Диқандар қуанышы

Уақыты: 19.07.2018
Оқылды: 1600
Бөлім: ЭКОНОМИКА
Өткен жылы тау өзені тасыған кезде Қарқара ауылдық өңіріне қарасты «Құмтекей» арнасының бөгеттерін су шайып, іске жарамсыз еткен еді. Мұны назарға алған аудан әкімі Талғат Байеділов су арнасын қайта қалпына келтірудің іс-шараларын қолға алып, игілікті іске бастамашы болды.
– Ұзындығы 17 шақырымды құрайтын «Құмтекей» арнасы арқылы Қарқара өңірінен жалпы 4400 гектар егістік, көпжылдық шөп, картоп алқабы суарылады. Каналды қалпына келтіруші азаматтарымыз қысқа мерзімде сапалы жұмыс жүргізді. Оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Енді диқандар, фермерлер каналдың игілігін көретін болады, – дейді Кеген ауданы әкімінің орынбасары Дастан Құдабаев. 
Тендер бойынша құрылыс жұмысын «Айсем и КО» ЖШС ұтып алған болатын. Серік Айтқожин басқаратын мекеме қажетті  қазатын, күрейтін, тегістейтін қуатты трактор, техника, сыйымдылығы үлкен жүк көліктерімен қарқынды еңбек етіп, жұмысты мерзімінен бір жарым ай бұрын бітірді. Осылайша, жөндеуден өткен арнаға су жіберіліп, егістік алқабындағы жұмысшылардың қуанышы еселене түсті.

Қанат БІРЖАНСАЛ
Кеген ауданы