Еліміздің түкпір-түкпірі, барлық ауыл-аймақ ғаламтор желісімен қамтылмақ. Бұл болашақтың емес, бүгіннің ісі. 1700 ауылдың тұрғындары ғаламторға қол жеткізбек. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев өткізген селекторлық жиында айтылды. Ауылдық жерлердегі білім беру және денсаулық сақтау нысандарын кең жолақты ғаламтор желісімен қамтамасыз ету бойынша өткен Үкімет отырысына онлайн-режимде облыс әкімі Амандық Баталовта қатысты.
Алғашқы болып сөз алған Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев ауыл-аймақтарды жоғары жылдамдықты ғаламтормен қамту жайын толық түсіндірді. «Цифрлы Қазақстан» жобасының аясында біраз жұмыстар атқару арқылы аталмыш тақырыпты шешу жолын да айтып өтті. Екінші болып сөз алған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ғаламтормен қамту барысында бюджетке біржолғы жүктемесіз мемлекеттік жекеменшік әріптестік қағидасын пайдалану туралы шешім қабылдағанын көпшілікке жеткізді. Бұл үшін сервистік келісімшарт моделін ұзақ мерзімді сатып алу таңдалған. Конкурсты жеңіп алған инвестор тоқсан сайын желілерді іске қосып, 1800-ге жуық ауылды жылдам желімен қамтамасыз етеді. Бұл жүйе үш жыл ішінде жүзеге аспақ. Сол арқылы мемлекет 14 жыл ішінде қызметтердің кепілдендірілген сатып алуын қамтамасыз етеді деп күтілуде. Үшінші сөз кезегі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке бұйырып, ол бүгінде цифрлы оқытудың ел мектептерінің басым бөлігіне қол жетімділігін айтып өтті. Сондай-ақ, аталмыш ресурстың ішіне 80 мыңнан астам материал, үш тілдегі интерактивті және мультимедиялық сабақтар және бейнекөріністер бар екендігінен хабар берді.
– Аталмыш ресурстар оқу процесін дамытпақ. Бірақ ол үшін жоғары жылдамдықты ғаламтордың керегі анық. Ал бүгінгі таңда секундына 4 мегабитпен таралатын кең жолақты желімен 98 пайыз мектептің тек 34 пайызы қамтылған. Сондықтан бұл жобаны іске асыру білім деңгейін көтермек, – деп сөзін қортындылады Ерлан Сағадиев. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ауылдық елді мекендерде ғаламторға қолжетімділік мәселесінің бар екенін мәлімдеді. Оның айтуы бойынша елімізде жалпы саны 166 аудандық және ауылдық емхана бар. Соның 85 пайызы желімен қамтылған, дегенмен, 50-ден 800-ге дейін тұрғыны бар елді мекендерде медпункттердің желіге қосылуы 4 пайызды ғана құрайды.
Кең жолақты ғаламторға 1700 нысанды қосу жоспарға қойылған. Осыған орай байланыстың басқа да тәсілдерін, телефон операторлары қызметтерін қолдану көзделген. Осы тақырып бойынша сөз алған «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов ғаламторға байланысты баяндамаларын таныстырды.
Ай ниса.