Шаруасы шалқыған ферма

Уақыты: 03.01.2018
Оқылды: 1746
Бөлім: ЭКОНОМИКА
Танымал тағамтанушы Төрегелді Шармановтың бастамасымен іргесі қаланған балалар ағзасына аса пайдалы сүт өнімдерін өндіретін «Амиран» сүт зауытын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында Нұра ауылдық округіне қарасты Қаратоған ауылынан «Амиран Агро» сүт фермасының құрылғанына бес жылға жуықтады. Елбасының тәуелсіз елімізді дамыған 30 елдің қатарына қосу саясатын жүзеге асыруда индустриалды-инновациялық бағдарламалар аясында іске қосылған кәсіпорындар жұмысының жандануы аса маңызды. Бұл орайда, «Амиран» сүт зауытының өнімдері жоғары сұранысқа ие. Зауыт қуаттылығын толыққанды жүзеге асыруға таяп келеді. Зауыттың кідіріссіз жұмыс істеуі аталған сүт фермасына тікелей байланысты.

– Фермада сүт бағытындағы 1400 ірі қара бар. Оның 800-і сауын сиыр. Канададан алынған голштино-фризско тұқымдас бұл сиырлардың сүті мол болады. Зауыттың басты мақсаты – химиялық қоспасыз, консервантсыз, табиғи таза өнім өндіру. Сондықтан америкалық технологияға негізделген зауыт өнімі елімізде 1-орында тұрғандығын атау керек. Мұндай жоғары сапаға қол жеткізу үшін сүт беретін сиырдың азықтануы мен күтімі басты назарда болатындығы белгілі, – деді бізге әңгіме тиегін ағытқан «Амиран Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының аграрлық сала бойынша орынбасары Жанкелді Абжаппаров (суретте). – Сауын сиырлардың құлағында арнайы чип бар. Сол арқылы малдың жай-күйі, ағзадағы ауытқулар болса анықталады. Айталық, малдың іші сұйылса немесе желіні домбыққан жағдайда сауынға жіберілмейді. Мұндай аурулар сирек те болса кездеседі. Оған қарсы ем-шаралар қолданылады. Мал егілгенде сүті өндіріске жіберілмейді. Австриялық «Bauer» компаниясының көмегімен Қазақстанда алғаш рет сиырдың жатын орнына өзінің қиын қайта өңдеп, төсеу осы фермада жүзеге асқан. Соның нәтижесінде мал арасында кездесетін инфекциялық жұқпалы аурулар азайып, өнімнің қауіпсіздігі артқан. Зауытта өндірілетін сүттің табиғилығына, оның сақталу мерзімінің айлап емес, 3-5 тәуліктен аспайтындығы дәлел, – дейді. 
Әр сиыр тәулігіне 25-27 литр сүт берсе, ферма бойынша күніге 16 тонна сүт сауылады екен. Бұл ел аумағындағы ең жоғары көрсеткіш саналады. Зауыттан артылған табиғи таза сүт көршілес компанияларға да өткізіледі. Сөйтіп, сүт тапшылығының оңтайлы шешім табуына ықпал етуде. Сүт бағытындағы асыл тұқымды сиыр бағуды қолға алған шаруашылықта жазғы маусымда 130 адам, ал қыс айларында 105 адам тұрақты түрде еңбек етуде.
Бір қуанарлығы, озық технологияға негізделген заманауи сүт фермасында жұмысшылардың алаңсыз еңбек етуіне жан-жақтылы жағдай жасалуымен ерекшеленеді. Бақташы мен сауыншылар ауысыммен жұмыс істейді. Ферма еңбеккерлерін қалалық үлгідегі баспанамен қамтамасыз етуі жастардың тұрақтап еңбек етуіне, жұмыс өнімділігін арттыруға себін тигізуде. Олардың үш мезгілдік тамағы мен жатын орны түгел дерлік ферманың есебінен төленетіндігі де тілге тиек болды. Оның сыртында айлықтарын тұрақты түрде алады.
