Ақ күріш – Балқаш ауданының байлығы. Осы тұрғыда аудан диқандары жаз бойы күтіп-баптап өсірген ақ маржанды төкпей-шашпай жинап, уақытылы қамбаға құйып алудың қамына кірісіп те кетті. Мол өнім жинауда бар күшін жұмсап жатқан шаруалардың бүгінгі еңбектері ерен деуге лайық.
Күріш орағын қыздырып жатқан техникалардың дүбірі алыстан естіледі. Егінжай төсіндегі тынымсыз еңбекті көзбен көріп, зерделеу мақсатында Балқаш ауданының әкімі Ғалым Тоқпейісов өңірдегі «Тамшыбұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күріш алқабына барды. Алқап басында аталмыш шаруашылықтың басшысы Мұстафа Қалиев атқарып жатқан жұмыстарын әңгімелеп, күріш орағының қызу жүріп жатқанын көрсетті. Шынында да жұмыс қарқыны көз сүйсіндіреді. Теңіз толқынындай толқыған ақ маржанды оруға кіріскен «Макдон» маркалы комбайны дала төсін дүбірге бөлеуде. Бітік өскен күріштер де дестеге түсіп жатыр. Ғалым Қасымұлы күріштің өнімділігіне назар аудара отырып, алқапқа көз жүгіртті. Сол жерде тапсырма жүктеп, өнімді күзгі жауын-шашынға ұрындырмай жинап алуды және жұмыс қарқынын арттыруды міндеттеді.
Күріш орағына шаруашылықтағы барлық техника жұмылдырылыпты. Бұдан соң аудан басшысы шаруашылықтың қырманына да барды. Онда қызу еңбек жүріп жатты. Тау-тау болып үйілген өнім қамбаға құйылуда. Тұқым мәселесіне жіті көңіл бөлген аудан басшысы қамбаға құйылған тұқымға көңіл аударып, сапалы тұқыммен ғана жақсы өнімге қол жеткізуге болатынын еске салды. Жалпы, биыл аудан бойынша 8861 гектар жерге күріш егілді. Бұл дақылға орақ салған диқандар қазір егіс алқабының 3500 гектарын дестелесе, 2042 гектарын бастырып та үлгерді. Оның өнімділігі әр гектардан 40 центнерден айналуда. Күріш орағына 90 комбайн жұмылдырылған. Оның 30-ы дестелесе, 60-ы астық бастыруға арналған. Техникалар жанар-жағармаймен де толық қамтамасыз етіліпті. Қосалқы бөлшектер де жетеді.
К. ЕРБАЕВ.
Балқаш ауданы.