Облыс әкімінің орынбасары кәсіпкерлермен кездесті

Уақыты: 30.11.2023
Оқылды: 333
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов жетісулық бизнес қоғамдастықтың өкілдерімен кездесіп, биылғы жылдың 10 айындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайынан хабар берді. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің аймақтың дамуына қосып жатқан үлесін жоғары бағалады.

Шараға облыстық және салалық кеңестердің, қауымдастықтар мен кәсіподақтардың, ірі, орта және шағын бизнес өкілдері қатысты. Кездесуді  облыстық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Дәурен Оңалбаев жүргізді.

Оның айтуынша, кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай қалыптастырып, бизнес пен билік арасында тиімді серіктестік  орнатуға жебеуші болып келеді.  Аймақ кәсіпкерлерінің барлық жұмысын бір орталыққа шоғырландырып отырған облыстық кәсіпкерлер палатасы кейінгі жылдары қызмет көрсету тиімділігін жетілдіре түсті. Олар өз міндеттерін нәтижелі орындау үшін палата жанында кәсіпкерлік нысандарының 25 делегатын, сондай-ақ, қауымдастық пен одақтардың өкілдерін қамтитын байқаушы орган, өңірлік кеңес құрып, кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай қалыптастыру аясында көшпелі кездесу мен отырыстар өткізіп келді. Бүгінгі шара сол мақсатты жұмыстың жалғасы.

Сондай-ақ, ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметін жетілдіру аясында кәсіпкерлер палатасы жанынан шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған АӨК және тамақ өнеркәсібі, өнеркәсіп, туризм, сауда және қызмет көрсету, көлік және логистика, жеке білім беру, құрылыс салалары бойынша салалық кеңес құрылған. Аталған кеңес құрамына облыстың 2000-нан астам кәсіпкерлік нысанын қамтитын 300-ден астам тұрақты мүше кірген. Бүгінгі таңда салалық кеңестер 38 отырыс өткізіп, 60-тан астам мәселені қараса, оның 24-і өз шешімін тапқан.

Өкінішке қарай, республикалық сипаттағы мәселелерді шешу жиі кешіктіріледі. Сондықтан салалық кеңестердің мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимылын күшейте отырып, ынтымақтаса жұмыс жүргізуі керек. Осыған орай  кездесуде бизнес өкілдері Әсет Серікұлынан кеңес қызметінде мемлекеттік органдардың тұрақты өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге жәрдем көрсетуін сұрады.

Кәсіпкерлердің өтінішін құп көрген облыс әкімінің орынбасары бұл тұрғыдағы ынтымақтастыққа барынша назар аударатынын жеткізді. Сондай-ақ, облыстың осы жылдың 10 айында түрлі салада жеткен көрсеткіштерін жіпке тізгендей баяндап, сол жетістіктерге жетуге кәсіпкерлер мен бизнес өкілдерінің үлкен үлес қосқанын атап өтті.

Соңында облыстық кәсіпкерлер палатасының жанындағы өңірлік кеңестің төрағасы Римма Салықова, салалық кеңестер төрағаларының атынан Б. Файзулин, М. Ахметжановалар сөз сөйлеп, ой-пікірлерімен бөлісті.

Қ. ОМАРАҚЫН
Фото: egemen.kz