Энергетиктердің жеңісі

Уақыты: 28.09.2017
Оқылды: 1873
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ел игілігі үшін энергетиктердің кәсіби шеберлігін шыңдап, сала жұмысының сапасын арттыру қажет. Осы мақсатта электр қуатын тарату тораптары оперативтік жөндеу бригадалары арасында жыл сайын өткізіліп келе жатқан байқау биыл Қызылорда облысында өтті. 

Қазақстанның он облысынан келген озық командалар қатысқан дүбірлі додаға  біздің облыстың таңдаулы ұжымдары да өз мамандарын баптады. Нәтижесінде, былтырғы байқауда жеңіс тұғырына көтерілген қарасайлық энергетиктер биыл да басқаларынан басым түсіп, бас бәйге – бірінші орын мен «УАЗ Патриот» жол таңдамайтын автокөлігін  олжалады.
Аталған команданы Қарасай аудандық электр жүйесі тораптарының бас инженері Қайыпберген Мұратбаев бастап барды. Құрама сапында ойнаған Әділхан Сейдалиев, Алмас Мамаев, Бекбол Әбдікәрімов, Әділет Тәшкенбаев сынды өз кәсібінің шеберлері өрнекті ойынымен өзге үміткерлердің жеңіске деген үмітін үзгені рас. Соның ішінде Әділхан Сейдалиев барша қатысушылар арасынан оза шауып, «Үздік шебер» атағын жеңіп алуы да үлкен жетістік.
Жеті кезеңнен тұратын энергетиктер бәсекесі төрт күнге созылды. Біріншісінде мамандар білім дәрежесін анықтайтын емтихан тапсырса, екіншісінде жазатайым тоққа түскен адамға көмектесіп, жанын арашалау амалдарын ұйымдастырды. Ал қалғандары электр жүйесінде орын алып жататын түрлі тосын жайттарға қатысты өрбіді. Сөйтіп, жаңа құралдарды, арнайы техникаларды пайдалана отырып, халықты электр қуатымен қамтамасыз етудің сапасын арттыру шеберліктері таразыға түсті.  
Күні кеше өлке абыройын асқақтатып келген команданы «Алатау жарық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Мұхит Үмбетов бастаған аудандық электр жүйелері торабының ұжымы салтанатты жағдайда қарсы алды. Жұртшылық алдында жылы лебізін білдіріп, жеңімпаздарды құттықтаған  Мұхит Әбікенұлы ел экономикасының дамуын энергетика саласынсыз елестетуге болмайтынын тілге тиек етті. Сонымен бірге, мұндай республикалық оқу-жаттығуларды өткізіп тұру елді қуат көзімен қамтамасыз ету мүмкіндігін арттырып, электр энергиясының шығынын азайтуға  және инвестициялар тарту мен қызмет сапасын жақсартуға жол ашатынын жеткізді.
– Бұл біздің осындай жарыстардан ұтып алған оныншы көлігіміз, – дейді мекеменің бас инженері Қайыпберген Мұратбаев. – Әрине, жеңіс оңай келе қойған жоқ.  Командалардың барлығы өз ісін жетік білетін, таңдаулы мамандардан құралған. Әсіресе, Талдықорған, Шымкент қалаларының, Шығыс Қазақстан облысының командалары мықты қарсылас болды. Алайда біздің жігіттер өздерінің шеберлігі мен біліктіліктерін, жеңіске деген ерік-жігерін анық байқатты. Тағы бір айта кетерлігі, біздің командалық киіміміз де өте әдемі әрі сапалы болды. Бұл да бізді жеңіске бір табан жақындата түсті деп ойлаймын. Осы орайда, жарысқа жақсы дайындықпен баруымызға жәрдемдесіп, қолдау көрсеткен Мұхит Әбікенұлына және аудандық электр жүйесі торабының басшысы Ерлан Момбаев пен оның орынбасары Серік Тұралиевке  айтар алғысымыз шексіз.

Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы.