"Байсерке-Агрода" болды

Уақыты: 18.01.2018
Оқылды: 1139
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жаңа жылды ел-жұрттың тыныс-тіршілігімен танысудан бастаған халық қалаулыларының бірі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев еліміздегі маңдайалды шаруашылықтың бірі «Байсерке-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, іргелі кешеннің келісті жай-күйімен танысты. Іссапарда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев, Талғар аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебаев та бірге жүрді.

«Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позиция бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз», – деп Ел Президенті Н. Назарбаев атап көрсеткендей, ғылымға негізделген «Байсерке-Агроның» бүгінгі күнгі ең басты жаңалығы – генетикалық лаборатория құрылысының қолға алынғандығы жайында аталған серіктестіктің директоры Алтай Кенжебаев таныстырды.
Әлем бойынша АҚШ-та, одан кейін Қазақстанда ғана қолға алынып жатқан бұл заманауи генетикалық лабораторияда мал басын асылдандырудың оңтайлы әрі тиімді тәсілдері жүзеге аспақ. Құны қыруар қаржыны құрайтын лабораторияда малды құтыдағы эмбриондармен ұрықтандыру арқылы етті және сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара санын көбейту жоспарлануда.
– Іргетасы қаланып жатқан генетикалық лаборатория екі жылдан соң толыққанды іске қосылмақ. Нәтижесінде, шетелден алынатын голштейн сынды асыл тұқымды ірі қараны көбейту құны анағұрлым арзанға түспек, – деген Алтай Әбдірахманұлы бұдан әрі халық қалаулысына тамшылатып суарудың тиімділігі мен пайдасы жайында жан-жақтылы әңгімеледі.
«Байсерке-Агроның» мал азығының құрамы мен құнарлылығы жіті қадағалауда болатындығы да таңданыс тудырмай қоймады. Ол үшін де арнайы зертхана жұмыс істейді. Мұның бәрі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, сапалылығын арттыруға орасан зор пайдасын тигізуде. Сауындағы сиырларды арнайы автоматтандырылған роботтар сауып, құрамының сол сәтте-ақ тексерістен өтетіндігі өнім сапасын арттыруға себін тигізуде. Мұндағы сиырлардың әрбірі тәулігіне 5-6 сауыннан 50 литр шамасында сүт берсе, «Мария» атты сиырдың 78 литр сүт беріп, рекордтық көрсеткішке қол жеткізгендігі мақтан етерлік, әрине. Табиғи таза сүттен онға жуық сүт өнімдері жасалатын зауыт та қалыпты жұмыс істеп жатқандығын атап өткен кәсіпорын басшысы жаңа жасалған сүт өнімдерін меймандардың дәм татуына ұсынды. Кешен ұжымымен кездескен Серік Жұмағалиұлы Елбасының Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауында да аграрлық саланы дамытуға айрықша назар аударылғанын атап өтті.
Әлем мықтыларын мойындатқан былғары қолғап шебері бұдан кейін Талғар қаласындағы құны 755 млн. теңгені құрайтын спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Заманауи үлгіде салынып жатқан жаңа нысан алдағы жазда пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мұнда спорттың сан түрінен түрлі секциялардың жұмыс істеуіне мүмкіндіктер қарастырылған. Сонымен қатар, футбол ойынын тамашалайтын 400 орынды трибуна салынбақ.

Ұлбосын ИСАБЕК,

Талғар ауданы