АРПА, БИДАЙ АС ЕКЕН...

Уақыты: 24.07.2018
Оқылды: 2780
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Алакөл ауданында астық ору науқаны басталды. Шаруалар арпа-бидайды жинап, егін ору қарбаласының бел ортасында. Осыған орай науқан барысымен танысу үшін аудандық ауылшаруашы- лығы бөлімінің  бас маманы Ерлан Төкеновпен жолықтық.

 

   Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Ерлан Ерболұлы өңірде атқарылып жатқан егістік жұмыстарын кеңінен тарқатты.
– Жалпы аудан бойынша 83370 гектарға дақыл себілген. Оның ішінде 32074 гектары дәнді дақыл. Бүгінгі күні күздік бидай мен арпа жиналуда. Сонымен қатар, мал азығын дайындау бойынша 9276 гектар жердің алғашқы шабысы шабылып, 20500 тонна пішендеме, мал азығын дайындау барысында 75 мың тонна табиғи шөп жиналды. Алдағы жоспар дәнді дақылдардың жиын-терін жұмыстары. Оған 70 комбайн сақадай сай дайын тұр. Қыркүйек айының басына дейін толығымен дәнді дақылдарды жинаймыз, – деді. Ағымдағы жылы белгіленген межені жоспарланған мөлшерден асыра орындаған ауылшаруашылығы қызыл қырманның қызған шағында 67,8 мың тонна майлы және 67,9 мың тонна дәнді дақыл  алған. Мамандардың биылғы жоспары да егістікті мол жинау.
   Ат басын Ақжар ауылдық округіндегі «КТ Жазылбеков и К» шаруашылығына тіредік. Мұнда 1000 гектар күздік бидай мен 2050 гектар арпа егіліп, пісіп тұр. Егін ортасында қызу жұмыс. Әркім өз ісімен айналысып, тыным табар емес. Ауылшаруашылығының жұмысын жүргізетін техникалар да жеткілікті.  Шаруаға 3 комбайн, 2 «КамАЗ» жұмылдырылған. Бункерге толған дән жүк көліктеріне құйылып, астық сақтайтын қоймаға тасымалдануда. Күніне 25 гектар дәнді дақыл шабылуда. Шаруашылық басшысы Асқар Жазылбеков: «Биылғы еккен «булава» бидай сұрпының түсімі жақсы, әр гектардан орта есеппен алғанда 20 – 22 центнерден айналуда. Алдағы мақсат осы өнімді төкпей-шашпай жинап алу.  Егістік жинаудың алғашқы күндері болған соң әзірге үш комбайн жұмылдырылды. Жұмыс қарқын алғанда тағы да техника қосамыз, – деді. Көзіміз көргендей шығыстағы шекаралы аймақта қызу еңбек. «Жаздың бір күні қысқа азық» екенін осыдан-ақ байқауға болады.   

Айдар ҚАЛИЕВ.