Арпа-бидайға орақ түсті

Уақыты: 19.07.2018
Оқылды: 1559
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Осы аптада Балқаш ауданындағы 3680 гектар бидай мен 3140 гектар жерге егілген арпа дақылына орақ түсті. Осы ретте аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов,  орынбасары Бауыржан Дәрібаев, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Бүркіт Мұқанов, Ақдала ауылдық округінің әкімі Әділғали Болатов, «Өтес-Ақдала» ЖШС-нің егіс алқабында болып, егін ору науқанымен танысты. 

«Өтес-Ақдала» ЖШС директоры Марс Дәулетбаев, аталмыш шаруашылықтың №4 бөлімшесінің басшысы Ержан Қойшығұлов, агроном Ерлан Нұрлыбеков аудан басшысына арпа-бидай орағының жұмыс барысын баяндады. Биыл «Өтес-Ақдала» ЖШС 822 гектар жерге арпа еккен еді. Егіс алқабында «Torum – 740» маркалы екі комбайн жұмыс істеуде.
– Әрине, мұндай зор жетістікке Ғалым Қасымұлының өңірдің егін шаруашылығын өркендету жолында атқарылып жатқан жұмыстарды назарға алып, қатаң қадағалауында, сондай-ақ, еңбеккерлердің ерінбей атқарған ерен еңбегінің арқасында қол жеткізіп отырмыз, – дейді өңір диқандары.  
Айта кетерлігі,  биыл өткен жылмен салыстырғанда арпа-бидай өнімділігі жоғары болады деген болжам бар. Осы болжамның толық орындалатыны немесе орындалмайтыны жайлы аудан басшысы егін орағының өнімділігі жайында шаруашылық директоры Марс Дәулетбаевпен әңгімелесті. Аудан әкімінің сұрағына тұшымды жауап берген ол:
– Ерте себілген егіннің арқасында арпа өнімі жылдағыдан жоғары. Сонымен қатар, егін орағына қажетті техникалардың жанар-жағармайы мен қосалқы бөлшектері де жетерліктей болғандықтан техникалар тоқтаусыз жұмыс атқаруда. Қажетті тыңайтқыштар да дер кезінде беріліп, өнім сапасы  арта түсті, – деп жауап берді.
Диқандардың қажырлы еңбегін, мол өнімге деген сенімін көрген өңір басшысы оларға егісті төгіп, шашпай, толық жинап алу жайлы тапсырма берді.  Диқандар да өз кезегінде осындай ауқымды жұмыстарды атқаруға барлық жағдай жасап отырған аудан басшысына өз ризашылығын білдіріп жатты.

Алтынай ТАЛҒАТҚЫЗЫ 
Балқаш ауданы