БҮГІН - ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕСЕПШІЛЕР КҮНІ

Уақыты: 10.11.2018
Оқылды: 4821
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қай ұжымда да есепшілердің еңбегі ерен. Ай бойы төккен теріміздің өтеуі ретінде банктегі есепшотымызға жалақы түсіретін де, іссапарға шығып жатсақ, қалтамызға тиісті қаржыны салып беретін де солар. Ал мемлекеттік мереке күндері жақындағанда сыйақыны сарғая күтіп, тағы да есеп-қисап бөліміне үмітпен қарап отырамыз. Қаржыдан тапшылық көріп, айдың бел ортасында аванс аларда есепшілердің әр әрекетіне басымызды иіп, еңбектеріне алғыс білдіретініміз тағы рас.

Бүгін жалақы мен сыйақы күтіп жүргендерге орайлы сәт туып тұр. Өйткені, бүгін - Халықаралық есепшілер күні. Ұжымыңыздың есеп-қисап бөлімінде отыратын әріптестеріңізді шын жүректен құттықтап, телефон соғып қойыңыз немесе смс-хабарлама жіберіңіз. Әлеуметтік желіні пайдаланып, жылы сөздеріңізді арнаңыз. Кім біледі, бәлкім, ҚР Тұңғыш Президенті, Тәуелсіздік күндері келе жатыр, есепшотыңызға сыйақы түсірер. Айта кетейік, бұл мереке бухгалтерияға арналған әлемдегі алғашқы кітаптың баспадан шығарылуына байланысты тойланады. 1494 жылы Лука Пачиоли Венецияда «Арифметика, геометрия және пропорция туралы мағлұматтар» атты кітабын шығарып, соның бір тарауын бухгалтерияға арнаған еді. Содан бері әлем есепшілері осы күнді өздерінің төл мерекелері ретінде атап өтеді.

Осы орайда Алматы облыстық "Жетісу" және "Огни Алатау" газеттерінің меншік иесі "Өлке тынысы" ЖШС бас есепшісі Рита Мұсаханованы, есепшілер Гүзәл Бекназарова мен Гүлнар Иманбаеваны Халықаралық есепшілер күнімен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілейміз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"