Бүкіл банкке ортақ QR-код жылдың соңында пайда болады

Уақыты: 12.04.2024
Оқылды: 309
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ұлттық банктің басқарма төрағасы Тимур Сүлейменов БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында әр түрлі банктердің түрлі төлемдерін өзара қабылдайтын ортақ QR-код жылдың соңында пайда болатынын айтты.


«Бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Жүйені бірыңғай QR немесе түрлі банктердің QR коды деп те атауға болады. Бұл мәселенің техникалық жағы. Оңай болу үшін бірыңғай QR десек те болады. Мұндағы идея 100 пайыз Ұлттық банкке тиесілі Ұлттық төлем корпорациясының түрлі банктер қолданысқа шығарған QR-кодтарды өзара оқи алатын жүйе әзірлеуіне құрылған. Дүкенде QR-код арқылы төлем жасағыңыз келсе, Halyk немесе Kaspi бар ма деп сұрайды. Halyk-тың картасымен Kaspi терминалында төлем жасай алмайсың және керісінше. Бұл тұтынушыларға да, банктердің өзіне де қолайсыз деп ойлаймын. Өйткені транзакцияның бір бөлігі кетіп жатыр деген сөз», - деп түсіндірді Тимур Сүлейменов.

Сондай-ақ, ол «Bloomberg» агенттігінде жарияланған сұхбатта сөзі сәл бұрмаланып кеткенін айтты.

«Ол жерде монополияны төмендеткіміз келетіні туралы ой сәл теріс берілген. Шынымен де бізде төлем нарығының 80%-ын игеріп отыр. Бұл жақсы да, жаман да емес – қалыптасқан жағдай. Ал біздің транзакциялар кедергісіз жүретіндей жүйе құрғымыз келеді. Аталған екі банктің басшылығы бізбен белсенді жұмыс істеп отыр. Ешқандай қарсылық, дүдараздық жоқ. Банктер ондай жүйенің тиімді болатынын, өздеріне белгілі бір экономикалық пайдасы болатынын түсініп отыр. Жыл аяғына дейін жүйені қанатқақты режимде енгіземіз. Бірнеше банкке жалғап, сынақтан өткізіп көреміз. Ал келесі жылдың басында жобаны толыққанды іске асырып, бүкіл банктерді қосамыз», - деді Ұлттық банк төрағасы.

Фото: airlines.aero