Атқарылған жұмыс ауқымды

Уақыты: 19.01.2018
Оқылды: 1359
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Көксу ауданы Мұқыры ауылының Мәдениет үйінде аудан әкімі Алмас Әділдің жүргізуімен есептік жиын өтті. Оған аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат хатшысы, жергілікті полиция қызметінің бастығы, аппарат, бөлім, мекеме, кәсіпорын басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты. 

Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы № 190 Жарлығын орындау мақсатындағы басқосуда Мұқыры ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Иемберген Төлепбергенов баяндама жасады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауына тоқталған ол былтырғы атқарылған жұмыстарды алға тартты. 
– Округте Мұқыры мен Қазақстан ауылы орналасқан. Халық саны – 3 217 адам. 2017 жылы бөлінген 3 млн. 964 мың теңге бюджеттің 100 пайызы толық игерілді. Биыл бюджет қаржысы 181 млн. 635 мың теңгені құрайды. Былтыр «Туған жер» бағдарламасы аясында «Талдықорған-Сервис» ЖШС-нің директоры Т. Мамедов өз қаражаты есебінен екі мәрте Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов ескерткішіне жөндеу жұмыстарын жүргізді. Биыл осы бағдарлама арқылы Қалқа Жапсарбаев атындағы орта мектебіне мини спорт алаңын салу туралы ұсыныс қаралуда, – деген әкім міндетін атқарушы округте 2 896 гектар егістік алқабы игеріліп, 296 шаруа қожалығының жұмыс жүргізіп жатқандығын айтты. Сондай-ақ, 326 гектар жерге қант қызылшасы егіліп, 11 276 тонна тәтті түбірдің Көксу қант зауытына өткізілгенін баяндады. «Биылғы жылдың үлкен қуанышы – Мұқыры ауылындағы саябақты қалпына келтіріп, абаттандыру жұмысына қомақты қаржы бөлінгендігі. Учаскелік полиция пунктінің құрылысы басталып, жол жөндеу жұмыстары жалғасын таппақ», – деді Иемберген Жексембайұлы.
Келесі кезекте сөз алған аудан әкімі Алмас Кабдулұлы өңірдің саяси-экономикалық жағдайымен таныстырды. Өз сөзінде ол 2017 жыл аудан халқы үшін табысы мол, толайым жыл болғандығын айтты. Аудан экономикасына 17 млрд. 881 млн. теңге  инвестиция тартылған. Ауылшаруашылығында 21 млрд. 679 млн. теңгенің  өнімі өндірілді. Биыл 25 млрд. теңгенің өнімін өндіру  жоспарлануда. Сонымен қатар, 1 775 гектар алқапқа қант қызылшасы себіліп,  62 мың тонна өнім зауытқа өткізілді. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 –2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жеке қосалқы шаруашылықты тарту арқылы 4 кооператив құрылды. “Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ арқылы 92,4 млн. теңге мал сатып алуға және 32,5 млн. теңге құрал-жабдықтар сатып алуға несие берілді. Өнеркәсіпте 12 млрд. 146 млн. теңгенің өнімі өндірілді.
Жергілікті маңызы бар жолдарды қалыпта ұстау мақсатында Балпық би, Ақтекше және Мұсабек ауылдарының 3 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары, Бесқайнар және Нәдірізбек ауылдарының 2 көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Денсаулық сақтау саласы өрлеп, қайтыс болған адамдардың санынан дүниеге келген балалардың саны артты. Ауданда оң демографиялық ахуал қалыптасты. «Туған жер» бағдарламасы арқылы 10 ауылдық округте жалпы құны 134,8 млн. теңге болатын 16 жобаны жүзеге асыру бойынша ұсыныс түсті. Қазіргі таңда 5 жоба бойынша жұмыстар толық аяқталған. 
Сөз соңында аудан әкімі: «Бүгінде біздің Елбасы  белгілеп  берген  бағдарымыз  айқын, жолымы  ашық,  халқымызда  береке мен бірлік бар.  Сондықтан да  үстіміздегі 2018  жыл ауданымыз  үшін  абыройлы  жыл  болады  деп  сенемін. Ең бастысы,  еліміз  аман,  жұртымыз  тыныш,  ауданымыз мәртебелі болсын», – деп тұрғындарды береке-бірлікке шақырды.
Жарыссөзге Мұқыры ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Қабытай Аппасов пен аудандық мәслихат депутаты Орынхан Нұртаев шығып, пікірлерін білдірді. Әкімдер есебіне оң баға беріп, жаңа жылдың табысты болуын тіледі. 

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Көксу ауданы