Несие несібеден айырды

Уақыты: 23.11.2023
Оқылды: 632
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Несие. Бұл сөз жасқа да, жасамысқа да етене таныс. Қазір несиесіз адамды кездестіре қою өте сирек. Банктерден шектеусіз кредит алып, белшесінен қарызға батып отырған азаматтар тым көп. Халықтың несие қамытын киіп отырғаны көңілге көлеңке ұялатады. Адамдардың несиеге тәуелділігі мен қаржылық сауаттылығының төмендігі үлкен әлеуметтік проблемаға айналғаны рас-ақ. Қазіргі уақытта елдегі 84  пайыз адамның банкке берешегі бар. Бұл – мемлекет үшін үлкен трагедия.

«Танысым анасы ауырып, кредит алып беруімді өтінді. Адамгершілікке салып 1 миллион 300 мың теңге алып бердім. Таза 3 ай төлеп, жоқ болды. Құзырлы органдарға арыз жазып ем, қолда қолхат болмаған соң іс те тоқтады. «Оңай әрі жылдам баспана алып беремін» дегендердің сөзіне алданып, банктен тағы 2 миллион несие алдым. Мен секілді талай адамнан ақша алған азамат теміртордың арғы жағында. Алған ақшасын қайтармады. Содан бір банктен несие алып, екінші несиені жауып жүргенде оның пайыздық өсімі өсіп кетті. Қазір мойнымда 8 миллион қарыз бар. Осындай жағдайға тап болғаным салғырттығым мен қаржылық сауаттылығымның төмендігі екенін мойындаймын». Бұл біз келтірген тек бір ғана мысал. Ал дәл осылай қарызға белшесінен батып кеткендердің қарасын санау мүмкін емес. Бүгінгі күннің ең басты мәселесі осы. Негізінде халықтың несиелену деңгейі экономикалық өсіммен қатар жүруі керек. Ал қазақстандықтардың банктегі қарызы экономикалық өсімнен де асып кеткен. Бұл дабыл қағатын жағдай. 

Халықтың 84 пайызы, яғни, 8,4 миллионнан аса адамның қарызы бар. Соңғы 1,5 жыл ішінде бұл көрсеткіш 27 пайызға өскен. 90 күннен кешіккен қарыз көлемі шамамен 1,4 триллион теңге. Бұл 1 миллион 700 адам қарызын уақытылы төлей алмай отырғанын көрсетеді. 

Ұлттық банк жүргізген сауалнама нәтижесінде елдегі азаматтардың 90 пайызы айлық пен айлықтың арасында күн көретіні анықталған. Демек, бүгінгі таңда елімізде қарызсыз өмір сүретіндердің қатары жоқтың қасы. Ал бір басында бірнеше несиесі барлар тіпті көп. Ал белшеден қарызға батқан халықтың әлеуметтік жағдайы туралы айтудың өзі жүрекке салмақ түсіреді.  
Бірнеше жыл бұрын тұрмыстық техникалар мен жиһаздарды ғана несиеге алуға болатын еді. Қазір киім-кешекті, тіпті, азық-түліктің өзін қарызға алып, белгіленген уақытта ақшасын бөліп төлеуге болады. Қазір елде қарызға азық-түлік алушылар қатары артқан. Тіпті, осыған орай сауда нүктелері де осы тәсілді оңтайлы қолданып, халықтың қарызын одан әрі арттыруда. 
Жалпы, несие аларда алып ұшып банк табалдырығын аттамас бұрын толық ақпарат жинап, аз да болса қаржылық сауаттылықты арттыру аса маңызды. Сол себепті де біз оқырман назарына басты әрі маңызды ақпаратты ұсынамыз. 
 БІРІНШІ барлық банктің пайыздық мөлшерін білу керек. Ол ақпаратты сіз қолыңыздағы телефон арқылы біле аласыз. Сондықтан алтын уақытты бөліп, аз да болса несие жайлы ақпараттанғанның зияны жоқ. Несие пайызының өзі екіге бөлінеді. Атаулық және жылдық пайыздық мөлшерлеме. Міне, осы тұста жылдық тиімді мөлшерлемеге қатты мән берген дұрыс. Ал банктер халықты өздеріне тарту үшін қызылды-жасылды етіп көз жауын алардай жарнама жасайды. Ол жерде 10-15 пайызбен несие берілетіні айтылады. Бірақ банк ақпаратында сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі 27-33-35 пайыздан басталатыны жазылады. Оған көпшілік мән бермей, басындағы 10-12-15 пайызбен несие аламыз деп қуанады. Қуануға әлі тым ерте. Себебі, сол аз пайыздың астында 33 пайыздан бастап 50 пайызға дейін банк мөлшерлемесі тұр. Қысқасы, банктер әр тұтынушыға өздері бекіткен пайыздың мөлшерлемесі бойынша әртүрлі пайызда несие бере береді. Осы орайда қаржылық жағынан сауатыңыз болмаса несиені тым жоғары пайызбен мойныңызға іліп береді. 

