БҰРЫНҒЫ ҚАТЕЛІКТЕР ҚАЙТАЛАНБАУЫ КЕРЕК

Уақыты: 12.04.2024
Оқылды: 442
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ширек ғасыр өтірік пен алдаудың дәуірі жүріпті. «Аңқау елге арамза молда» деген, бір жергілікті билік бірнеше жылда дәрігерлік амбулатория, спорттық не мәдени нысан бой көтерсе Қазақстанда баламасы жоқ деген желеумен атойлапты.Былай қарасақ, бәрі көзбояушылық болыпты. Қағаз жүзінде елімізде әлдеқашан қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнапты. Бірақ, қағаз бетіндегі шаруа мен күнделікті тұрмыс үйлеспейді.Қазір қоғам талабы басқа, нақ істердің уақыты әлдеқашан келген. Өтірікпен халықты жарылқап болдық, енді нақты іспен айналысу құзырлылардың міндетіне айналуы керек. Еліміздегі реформалар тегін жүзеге асқан жоқ. Президенттің де тапсырмасы – қағаз бетіне сапырылысқан сандарды қоя бермей халық игілігіне жұмыс істеу. Бұл біздің айтпақ ой емес, апта ортасында Жетісу облысының әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ Сарқан ауданының тұрғындарымен кездескен еді. Сол жиында осылай деген-ді.


Түйіндердің тіні тарқайды

Бұл аймақ басшысының жыл басталғалы халықпен бірінші кездесуі, ал өңір тізгінін тартқалы 34-ші есеп беруі. Сол есепті жиын Сарқан ауданынан шымылдығын түрді. Әдеттегідей кезекті кездесу қоғамдық қабылдаудан басталды. Жетісу облысы әкімінің қабылдауына екі кісі жазылыпты. «Сарқанда мәселе азайған ба?» деген таңданысын жасырмаған аймақ басшысына алғаш болып Еркеш Денисламова базынасын айта келіпті. Әдеттегідей сарқандық тұрғынды баспана мәселесі қажытса керек. Өйткені, бұл кісі өткен жылы да облыс әкімінің қабылдауында болған. Айтуынша, қызы баспана кезегінде 27-ші болып тұр. 2013 жылы кезекке тұрған екен. Мүгедек бала асыраушы ретінде үй алуы керек дейді өзі. Аймақ басшысы өңірімізде мемлекеттік үй қорынан баспана беру төңірегінде қалыптасқан түйткілдер барын, оны шешуге бірер жылда ауқымды шаруа атқарылып жатқанын сөз етті. Себебі, көпшілік білетіндей, осы уақытқа дейін облыста тұрғын үй салу қарқынды жүргенмен  пәтерлер «ұстағанның қолында» кеткен. Қалыптасқан тоңды дүниені жібіту оңай шаруа емес. Жылдар бойы шешімсіз қалған баспана беру мәселесінде былтыр сең қозғалды. Облыс көлемінде өткен жылы 2 мыңға жуық баспана өз иелерін тапты. Бұл өз кезегінде пәтерлі болуға ниеттілердің санына әсерін тигізді. Бірер жылдың өзінде үйлі боламын дегендер қайтадан кезекке тұра бастады. Аймақ басшысының айтуынша, қалыптасқан мәселені шешуде жүйелі жоспар бар. Мәселен, Сарқан қаласында «Болашақ» мөлтек ауданында 120 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй салынуда. Биыл пайдалануға берілмек. Одан өзге, өткен жылы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға беруге жоспарланған 24 жеке тұрғын үй сатып алынған еді. Олардың да кілті биыл табысталады. Облыс әкімі аудандағы кезекте тұрғандардың дені биыл үйлі болатынын жеткізді. Еркеш Денисламованың мәселесі де таяуда шешімін таппақ. 

Мұнан соң аймақ басшысының қабылдауына Мәмбетәлі Әтешов өз мәселесін арқалай келіпті. 2017 жылдан бері «Аманат-А» ЖШС аудандағы туризмді дамытуда ауқымды шаруалар атқарған. Ауданға қарасты Черкасск ауылдық округіндегі Лепсі өзенінің жағалауынан 10,5 гектар төрт жер учаскесін жалға алған. Мерзімі – 5 жыл. Осы аралықта тау шаңғысы және баллон трассасын, қонақүй кешені мен коттедж қалашығын салуы керек болған. Инвест жобаның құны  301,9 млн. теңге. Инвестор осы уақытқа дейін 139 млн. теңге ақша жұмсап, шаңғы және баллон трассасын салып, 4 аудан тұрғынын жұмыспен қамтыған. Алайда нысандарды пайдалануға беру құжаттары рәсімделмеген. 2019 жылы ғаламды дүр сілкінткен пандемия салдарынан құрылыс жұмыстары тоқтап қалған. Ал 2022 жылы қыркүйек айында жерді жалға алу мерзімі аяқталыпты. Еліміздің Жер кодексіне сәйкес өз міндеттерін тиісінше орындаған жалға алушы, жер учаскесінің шегаралары өзгермеген жағдайда, жалдау шартының қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін үш ай мерзімде жаңа мерзімге шарт жасасу ниеті туралы уәкілетті органға хабар беруі тиіс. Серіктестік басшысы 2024 жылғы қаңтарда «Жер учаскесін жалдау мерзімін ұзарту» мемлекеттік қызметін алуға өтініш берген. Ал  жалдау мерзімінің аяқталуына байланысты бұл қызметті алуы мүмкін емес екен. Енді ҚР Жер кодексінің 48-бабының 1-тармағына сәйкес бұл жер енді конкурстық негізде беріледі. Конкурс биыл тамызда жарияланады. Бастаған ісін әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік беруді сұрай келіпті. Мән-жайға қаныққан аймақ басшысы серіктестің шарт жасасуға артықшылықтары барын, туристік нысанның құрылысын әрі қарай жүзеге асыруға бар мүмкіндікті қарастыру керегін нығырлай айтып, аудан әкіміне тапсырма берді. Өз кезегінде Ғалымжан Маманбаев заң шеңберінде көмек берілетінін жеткізді. 

Жетістік бар, бірақ тоқмейілсуге болмайды

Мұнан кейін аудан әкімі тұрғындармен кездесті. Жиында өңірдің және ауданның даму жайын таразылады. Жалпы облыста экономикалық өсу бар. Еліміз бойынша Жетісу облысы көш бастап, өсім 117,4 пайызды құраған. Аймақ басшысы көрсеткішке тоқмейілсіп отыратын кез емесін, өңірді өрісті һәм өркенді ету жолында аянып қалмау керегін алға тартты. Себебі нақты жоспар бар, тек соны іспен дәлелдеу шарт. 

Тіршілігін ауылшаруашылығына теліген аймақта әуелгі жұмыс осы саланың тынысын ашуға бағытталады. Б. Исабаевтың айтуынша, биыл егістік көлемі 10,1 мың гектарға артып, мал шаруашылығынан өнім өндіру 1,4 пайызға ұлғаяды. Егін егуде басты назар әдеттегідей қант қызылшасына аударылып отыр. Жоспарлы жұмыс нәтиже берсе, биыл қамбаға 450-500 мың тонна тәтті түбір құйылады. Алайда  мол өнім алып, ол далада қалып, шаруалардың еңбегі еш кетпес үшін жүйелі жұмыс керек! 

– Өңірімізде қант қызылшасын өңдейтін екі зауыт бар. Көксу қант зауытының мүмкіндігі 200-250 мың тонна шикізатты өңдеуге жетеді. Қалған өнімді өңдеуге Ақсу қант зауыты қауқарлы болуы тиіс. Биыл бұл зауыттың толық әлеуетін ашуға бар мүмкіндікті жасаймыз. Президент тапсырмасына сай өңірімізді қант қызылшасын өндіру орталығы ғана етпейміз, қант өндіретін локомотивке айналдырамыз. Бұл ретте Сарқан ауданының да үлесі қомақты болмақ. Аудан былтыр да облыс бойынша жоғары нәтиже көрсетті. Биыл да сол үдеден төмендемейді деген сенім бар, – деді облыс әкімі. 

Жалпы, былтыр аудан ауылшаруашылығы 67,9 млрд. теңгенің өнімін өндіріпті. Биыл да осы қарқыннан танбас үшін сарқандық диқандар 100,7 мың гектар егін егуде. Былтырғыға қарағанда 2,7 мың гектарға артық. Оның ішінде 2,5 мың гектарға тәтті түбір екпек. Қант қызылшасын дамытуға облыста 8 жаңа сервистік дайындау орталығына 62 техника сатып алу үшін бюджеттен 2,5 млрд. теңге бөлінген. Ал Сарқан ауданына 14 техника берілмек. Дала еңбеккерлерінің жұмысын өнімді ету үшін су шаруашылығының маңызы зор екенін ескерсек, былтыр ауданға 106 млн. теңге бөлініп, осы сомаға Тәуке және Ащылы-Өзек магистральді каналдары күрделі жөндеуден өткізіліп, 1321 гектар суармалы жер қалпына келтірілген. 

