ҚАЗАҚСТАН МЕН БРАЗИЛИЯ ӨКІЛДЕРІ КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 27.09.2023
Оқылды: 760
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Биыл Қазақстан мен Бразилия мемлекеттерінің достық қарым-қатынасына – 30 жыл. Соған орай Жетісу облысының басшылығы мен Бразилия Федеративтік Республикасы сенаторлары кездесті.

Сенат төрағасының ІІІ орынбасары, парламентарлық Қазақстан-Бразилия тобының төрағасы Чико Родригес, сенатор Анжело Мартинз, оның зайыбы Элеуса Маргарида Мартинз және Сенат кеңсесінің қызметкері Жосе Рикардо қатысты. Қазақстан тарапынан Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Бақытнұр Бақытұлы, «Zhetysu Invest LTD» ЖШС директоры Әнуарбек Тілеулесов және «Zhetysu Invest LTD» ЖШС ғылыми-зерттеу және талдау бөлімінің бас маманы, аудармашы Елена Гейгер болды.

Кездесу барысында Әсет Қанағатов Қазақстан мен Бразилия елдері арасындағы екіжақты достық қарым-қатынастың нәтижесінде көптеген жоба іске асып жатқандығын атап өтті. Сонымен қатар, 2022 жылы екі ел арасындағы тауар айналым екі есе өсіп, 364, 4 миллион долларды құраған.

Әсет Серікұлы қадірлі қонақтарға Жетісу өңірінің табиғи климаттық жағдайын, гидроэнергетикалық ресурстардың қорын, жел және күн электр станцияларын дамытудың маңызды әлеуетін, туризмнің барлық түрін дамыту мүмкіндігін ескере отырып, ауылшаруашылық өнімдерін өндіру және өңдеу, көлік-логистикалық жұмыстарының жанданып келе жатқанын кеңінен тарқатып айтып берді.

Қытай мен Оңтүстік-шығыс Азиядан ТМД елдеріне және Еуропаға шығатын маңызды бағыттардың қиылысында географиялық жағынан ыңғайлы орналасқан «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағы қазіргі таңда маңызды инвестицияның көзіне айналуда. Оның аумағында 2030 жылдың соңына дейін жалпы құны 570 миллиард теңгені құрайтын 30 жоба жүзеге асыру жоспарлануда. Нәтижесінде Қытай Халық Республикасымен бірігіп 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Шамамен 330 миллиард теңге инвестиция тарта отырып, көлемі 1000 гектар болатын «Қазақстан – Қытай» халықаралық индустриалды қаласы» индустриалды технопаркінің құрылысы бойынша бірлескен жоба болмақ. Ең бастысы, әрбір істің нәтижесі халық үшін, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Жалпы, облыста ауылшаруашылығы, көлік-логистика, туризм, баламалы энергетика және өнеркәсіп сияқты стратегиялық салаларға жаңа инвесторларды тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.  

Мәртебелі мейман Чико Родригерс қазақ халқының қонақжайлылығы мен кең пейіліне алғыс айта отырып, болашақта да достық қарым-қатынасты арттырып, ынтымақтасып біршама тың әрі жаңа жобаларды іске асыратындықтарын жеткізді.

–  Қос елдің достық қарым-қатынаста тынымсыз еңбек етіп келе жатқанына биыл – 30 жыл. Бұл аз уақыт емес. Бірақ біздің достық, татулық, ынтымақ бұдан да көп жылға ұзаруы керек. Біздің сапардың мақсаты – екі елді жақындастыра отырып, елге қажетті жаңа жоба дайындап, нәтижелі жұмыс істеу. Минералды ресурстар, жаңартылған энергия көздері аясында тың жобалар әзірлеп, сол бойынша ел экономикасын көтеруге біз барынша атсалысамыз, – деді Чико Родригерс.

Қос тарап өкілдері тың істерді әзірлеуге ынтымақтастық мүмкіндіктердің мол екенін айтып, болашақта түрлі жобаны бірлесе атқаратындықтарын жеткізді.

Еңлік КЕНЕБАЙ
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай