Жетісу өнімдері бас қала  төрінде сатылуда

Уақыты: 23.09.2023
Оқылды: 814
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жылдағы дәстүр бойынша Астана қаласының төрінде Жетісу облысы тауар өндірушілерінің ауыл ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өтуде. Ұйымдастырылған ауылшаруашылық жәрмеңкесінде бас қала тұрғындары табиғи, таза, қолжетімді бағадағы өнімдерді алып, дән риза.

Ашық аспан астында елордалық тұрғындарға Сүйінбай  атындағы облыстық филормония өнерпаздары әуелетіп ән салып, мың бұрала билеп, жырдан шашу шашты. Елордалық тұрғындар өнерпаздардың өнерінен тамашалап, рухани демалып, сауда көрігін қыздырды.

Сауда мәдениетін қатаң қолға алған ауылшаруашылық мамандары сөреге құнарлы да дәмді өнімдерді қойып, базар бағасынан да  төмен бағада тұрғындарға ұсынды. Ауылшаруашылық жәрмеңкесіне Жетісу облысының сегіз ауданы мен екі қаласы қатысты. Жетісулық шаруалардың қолынан шыққан 54  өнім ұсынылды. Жетісу облысы астаналық тұрғындарға алып келген ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі – 214,4 тонна. Бұл – өте мол өнім. Екі күндік жәрмеңкеге 21,6 тонна ет, 7 тонна балық өнімдері, 14,3 тонна сүт өнімдері, 19,8 тонна көкөніс өнімдері, 13,4 тонна картоп және 8,1 тонна жеміс-жидектермен қатар 134,6 тонна басқа өнімдер жеткізілді.  

Жетісу облыстық ауылшаруышылығы мен жер қатынасары басқармасы басшысының орынбасары Бақтияр Шампиковтың айтуынша, Астана қаласының тұрғындары өнімдердің бағасына дән риза.

–  Жетісу мен Алматы облыстарының тауар өндірушілерінің өнімдерін Астана төріне алып келу аса маңызды деп есептеймін. Себебі астаналық тұрғындар Жетісу облысының өнімін қатты күтеді. Тіпті, мен былтыр сауда жасаған кісілерді биыл да көрдім. Тұтынушыларға жәрмеңке тиімді болсын деген ниетте біз  жергілікті сауда орындарындағы бағадан 10-15 пайыз төмен баға ұсынып отырмыз. Мұндай шешімді біз Астана қалалық әкімдігімен бірге ақылдасып, келістік. Нәтиже халықты қуантқанын байқадық. Жетісу облысынан алып келген өнімнің бәрі екі күндік жәрмеңкеде сатылып кетеді деп ойлаймын. Біз халыққа таза, табиғи, қолжетімді бағада өнім ұсынатын болғандықтан, тұтынушылар да дән риза. Дәл бүгінгідей қарқынмен сауда көркі қызса нәтиже жаман болмайды , –дейді ол.

Арнайы Жетісу облысына берілген азық-түлік сөрелері лық толы. Сатушының жұмысы қызып тұр. Әр тұтынушы келген сайын сауда қыза түсуде.

–  Таңмен таласа басталған қызу тіршілік  бәрімізді тамсантып тұр. Жетісу өнімдер сұранысқа ие екенін осыдан аңғаруға болады. Біз Панфилов ауданынан көп өнім алыпк келдік. Жеміс-жидектің біразы өтіп кетті. Екі   күнде алып келген барлық тауарымызды сатуды жоспарлап отырмыз. Бастықтардың талабы да осы. Біз  тұтынушылардың көңілінен шығып, жақсы сауда жасайтын болсақ көздеген мақсатқа да тез әрі оңай қол жеткізе аламыз. Алайда біз жыл сайын алып келген өнімнің бірін қалдырмай өкіземіз. 2012 жылдан бері бас қалада сауда жасау бұйырып келеді. Ендігі тілек – еткен еңбегіміз ақталып, көпшіліктің алғысына бөлену, – дейді жаркенттік  сатушы Жәмилә Жұманиязова.

Жәрмеңкенің алғашқы күнінде өте көп сұранысқа ие болған –  Текелідегі "Алақай" ЖШС-нің өнімі. Астана қаласының тұрғыны Райса Манахованың жыл сайын  Жетісу жерінің өнімін алуға келеді. «Дәл қазір Текелінің тәтті тоқашын (Прянигін)алдым. Келесі жолы сүт өнімдері көп болса деген тілек бар. Жетісудың алмасы мен алмұрты өте дәмді. Бағасы да қалта көтерерлік. Алманы біздің қаладан 400 теңгеге алу мүмкін емес. Алмұртты бар болғаны 600 теңгеге ғана сатып тұр. Мұндай баға өте қолжетімді. Әсіресе, біз сияқты зейнеткерлер үшін үлкен мүмкіндік», дейді.

Расымен де, Текелі қаласының тәтті өнімін алушылары қатары көп. Ұзын сонар кезекке тұрғындардың бәрі осы өнімді алуға құмар.

– Текелідегі "Алақай" ЖШС-і шығаратын тәтті өніміне сұраныс барлық жерде көп. Қазір Жетісу жерінде бұл өнімді білмейтін жан жоқ. Бренд өнімге айналған тәтті тоқаштың екі сағаттың ішінде біршама қорабы өтіп өтті. Жәрмеңке жыл сайын  ұйымдастырылғандықтан, тұрғындар да қандай өнім келетінін жақсы біліп, күтіп отырады, –  дейді Арман Кәріпбаев Текелі қаласы ауылшаруашылық және жер қатынастары бөлімінің басшысы.

Қой, сиыр, жылқы еттері сөреге лық толып тұр. Таза ет өнімін іздеушілер дәл осы жерге келіп, сауда жасауда. Астаналық Қанипа Ағзамованың         айуынша, күнделікті жұмыста жүрген жандар үшін жәрмеңке өте ыңғайлы.  «Қазір таза ет табу өте қиын. Біз арнайы Жетісу облысынан қой етін алдық. Бағасы өте қолайлы. Қазіргі уақытта бәрі қымбат.  Мал өсіру де, егін егу де үлкен еңбек. Сол үшін әрбір  адамының еңбегі бағаланса деймін. Осы шараны ұйымдастырып жүрген азаматтарға рақметтен басқа ештеңе айтпаймын», – дейді ол.

Сөреде тізілген өнімдер көз жауын алды. Алма, алмұрт, жүзімнің алуан түрі, ет өнімдеріне кезекке тұрғандар көп. Балдай қауын мен қарбыз алушылар қатары көп.  Қызыл картошка мен балдың тіл үйірер дәмі көпшілікті тамсандырды. Қарынға сақталған сары      май мен құрттың алуан түрі де көптің көңілінен шықты.

Астана төрінде өтіп жатқан ауылшаруашылық жәрмеңкесі жексенбі күні де жалғасады.

Еңлік Кенебай
Астана қаласы