Тыңайтқыш – мол өнім кепілі

Уақыты: 24.02.2024
Оқылды: 416
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жетісу облысында жалпы егіс көлемі жылдан жылға ұлғаюда. Мұның ішінде бидай, қызылша, жүгері, көпжылдық шөп өндірісі салмақты сала саналады. Жалпы қандай да дақыл тұқымын өсіруде климат пен топырақ құнары лайықты болуы тиіс. Содан кейін агротехникалық талаптарды қатаң сақтау маңызды.

Соңғы 60-70 жыл ауқымында суармалы жердің бәріне үздіксіз егін егілгендіктен алқаптардың табиғи құнары сарқылуда. Сондай-ақ, оларға минералды, органикалық тыңайтқыштар дұрыс сіңірілмегендіктен дақылдардан мол өнім жинау мүмкін болмай қалды. Бұл Жетісу өлкесіндегі барлық егін шаруашылықтарына ортақ жағдай. Мәселен, жүгері мен қант қызылшасының тұқымы және көпжылдық шөп пен жеміс-жидек, бау-бақша дақылдары, көкөніс түрлері өсірілетін Жаркент өңірінің климаттық жағдайы мен топырақ құрамына қысқаша тоқталайық.

Аудан жері сары топырақты, көптеген алқабы құм-қиыршық тастақты болып келеді.Топырақ құрамында минералды элементтер мен гумус аз. Жердің жыртылатын қабатында 25-30 келі фосфор, 60-80 келі калий, 04-1,5 пайыз гумус болса, жылына түсетін атмосфералық ылғал 130-210 мм., оның жүгері дақылы өсіп-жетілетін уақытындағысы 70-90 мм. Жүгері тұқымы себілетін орта аймақтағы белсенді температура жиынтығы 2600-2850. Осыдан-ақ табиғи орта жағдайының қолайсыздау екені байқалады.

Сол себепті егін пісіп-жетілгенше алқаптар жер жағдайына қарай 6-дан 10 ретке дейін суарылуы керек. Бұдан тыс алқаптар органикалық, минералдық тыңайтқыштармен, энтомологиялық және фиталогиялық құбылыстарға қарсы жоғары дозамен өңдеуді қажет етеді. Жүгері өсіру өндірісі өркендеген өткен ғасырдың соңғы онжылдықтарында «дала аруы» алқаптарының әр гектарына 1,5-2 тоннадан тыңайтқыштар жыл сайын сіңірілетін. Ол кезде ауданға жыл сайын 40 мың тоннаға дейін минералды тыңайтқыштар тасылды.  Салыстырсақ, соңғы жылдары өңір диқандары науқан сайын жалпы 5 мың тоннадан аса минералды тыңайтқыштар алыпты. Оның 4412 тоннасы аммиак целитра, 137 тоннасы амафос, 351 тоннасы супер фост, 488 тоннасы фосфорлық тыңайтқыштар. Бұл тыңайтқыштар алқаптарының әр гектарына 3 центнерден ғана сіңірілді.

Халқымызда «Алмақтың да салмағы бар» деген даналық сөз бар. Демек, жер құнарын төмендетпей, қажетті органикалық және минералды тыңайтқыштарды уақытылы топырақ құрамына сіңіріп отыру шарт. Бұл бағытта шаруаларды қолдайтын Үкімет тарапынан қамқорлықтар жасалып келеді. Соңғы жылдары республикалық бюджеттен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне арзандатылған минералды тыңайтқыштар бөлініп жүр. Соның шапағатымен аймақтағы жүгері өсірушілердің бәрі болмаса да бірқатары тығырықтан шығып, алқабындағы агротехникалық шараларды сақтап, егістігіне минералды тыңайтқыштар сіңіруді әдетке айналдырған.

Десек те, қандай да дақыл күтімді, тиісті мөлшерде қолдан қоректендіруді, арамшөптер мен өсімдік зиянкестерінен сақтануды талап етеді. Гербицид, пестицид сияқты арамшөпті, құрттар мен өсімдік ауруларын тізгіндейтін улы химикаттар да қажет. Алайда алқаптардағы агротехнологиялық шараларды толық сақтауға мүмкіндік бар ма?!. Бүгінгі жағдайда бұл мүмкін емес деп батыл айтуға болады. Себебі, минералды тыңайтқыштар мен гербицидтерді қажетті мөлшерде табу қиын және қымбат. Биыл елде осы бағытта жұмыс істейтін «Дархан дала агрохимия компаниясы» ЖШС Жаркент өңірінде өзінің аймақтық филиалын ашып, Панфилов, Ұйғыр, Кеген және Райымбек аудандарындағы егіншілерді минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етпек.    

Серіктестіктің аймақтық менеджері Мырзағали Райымқұловтың айтуынша, биыл егін егу науқанына 10 мың тоннадан аса минералды тыңайтқыштар жеткізуді жоспарлап отыр. Қазір екі вагон аммиак селитарасы Панфилов ауданындағы Алтынкөл, Құндызды темір жол стансыларына келді. Оның зауыттан шыққандағы нақты бағасы 160160 теңге, Үкіметтен субсидия алатын шаруалар оны жарты бағасына, шамамен 88660 теңгеден алады. Бұдан басқа Ресейден келетін -Карбамит, (тоннасының бағасы 170 мың теңге), Нитроаммофоска НПК 16:16:16 (270 мың теңге), Аммофос (285 мың теңге), Диамофос 10:26:26 (237 мың теңге), Сульфат аммония (130 мың теңге) әкелініп, шаруаларға сатылады. Ресейден келетін тыңайтқыштарға субсидия қарастырылмаған.

Аталған теміржол стансыларына жеткізу келісім-шарт жасалғанан кейін жүзеге асырылады. Серіктестік Ақтау қаласындағы «Қаз азот» компаниясымен жұмыс істейді. Серіктестік өкілінің сөзіне қарағанда, теміржолдың тасымал шығыны да шаруалардың мойнына артылатын тәрізді. Шаруаларға қымбатқа соғатын минералды тыңайтқыштарға тәуелділіктен арылудың жолдарын іздеген тиімді. Ендеше ауыспалы егін технологиясына көшкен абзал, яғни, топырақтың құнарын арттыратын жоңышқа, майбұршақ, қарақұмық сияқты дақылдарды өсірген жөн.

Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы

Фото: agrovse.ru