Ауылшаруашылығы оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға елімізде кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Дейтұрғанмен, өңірімізде осы кезге дейін ветеринария саласына салғырттық байқалады. Адам саулығы үшін төрт түліктің амандығы ескерілмеді. Оны аймақ басшысы да жасырмады.

 – 2022 жылға дейін қазіргі қос облыстың, яғни сол кездегі Алматы облысының аумағында 5-ақ ветеринариялық пункт болды. Бұл маңызды саланың кешеуілдеп қалғанын аңғартады. Былтыр осы олқылықтың орнын толтыруға жұмыс істеліп, 24 ветпункт салынды және мал дәрігерлеріне 20 машина берілді. Биыл 23-ін салып, 10 машина беруді көздеп отырмыз. Келер жылы 25 ветеринариялық пункт бой көтереді. Шыны керек, бұл тарихта болмаған жағдай. Мал ауруы адам саулығының кепілі екенін назардан шығармауымыз керек, – деді Б. Исабаев.

Айта кететін жайт, биыл Сарқан ауданына қарасты Аманбөктер, М. Төлебаев және Шатырбай елді мекендерінде 3 модульдік ветеринариялық пункт салынуда, жаз айларында пайдалануға беріледі. 

Тұрғындардың тұрмыс сапасы жақсарады

Өңірде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымдарын жаңғыртуға да ден қойылмақ. Аймақ басшысының айтуынша, биыл облыстық маңыздағы 202 шақырым және 57 елді мекеннің ішкі жолдарын жөндеу жоспарланған. Сарқан ауданында туризмді дамытуға жол мәселесі кері әсерін тигізіп отырғаны да жасырын емес. Осы ретте Лепсіден Балқашқа созылған жол құрылысы да ұзаққа созылып кетті. Аймақ басшысы жобаның биыл аяқталатынын жеткізді.

 – Жетісу туристік кластерін дамытудағы аса маңызды саналатын Лепсіден Балқаш көліне дейінгі жол құрылысының ұзаққа созылған жобасы аяқталуға жақын қалғанын атап өткім келеді. Бүгінде жол қозғалысы ашық, шомылу маусымы басталғанға дейін абаттандыру жұмыстарын аяқтаймыз. Алматы–Өскемен тасжолынан Лепсіге дейінгі қалған 110 шақырымның 52 шақырымына екі қабат асфальт төселді, қалған 58 шақырымын асфальттың төменгі қабатымен биыл ашамыз деп жоспарлап отырмыз, – деді облыс әкімі.

Былтыр Сарқан ауданындағы жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу және күтіп ұстау үшін бюджеттен 4,2 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаражатқа Қойлық–Қарғалы, Қойлық–Қарғалы–Шатырбай облыстық маңыздағы жолдар жөнделді. 5 елді мекендегі көшелерге күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл осы бағытта шаруаларды еңсеру үшін 2,4 млрд. теңге қаралып отыр. Бұл ретте Мұқан Төлебаев ауылындағы Лепсі өзенінен өтетін көпір салу жоспарланған. Қазір мердігермен келісімшарт жасалған. Бұйыртса, үстіміздегі жылы қараша айында көпір пайдалануға берілмек. Әрине, көпті алаңдатқан Екіаша–Аманбөктер тасжолы да биыл жөнделеді. Аудандағы 6 елді мекеннің   9 көшесі қайта жаңғырады. 

Тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту үшін көгілдір отынға қолжетімділікті арттыру маңызды. Қазір өңірдің 46 пайызы, яғни 321,7 мың тұрғыны табиғи газға қол жеткізген. Өткен жылдың өзінде облыстың 9 елді мекені газ желісіне қосылды. Қуантарлық жайт, алдағы үш жарым жылда Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының 124 мың тұрғыны қатты отын тұтынуды доғарады. Оның ішінде Сарқан ауданының 18 ауылы көгілдір отын пайдаланатын болады. Ол үшін Талдықорған–Үшарал магистральді газ құбыры тартыладі.