Американың озық үлгідегі «JohnDeere» ауылшаруашылық техникалары өндіріске кеңінен пайдаланылады. Мал азығының берік қорын жасау мен ысырапсыз өнім жинауда бұл техникалардың орасан зор пайдасы тиюде. Қыстың берік қорын жасау жолында 1710 гектар суармалы егіс алқабынан 1200 тонна жоңышқа, 850 тонна соя, 1750 тонна арпа-бидай, 9000 тонна жүгері сүрлемі, 1700 тонна сүрлем дайындалған. Малға қажетті азықтан артылған жемшөпті ауыл тұрғындарына беру жолға қойылған.
Бүгінгі таңда осы малды күтіп, әрі қарай дамыту, өнім алу ғылымға негізделгендігін баса айту керек. Осының арқасында Қазақ ұлттық аграрлық университетімен және мал шаруашылығы ғылыми зерттеу институтымен тығыз байланыста жұмыс істейді.
Студенттер күз бен көктемде фермада өндірістік тәжірибеден өтеді. Академик Ке-неев Марат Айдарұлы өзінің аспирант-докторанттармен бірлесе отырып мал басын асылдандыру, азықтандыру, малдәрігерлік егу жұмыстарын жақсарту, мол өнім алу сынды ғылыми жобаларды қорғап шығуына мұрындық болуда. Бұған қоса егін шаруашылығын дамыту, жоғары сұрыпты арпа-бидай өсіру, сортаң жерлерді өңдеп, пайдалану сынды ғылыми жобалар жүзеге асырылуда. Сөйтіп, дүниежүзілік стандартқа негізделген сүт фермасы қазақстандық ғылымның дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Бұл орайда шетелдік оқу орындарының іс-тәжірибесімен алмасу назардан тыс қалмаған. Айталық, аграрлық университеттің 12 түлегі осы мақсатта Еуропада оқып, бұл күнде өндірісті өркендетуге білім-біліктерін жұмылдыруда. Аталған университеттің өсімдік қорғау және карантин факультетін тамамдаған Нұрбек Икенбаев үш жылдан бері «Амиран Агро» сүт фермасында агроном боп табысты еңбек етуде. Сонымен қатар, тараздық Бақтияр Марасұлов та Ресейде, Голландияда, Германияда білімін жетілдіріп, 2013 жылдан бері осы фермада тәжірибесін шыңдап келеді.  Бүгінде отбасын құрып, бір баланың әкесі атанған Бақтияр өзі еңбек ететін ферманың болашағының жарқын екендігіне еш шүбә келтірмейді. Осылайша білімді де білгір жастармен толыққан озық технологиялы фермаға келген кадрдың кері кетпейтіндігі жанға жайлылықтың нышанын білдірсе керек. Бұл ауыл жастарының тұрақтап жұмыс істеуіне, өз ісін жетілдіріп, дамытуына тікелей оң әсерін беруде. 
Шаруасын шалқытқан сүт фермасының қызметкерлері қайырымдылық шараларын жасаудан да аянып қалмаған. Мысалы, үстіміздегі жылы Ұлы Отан соғысының ардагері Дүйсенбек Жұмалиевтің үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жасап берген. Сонымен қатар, алғаш құрылған жылдан бері Қаратоған ауылының балаларын мектепке тасымалдау, ауыл көшелерін асфальттау және ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстарын жасап, ел ризашылығын арқалаған. Ең бастысы, ферма жұмыскерлерінің 80 пайызын жергілікті тұрғындар құрайды. Олардың алдағы қыстан қысылмай шығуы үшін еткен еңбектеріне қарай отын-сумен, көмірмен қамтылуы атымтай жомарт жандардың ізгілік пен мейірім-қайырымға толы жарқын істерін жарқырата көрсетеді.
Отандық табиғи таза сүт өнімдерін өндіруге негізделген «Амиран» сүт зауытының өнімдері әр жыл са- йын өткізілетін түрлі байқауларға қатысып, түрлі номинация бойынша жарқырата медальдар алып, көшбасшы кәсіпорындар қатарынан көрінулері жылдар жемісі екендігін анық аңғартады. 
 
Ұлбосын ИСАБЕК.
Қаратоған ауылы,
Талғар ауданы