Әкім орынбасарлары есеп берді

Уақыты: 19.01.2018
Оқылды: 1305
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жетісу жерінің жұртшылығы биылғы жылы салынуы тиіс жаңа жолдар мен аса маңызды нысандардың игілігін көреді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел мен жердің қажетіне жұмыс істейтін бағдарламаларының маңызы ерекше. Атап айтқанда, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында халықты баспанамен қамтамасыз ететін тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп, Алматы облысын өзге өңірлермен жалғайтын автокөлік жолдары салынады және әлем жұртшылығын қызықтырған туристік маршруттар ашылады. Сондай-ақ, баламалы қуат көздерін өндіретін жел диірмендері, күн батареялары өңірдің индустриалды-инновациялық дамуына серпін береді. Осыған байланысты облыс әкімі Амандық Баталов әрбір салаға жауапты орынбасарларының есебін тыңдап, көпшіліктің көңілінен шығатын жобалармен танысты.

Алғашқы болып облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов өңірде салынатын жаңа құрылыстарды таныстырып, жобаланған жұмыстар тізбесін ұсынды. Оның айтуынша, биыл облыстық құрылыс басқармасына тиесілі бюджеттің көлемі 34,545 миллиард теңгені құраған. Осы соманың 7,382 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен бөлінсе, жергілікті бюджеттен 27,163 миллиард теңге қарастырылып отыр. Осыншама қаржыға 283 тұрғын үй, ішкі істер органдарының 114 нысаны, білім саласының 17 нысаны, денсаулық сақтау саласының 15 нысаны салынады. Сондай-ақ, 21 инженерлік-коммуникациялық жүйенің, 2 мәдениет нысанының, 4 коммуналдық шаруашылық нысанының, 3 спорт ғимаратының құрылысы жүреді. Аталған жұмыстардың барлығы да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауы жүктеген міндеттер мен мақсаттар үдесінен шығады. Соған орай құрылыс қарқынын арттыруды бірінші орынбасарына тапсырған Амандық Ғаббасұлы баламалы қуат көздерін өндіру, автокөлік жолдарының құрылысын жүргізу сынды аса маңызды мәселелердің жай-күйін баяндауды орынбасары Айдарбек Байжановқа тапсырды. Оның айтуынша, биыл Жетісу жеріндегі бірқатар жолдар жаңартылып, шалғай ауылдар мен елді мекендерді қосатын күре жолдар жаңадан салынады. Атап айтқанда, Талдықорған – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай бағытындағы 35 километр жол, Сарыөзек – Қорғас – Қоғалы – Көксу – Қарабұлақ бағытындағы 29 километр жол, Лепсі ауылынан Балқаш көліне дейін апаратын 4 километр жол жаңадан салынса, Алматы – Жетіген – Қапшағай су қоймасы бағытындағы 20 километрлік жол, Талғар ауданындағы «Спутник» демалыс үйіне апаратын 5 километр жол, Шарын шатқалына жеткізетін 11 километрлік жол күрделі жөндеуден өткізіледі. Сонымен қатар, Райымбек ауданы, Саты ауылынан Көлсай көлдеріне апаратын жолдың жобалық-сметалық құжаттарын «Көлсай көлдері» Ұлттық табиғи паркінің басшылығы дайындауда. Оған қажетті қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді.
Осындай мәліметтерге байланысты сұрақ қойып, облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жасыбаевтан жай-жапсарын білген облыс әкімі Амандық Баталов Еңбекшіқазақ ауданы арқылы өтетін Үлкен Алматы каналын жағалай салынған күрежолдың жағдайын сұрады. Былтыр су тасқыны бұзып кеткен жол биыл толығымен жөндеуден өткізілуі тиіс екен. Осыған орай су өткізетін құбырлар мен жолды жөндеу жұмыстарына 68,180 миллион теңге керектігін ескерткен басқарма басшысына көмектесетінін айтқан өңір басшысы орынбасары Байжановты тыңдауын жалғастырды. Ол Жетісу жұртшылығын табиғи газбен қамтамасыз ету барысындағы жұмыстарды таныстырды. Атап