 – Талдықорған –Үшарал магистральді газ құбыры өңірде жүзеге асатын ауқымды жобалардың бірі. Президенттің халықты газбен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде республикалық бюджеттен бөлініп отыр. Құны 100 млрд. теңгеден астам. Қиын-қыстау сәтте мұндай жобаны қолға алу үшін көп тер төгілді. Әкім ретінде берген уәдем орындалуда. Бастысы, Президент тапсырмасын жүйелі жүзеге асыруымыз керек, – деді аймақ басшысы. 

Жалпы, облыстың ауызсуға қатысты мәселесінде айтарлықтай мәселелер бар еді. Соның ішінде Сарқан ауданы үшін де аса өзекті-тін. Қазір айтулы мәселе кезең-кезеңімен шешілуде. Ауданға қарасты 36 елді мекеннің 28-і орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Дейтұрғанмен, Сарқан қаласының ауызсуы әлі де өзекті. Биыл осы мәселені шешу үшін бюджеттен 283,9 млн. теңге қаралып отыр. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталып, сарқандықтардың  ауызсуға қолжетімділігі артады. Сонымен қатар, аудан орталығында жылумен жабдықтау сапасы да жақсарады. Өткен жылы қаланың 2 қазандығы ауыстырылды. Шыны керек, бұл жылу желісіне қосылатын абоненттер санын көбейтуге мүмкіндік береді. Сарқанда тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының жоқтығына байланысты осы мәселені шешу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысы шілде айының соңында шығады деп күтілуде.

Жоғарыда айтқанымыздай, тұрғындардың баспана мәселесін шешуде де оң көрсеткіш бар. Биыл Сарқан ауданында 14,8 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда, оның 10,2 мың шаршы метрі бюджет есебінен беріледі. Атап айтқанда, қазір салынып жатқан 60 пәтерлі жалға берілетін екі үйді қазан айында пайдалану жоспарланып отыр. Өткен жылдың қыркүйек айында басталған жалпы құны 868 млн. теңгеден асатын 60 пәтерлі жалгерлік жеті үйдің инженерлік-коммуникациялық желілері салынуда.

 – Халықтың баспанаға мұқтаждығын азайту жоспарымыз бар. Бірақ, қаншама уақыттан бері үй берілмеуі, былтырдан бастап пәтер берілуі кезекте тұрғандардың қатарын молайтты. Мынаны түсінген абзал «Мемлекеттің халқы өскенмен, оның территориясы өспейді». Осы ретте қолда бар мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек. Жетісу өңірінде баспана мәселесінің жүйелі шешілуіне Президенттің, Үкіметтің қолдауы сеп болуда, – деді аймақ басшысы.

Өз сөзінде облыс әкімі білім беру, спорт, мәдениет және өзге де салаларда атқарылған жұмыстарға тоқталды. Жер мәселесі жайлы айта келіп, ол биылғы жылы ауданда халықтың өтінішін ескере отырып, республикада алғаш рет пилоттық режимде ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді бөлу конкурсының барынша ашықтығын қамтамасыз ету және адами факторды толық жою мақсатында электрондық форматта өткізілетінін атап өтті.

 – Біз жер мәселесінде мұқият болуымыз керек. Уақытында жүздеген, мыңдаған гектар жер кім болса соған берілді. Нәтижесінде, жер төңірегінде түйткілді мәселе туындады. Қазір пайдаланылмай жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Кезінде кеткен қателікті қайтадан қайталамауымыз керек. Конкурстарды дұрыс ұйымдастыру қажет. Ақсу, Ескелді ауданында конкурстар төңірегінде мәселе туындап, арты сотқа жетті. Мынаны түсінгеніміз абзал, жер тек жұмыс істейтін шаруаға берілуі тиіс, – деді аймақ басшысы. 

Жиын соңында аудан тұрғындары облыс әкіміне сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, Сарқан қаласының аумағындағы жайылым тапшылығы, Ақтұма ауылында мектепті жөндеу туралы мәселелер көтерілді. Ал Қойлық ауылының тұрғыны жер мәселесін шешуге көмек көрсетуді сұрады. Тіпті, қолында сот шешімі болғанымен  мәселенің әлі шешілмегенін алға тартты аудан тұрғыны. Аймақ басшысы өз кезегінде тиісті мәселелерді шешуге нақты жауаптар беріп, құзыреттілерге тұрғындар мәселесінің түйінін тарқатуды тапсырды. 

Дастанбек САДЫҚ