Жылыжай өнімдері көбейеді

Уақыты: 19.01.2018
Оқылды: 1174
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Шеңгелді ауылының әкімі Ерғазы Аққойшыұлы тұрғындар алдында есеп берді. Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков қатысқан шарада жыл ағымында атқарылған шаруалар айтылды. Мәселен, ауылшаруашылығы бойынша 12 780 гектар жерге дәнді дақылдар егілді. Оларды өсіру үшін 1750 гектар егістікте ылғал сақтаудың теxнологиясы, 1300 гектар алқапта тамшылатып суару теxнологиясы, 250 гектарДа жаңбырлатып суару әдісі қолданылуда. Өңір шаруалары қант қызылшасын  көп өсіруге үлес қосуда.

Нәтижесінде  573 гектар жерге қызылша егіліп, гектарынан 350 центнерден 20 055 тонна тәтті түбір алынды. Бүгінде аталған бағытты дамыту мақсатында “Агросервис Қант” сервистік дайындау орталығы ашылып, 16 адам жұмысқа тартылды. Ет және сүт өнімдерін дамыту үшін 100 бас ірі қара малы бар “Рауан” тауарлы фирмасы іске қосылды. Соның нәтижесінде 7 жұмыс орны құрылып, 70 млн. теңге көлемінде инвестиция тартылды. Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыруда 70 басқа арналған “Қалқаман” шаруа қожалығының бордақылау құрылысы аяқталды. 5 жаңа жұмыс орны ашылып, инвестиция көлемі 50 млн. теңгені құрады. 
Бүгінде өңірде 15 ауылшаруашылық кооперативі бар, оның 13-і өсімдік, 2-і мал шаруашылығы бойынша жұмыс істейді. Ал, ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің қоймаларына 31 200 тонна пияз, 1 500 тонна картоп сақтауға өткізілді. Келер жылдың жоспарлы жобаларына келсек, “Ырыс” бағдарламасы бойынша сүтті-тауарлы “Қосжан Food” фирмасы ашылмақ. Сондай-ақ, жаңа жобалар қолға алынып, жылыжай кешендерінің өнімі көбейіп, 128 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұдан бөлек, Шеңгелді аумағындағы сорғыш стансысын қайта іске қосу үшін де бірқатар жұмыс атқарылуда. Ауыл көшелерінің жолын жөндеуге де қомақты қаражат жұмсалды.
Тұрғындар ауыл әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген баға беріп, алдағы күндерге сенім артып тарқасты.

Мақпал МЫСА