Маман кеңесі 

– Банк қызметіне жүгінген адам несие инструментін толық білгені жөн. Несие – қарызға жедел берілетін пайыздық өсімі бар қаражат екенін ұмытпаса деймін. Қазақстанда тұтынушылық пен ипотекалық несиенің барлығын қоссақ  9,8 триллион теңге шығады. Бұл – әжептәуір қаражат. «Халықты несиелендіру» деген ұғым бар. Әлемнің кез келген мемлекетінің орталық банкі осы миссияны орындайды. Неге десеңіз, несие экономиканың даму жылдамдығын арттырады. Қазақстан да дәл осы позицияны ұстанады. Дегенмен, біздің елде мұндай сценарий жүрмейді. Өйткені Қазақстан дамушы мемлекет екенін ұмытпайық, сол себепті де несиелердің пайызы жоғары, халыққа пайдасынан зияны көп. Сонымен қатар, Банкке келген алымшылардың басым көпшілігі ақшаны алғанша асығады. Құжатқа, келісімшартқа көп көңіл бөлмейді. «Қанша пайыз болса да төлейміз. Ең бастысы, ақша алсақ болды» дейтіндер қатары аз емес. Тойға деп кредит алып, оны төлеуге келгенде мәселе шығып, соңында шаңырақ көтерген жастардың ажырасып кеткеніне талай мәрте куә болып жүрміз. Бүгінгідей дағдарыс кезінде несие алып, той-томалақ өткізу ақылға сыйымсыз деп ойлаймын. 

Альмира БИҒҰЖАНОВА, 
экономист

 

