Қызылша қабылдау басталды

Уақыты: 21.09.2017
Оқылды: 1669
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ауылдықтар асыға күткен мезгіл де келді. Бұл уақыт шаруалардың жаз бойы күтіп-баптап өсіргендерін жинап, еңбек жемісіне кенелетін берекелі де мерекелі шақтарының бірі. Қант қызылшасын өсіруге ден қойған диқандар да күздің әр күнін қалт жібермей, науқандық жұмыстарды қыздыруда. Осы ретте Көксу қант зауытының ұжымы да өз жұмысына кірісіп, бағалы дақылдың алғашқы өнімдерін қабылдай бастады.

Осы мәселеге орай арнайы ұйымдастырылған салтанатта мерекелік лента қиылып, қызылша өсірушілер атынан жақсы лебіздер айтылды. Жаз бойы бел жазбай еңбек етіп, тер төккен шаруаларды құттықтау үшін арнайы келген облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Сексембай Бекішов ақ тілегін жеткізіп, істеріне сәттілік тіледі. 
– Көксу қант зауыты қант қызылшасын қабылдауға дайын. Ол үшін барлық жағдай жасалып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құрылғылар да талапқа сай жаңаланды. Енді зауыттың күніне төрт мың тонна өнім қабылдауға мүмкіндігі жетеді. Десек те, әр жұмыстың өзіне тән қиындығы болады. Сондықтан оған мойымай, өндірген өнімдеріңіздің жемісін көріңіздер, – деді басқарма басшысы. 
Мұндай жақсы пікірлерге сала мамандары да қосылды. Біз барған сәтте пункт алаңында Қапшағай, Көксу, Ескелді аудандарынан келген қызылша тиеген көліктер өз кезектерін күтіп тұрды. Тіркемелеріндегі дақылдың ірілігі жиналғандардың назарын бірден аударды. Соған орай, салмағы да ауыр көрінді. Ал қызылша қанттылығы әзірге он төрт пайыз. Мамандар бұл көрсеткіштің суық түскенше әлі де көтерілетінін айтады. 
Сол жерде қызылша өсірушілерді әңгімеге тартып, осы мәселе бойынша атқарылған жұмыстар жайлы сұрап, білген едік. Олардың айтуынша, биылғы өнім шығымдылығы жаман болмапты. Жоғары өнім алуға тұқым сапалылығы да оң әсерін тигізген. Бір сөзбен айтқанда, бағалы дақылды жер бетіне шыққаннан бастап арамшөптерден тазарту, қажетті тыңайтқыштармен қоректендіру, күтіп-баптау, техникалармен, оған қажетті жанар-жағармаймен қамтамасыз ету сияқты шаруалар рет-ретімен жүргізілген. Субсидиясы өз алдына. Міне, осының бәрі ойдағыдай өнім алуға айтарлықтай ықпал етуде.
– Биыл облыс бойынша үш жүз елу мың тонна тәтті түбір жиналады деген болжам бар. Соның жүз мың тоннасы Ақсу қант зауытына, қалғаны Көксу зауытына қабылданады. Көктемнің жай шығуына байланысты биыл қызылша он-он бес күнге жай себілді. Алқаптарға француздық, отандық және неміс тұқымдары отырғызылды. Оның үстіне жаздың аптап ыстығы да оңай тиген жоқ. Соған қарамастан, барлық агротехникалық шаралар уақытылы атқарылып, іс оң нәтижесін көрсетіп жатыр. Алда отыз бес, қырық күн ішінде өнімді төкпей-шашпай жинап алу міндеті тұр. Қызылша жинауға қырық бес комбайн қызмет көрсетеді. Соның отызға жуығы «Франц Кляйне», «Гримм» сияқты қуатты комбайндар. Тоғыз мың гектар алқаптағы тәтті түбірдің жетпіс бес пайызы осы техникалардың күшімен жиналатын болады, – дейді қант қызылшасы жөніндегі сарапшы Абулхайыр Бексұлтанов. 
Қапшағай қаласына қарасты Шеңгелді ауылынан келген «Есен-Аман» шаруа қожалығының басшысы Иманғали Игисеновтың сөзінше, биыл олар алғаш рет қант қызылшасын егіпті. Барлығы жиырма гектар жерге отырғызылған тәтті түбірден мың тонна өнім алынады деп жоспарлап отыр. Гектар берекелілігі де, қанттылығы да жаман емес. Зауытқа елу тоннадан аса қызылша әкеліпті. Шаруашылық басшысы бұл Үкімет қолдауының арқасында жеткен жетістік екендігін атап өтіп, бұл дақылды алдағы уақытта да егіп, өсіруге ынталы екендіктерін айтады. Бірақ, қапшағайлық шаруаларды су мәселесі қинайтын көрінеді. «АгроСервис ҚанТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сервистік дайындау орталығының басшысы Гүлжамила Бекиева науқандық жұмыстарды еш кедергісіз орындау үшін жиырма техниканың сақадай сай жұмыс атқарып тұрғанын және олардың жаңа екендігін алға тартты. 
Облыс бойынша қызылшаның биылғы  егіс көлемі тоғыз мың гектарды құрайды. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда қызылша егу көлемі біршама артты. Қазіргі кезде межелі міндеттің үдесінен шығып, жұмысты абыроймен атқаруды мақсат тұтқан сала мамандарымен қатар облыс, аудан басшылары да бұл іске үлкен көңіл бөліп отыр. Ауыл еңбеккерлері Жер-Ананың берген сыйын дер кезінде ысырап етпей жинап алу қамымен жұмысқа қызу кірісті.


А. БАЙЖҰМАҚЫЗЫ.
Көксу ауданы.