеуі жолында ауылшаруашылығы, экономика, құрылыс сынды салалардың жұмысын жандандыру керектігін ескертті. Сонымен қатар, білім беру саласында, онда да мектеп пен балабақшада білім берудің мүмкіндіктерін жетілдіруді, әсіресе, үш ауысымдағы мектептерді жойып, шалғай елді мекендерге оқу орындарын салуды Үкіметке тапсырды. Жолдауда ұстаздар қауымын сан түрлі тапсырмалардан босатуды, соған сай мұғалімдер сабақ беруге дайындалуы тиіс екендігін айтып өтті. Одан бөлек, еліміздегі ЖОО-ларды ірілендіру заман талабынан туындап отырғанын еске салған Елбасы шет мемлекеттердің алдыңғы қатарлы университеттерімен тәжірибелік, теориялық байланысты нығайту қажеттігін алға тартты. Сөз соңында Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады.

Мәди АЛЖАНБАЙ