ЕКІНШІ келісімшартты толық оқып, танысып шығу қажет. Ол құжатты оқудан сіз ұтпасаңыз ұтылмайсыз. Өкінішке қарай, көпшілік дәл осы тұсқа келгенде салғырттық танытады. Банк қызметкері белгілеген жерге оқымастан қол қоятындар да көп. Алайда сол келісімшартта жазылған бірауыз сөзге ешкім мән бермейді. Келісімшартта тайға таңба басқандай етіп былай деп жазылған: «Егер жылдық инфляция 10 пайыздан асып кетсе, онда банк сіздің несиеңізді қайта қарастырады немесе қарызыңызды қайта қаржыландыруға өткізеді». Демек, келісімшартта көрсетілген қайта қаралу, қаржыландыру банктің пайдасына тартып кетеді. Несие алып отырған адамның пайыздық мөлшерлемесі артпаса кемімейді. Жұрттың: «Несие алғанда пайызы аз болған, кейінгі жылда көбейіп кетті» деп қынжылып жүретіні сондықтан. Мұнда да қаржылық білімнің жетіспеушілігі төбе көрсетеді. 
Несие рәсімдеу үшін міндетті түрде жеке адамның табыс көзі көрсетіледі. Оның күн көруіне қаражаты толық жететіндігіне көз жеткізген соң ғана несие берілуі тиіс. Әсілінде бұл ережеге бағынып жатқандар шамалы. Себебі, қазір бір адам бірнеше кредит ала алады. Ұзақмерзімді, ортамерзімді несиесі барлардың қатары тым көбейген. Тіпті, кепілсіз несие алушылардың пайыздық үлесі 80-ге жеткен. Демек, ақшадан сәл қинала қалған адам банкке барып немесе онлайн арқылы ешқандай кепілсіз-ақ ақшалы бола алады. Оңай әрі тез ақшалы болудың төте жолы осы. Ол тегін беріліп жатқан ақша емес. Оның қайтарымы барын ұмытпаған жөн.
Бейресми деректерге сүйенсек, ел азаматтары несиеден шектелмей, керісінше, несиеге деген сұраныстарын арттырған. Сұраныс артқан сайын банк тарапынан да несие берудің формасы түрленген. Осы сәтті пайдаланған банктер халықты  одан сайын қарызбен қымтап байлаудың түрлі әдісін қолданып келеді. Мәселен, банк тарапы қарыз алушының қарыз жүктемесі нормативке сәйкес болса, басқа банктегі несиесін қайта қаржыландырады. Несие алушы бұл банк тарапынан көрсетілген қамқорлық деп қуануы мүмкін. Алайда бұл қамқорлықтың астарында қарыз құзына құлау тұрғанын ұмытпаған жөн. 
Несие алғандардың төлем уақыты 90 күннен асып, қайтарылмағандардың көрсеткіші жыл санап артып келеді. Бұл дегеніміз әрбір несие алған оныншы адамның несие қайтаруға шамасы жоқтығын көрсетеді. Ал халықтың қарызға белшесінен батпауы үшін табыс көзі артуы керек. Сонда ғана халық несие қамытын кимейді.  
Халықтың жайлы өмір сүруі үшін әлемдік тәжірибеде несиені кешіру жұмысы 3 жыл сайын жүргізіледі. Мұндай әдісті 3 жыл сайын қолданатын мемлекеттер қатары тым сирек. Мәселен, 2019 жылы біздің елде 500 мыңнан аса азаматтың 120 миллиард теңге қарызы кешірілді. Ал Грузия 603 мың азаматтың қарызын кешірген. Десе де  бүгінгі таңда несиеге рақымшылық жасау керек деген сөздер жиі айтылып та, жазылып та жүр. Шындығында несиеге кешірім беру мәселесі заңда қарастырылмаған. Алайда несиеге рақымшылық жасалады деген жалған ақпарат таратушылар іске кіріссе  адамдар сол сәттен бастап несие алудың сан жолын қарастырады. Несиені оңды-солды алып, кейін қарызға белшесінен батқан соң алаңға шығып, өздерін өртеп немесе басқа да құйтырқы әрекетке баратындар қоғамда жоқ емес. Егер несие төлеуге мүмкіндік болмай, қарыз жабуға қаражаты жоқ болған қарыз алушы банкке барып, жағдайын айтып, қарызды төлей алмайтынын дәлелдесе, несиені төлеу мерзімі түзетіледі немесе кейінге шегеріледі. Бұл заңды. Апталап, айлап несие төлемей қашып жүргенше жауапты мамандарға барып, жағдайды айтып түсіндірген жөн. 
Халықтың несиесіне рақымшылық етіп жайлы өмір сүруіне жағдай жасау оң әсерін бермейді. Бұл шешім өткен жылдың тәжірибесі негізінде аңғарылған. Қазір елімізде қайтарылуы күмәнді несиелердің деңгейі артқан. Бұл – ойланбай, мақсатсыз алынған несиенің соңы елдің әлеуметтік жағдайына алып келуде. Ал әлеуметтік жағдайы төмен елдің кедейшілікке ұшырауы заңдылық. Несиеге кешірім беру арқылы несие алып, оны төлемеуге болады деген ел ішінде пікір қалыптасқаны жасырын емес. Біз бір қолмен алған дүниені екінші қолмен қайтаруға міндетті екенімізді ұмытпайық. 

ТҮЙІН: Несие талайлардың берекесін ұрлап, несібеден айырды. Қаншама отбасы ойрандалды. Мақсатсыз алынған қарыз талайды құрдымға батырды. Банк табалдырығын тоздырып, аспандаған өсіммен несие алып, берекені қашырғанша аз да болса тапқан нәпақаны ұқсатып, соның берекелі болуын тілеп, жайлы өмір сүруге ұмтылатын уақыт әлдеқашан жеткен. Бірақ біз әлі де несібемізді банк қармағына байлап беруден алыстай алмай келеміз. Өкінішті-ақ. 

Еңлік КЕНЕБАЙ