айтқанда, Талдықорған қаласын газбен қамтамасыз етудің бірінші кезеңіне 4,4 миллиард теңге жұмсалған. Қазір жүріп жатқан екінші және үшінші кезеңге 13,1 миллиард теңге қарастырылып отыр. Одан кейін кезекте тұрған төртінші кезеңге 2,0 миллиард теңге бөлінеді. Сонымен қатар, жаңадан салынатын құрылыс нысандарына газ құбырларын тартудың жобалық-сметалық құжаттарын жасауға 60 миллион теңге жұмсалуы тиіс. «Жақсыны көрмекке» дегенді айтқан халқымыз үшін нағыз сый болатын табиғи газдың тиімділігі орасан. Ең алдымен Жетісу жерінің тұма табиғаты мен саф ауасының ластануы тоқтайды. Осыны түсінген тұрғындар газдандыру жұмыстарына оң көзбен қарауы керек.
Жетісу жерінде баламалы қуат көздерін шығаратын жел электрстансылары мен су электрстансыларын салудың тиімділігі басым. Соған байланысты қазір өңірде Қапшағай су электрстансысы, Мойнақ СЭС-і, Қаратал  СЭС-і, Есік СЭС-і, Сарқан СЭС-і, Қора СЭС-і, Қапшағай жел электрстансысы, Нұрлы жел электрстансысы, Қапшағай күн батареялары стансысы жұмыс істейді. Бұл облыстағы электр қуатының сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесіне қатысты пікір білдірген облыс әкімі тұрмыстық қатты қалдықтар тастайтын орындарды заңдастыру, қоқыс өңдеу зауыттарын құру жұмыстарын жеделдете жүргізуді тапсырды.
Бұдан кейінгі кезекте облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар өзіне жүктелген салалар бойынша атқарылған жұмыстарды таныстырып, Елбасының биылғы Жолдауында жүктелген міндеттерді орындауға мүмкіндік беретін жобалардың барысын көпшілік назарына ұсынды.
Оның айтуынша, табиғаты көркем, тарихи деректерге бай Жетісу жері шетелдік туристердің қызығушылығын тудырып отыр. Соған орай облыстық туризм басқармасының басшысы Жанар Алшымбаева баяндама жасап, өңірде атқарылған жұмыстарды таныстырды. Оның айтуынша, Алакөлге келушілердің саны былтыр күрт өскен. Осыған байланысты күрежолдарда туристердің бағытты анықтауына қажет белгілер орнатылып, өңірдегі туристік нысандардың мәліметтері интернет желісіне салынған. Арнайы сайттарда Көлсай көлдеріне, Шарын шатқалына, Айғайқұмға, Бесшатыр қорымына, Таңбалы тас кешеніне қатысты деректер толық берілген.
Одан кейін мінберге шақырылған ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев Алматы облысын әлемге әйгілейтін жобаларды таныстырып, көпшіліктің назарын аудартатын мәліметтерді ұсынды. Оның айтуынша, еліміздің тарихы мен руханиятын таныстыруға қажетті Орбұлақ шайқасына арналған бейнеролик қазір әлемдік интернет желісін шарлап кеткен. Сонымен қатар, әлемдік деңгейде хабар тарататын «Би-Би-Си», «Әл Жазира» телеарналарымен тығыз қарым-қатынас орнатылып, өңірдің жетістігін паш ететін жобалар дайындалуда.
Жиында облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев атқарылған жұмыстарды таныстырып, биыл атап өтілуі тиіс мерейтойлар мен айтулы күндерді көпшілік назарына ұсынды. Биылғы негізгі атаулы күннің бірі – Астана қаласының 20 жылдығы болмақ. Сонымен қатар, ақын Сәкен Иманасов пен Қазақстан Халық әртісі, композитор Әсет Бейсеуовтың 80 жылдығы, жазушы Нұрсұлтан Әлімқұловтың 90 жылдығы, актриса Бикен Римованың 95 жылдығы, облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің 100 жылдығы сынды көпшілік назарындағы айтулы мерекелер бар. Одан бөлек, ақын Сара Тастанбекқызының 140 жылдығы мен Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына арналған мерекелік шаралар өтеді.
Облыс әкімі Амандық Баталов жобаланған жұмыстар мен міндеттерді мүлтіксіз орындау керектігін ескертіп, сала басшылары мен мамандарына жауапкершілік жүктеді.

 

Мәди Алжанбай