Облыстық мәслихат депутаттарының қатысуымен облыс бойынша тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті. Онда облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мемлекеттік мекемесінің ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметін ұйымдастыруға бөлінген бюджет қаражатының және мемлекет активтерінің пайдаланылу тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізу қорытындысы қаралды. Бұл туралы комиссия мүшесі Қуаныш Ноғайбеков айтып берді.
– Қуаныш Жұмаханұлы, орман шаруашылығы мекемелерінде жүргізілген аудиторлық іс-шаралар туралы қандай қорытынды шықты?
– Мемлекеттік аудит жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын 7 коммуналдық мемлекеттік мекемеде жүргізіліп, алдыңғы жылдың қаңтарынан өткен жылғы желтоқсан аралығындағы кезең тексерілді. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мемлекеттік мекемесінің ведомстволық бағынысты ұйымдары бойынша бюджет қаражатының 832 239,0 мың теңгесі мемлекеттік аудитпен қамтылды. Аудит нәтижесіне сәйкес, жалпы сомасы 124 659,6 мың теңге бұзушылықтар анықталды, оның ішінде 4 716,1 мың теңге қаржылық бұзушылықтар (қалпына келтіруге жатқызылатыны 2 085,0 мың теңге, бюджет есебіне қайтаруға жататыны 2 631,1 мың теңге), 97 843,5 мың теңге бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, 22 100,0 мың теңге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау. Сонымен бірге, 30 бірлік рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар орын алған.
– Анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерге тоқталсаңыз?
– Анықталған қаржылық бұзушылықтар ҚР Қаржы министрлігінің бухгалтерлік есеп жүргізу қағидаларының, ҚР Мемлекеттік сатып алу туралы Заңының талаптарын, ҚР органдарының қызметкерлеріне сыйлық беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемақылар белгілеу туралы Ережесінің, ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесінің және ҚР мемлекеттік мүлік саласындағы Заңнама талаптарының сақталмауы салдарынан жол берілген.
Сонымен бірге, ҚР Еңбек Кодексінің 139-бабының 10-тармағының талабы және ҚР Үкіметінің 31 желтоқсан 2015 жылғы №1193 «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджеттік қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» қаулысының 3-тармағының 1) тармақшасының талаптары сақталмай, 2021-2022 жылдарда 832,5 мың теңге еңбек демалысы және сауықтыруға арналған жәрдемақы негізсіз артық төленгені анықталды. Сонымен бірге, ҚР Қаржы министрінің 2010 жылғы 3 тамыздағы № 393 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» қағиданың 187-тармағының талабы сақталмай, мекеменің есепшілеріне, мемлекеттік сатып алу маманына аудитпен қамтылған кезеңде 1 465,6 мың теңгені негізсіз артық еңбекақы ретінде төлеген. Негізсіз артық төленген қаражат бюджет есебіне қайтарылды.
– Аудит барысында бұзушылықтар мен кемшіліктерге жол берген лауазымды тұлғаларға қандай шара қолданылды?
– Анықталған бұзушылықтар бойынша мемлекеттік аудит жүрген мекемелерің лауазымды тұлғаларының әкімшілік жауапкершілігін қарастыру мақсатында ҚР Қаржы министірлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне 4 мемлекеттік аудит объектісі бойынша ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес 10 материал бағытталды.
«Жетісу облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану реттеу басқармасының» мемлекеттік мекемесінің ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметін ұйымдастыруға бөлінген бюджет қаражатының және мемлекет активтерінің пайдалану тиімділігіне жүргізілген аудит қорытындысы процессуалдық шешім қабылдау үшін Жетісу облысының прокуратурасына жолданды.
Отырыс қорытындысы бойынша Тексеру комиссиясының қаулысы қабылданды және аудит объектілеріне тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.
– Рахмет!
Сұхбаттасқан Айгүл Байжұмақызы