МЕМЛЕКЕТТІК САРАПТАМАНЫҢ МҮМКІНДІГІ

Уақыты: 26.07.2018
Оқылды: 1247
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу үрдісін жетілдіру және сараптау қызметінің тиімділігін жоғарылату мақсатында «Мемсараптама» РМК Алматы облысы бойынша филиалы мен мемлекеттік сәулет-бақылау басқармасы» ММ  бірлесе отырып «дөңгелек үстел» өткізді. Оған бюджеттік бағдарлама әкімшілері, облыстық, қалалық және аудандық мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік кәсіпорындар бастаған құрылыс нысандарының тапсырыс берушілері және өңірдің жобалау ұйымдары қатысты. Шараны «Мемсараптама» РМК Алматы облысы бойынша филиалы директоры Нұрлан Чимбаев жүргізіп отырды.

 

   «Дөңгелек үстелдің» бірінші бөлімі «Мемсараптама» РМК орталық аппаратымен онлайн-режимде өтіп, жобаларға экологиялық сараптама жүргізу, сондай-ақ, ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу құрамындағы қоршаған орта эмиссиясына рұқсат беру бөлімі бойынша биылғы 8 маусымнан бастап күшіне енген жаңалықтар баяндалды. Аталған өзгерістерге байланысты жаңа функционал құрылды және ашық трансляция шеңберінде epsd.kz және ВКСБЭЖ электронды порталының қолданыстағы модульдары таныстырылды. Осыған орай, «Мемсараптама» РМК Алматы облысы бойынша филиал директоры Нұрлан Чимбаев жобалау-құрылыс кешенінің барлық қатысушысының қарым-қатынасын үйлестіру қажеттілігі жайлы өзекті мәселелерді атап айтты. Сонымен бірге,  сараптаманың өз қызметін атқаруда кездесетін мәселелерін де сөз етті.
   Расында, облыстағы құрылыс көлемі республикада алдыңғы орында келеді. Сондықтан өңірде тұрғын үйлерді іске қосу, өндіріс, сауда, әлеуметтік, мәдени бағыттағы жаңа объектілерді салу, сонымен қатар, транспортты коммуникациялар бойынша мемлекеттік тапсырмаларды орындау жобаларға уақытылы және сапалы сараптама жүргізуді талап етеді. Осы жұмыстарды қадағалайтын «Мемсараптама» РМК жылдамдықты, тиімділікті, сонымен бірге, шешім қабылдауда қаталдық пен табандылықты талап етеді. Осы тұрғыдан да өңіріміз басқа облыстарға қарағанда алда келеді. Айталық, өткен жылы сараптамаға бюджеттен қаржыландырылатын 252 жоба ұсынылса, биылғы жеті айда 115 жоба ұсынылыпты. Демек, осындай жетістікті жетілдіре түскеніміз жөн.  
   Келесі бөлімде облыстағы жобалау-құрылыс кешенінің ішкі мәселелері қарастырылды. Осыған орай,  «Құрылыс объектілерін жүзеге асыру барысында сәулет-құрылыс бақылауын жүргізу, сапасыз жобалау және құрылыс салу мәселелері» атты тақырыпта Алматы облысы бойынша мемлекеттік сәулет-бақылау басқармасының басшысы Данияр Абдыбеков баяндама жасады. Ол өз сөзінде бюджеттік объектілерді салуды бақылау мен қадағалау барысында орын алатын кемшіліктер туралы айрықша тоқталды және оны түзетудің жолын  атап өтті.
   «Мемсараптама» РМК Алматы облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Татьяна Евтушевская облыстық филиалдың өткен жылғы атқарған жұмыстары жайында баяндама жасады. Сонымен қатар, «Мемсараптама» облыстық филиалының мамандары ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу барысында мемлекеттік сараптама ұйымы мен тапсырыс берушілердің өзара әрекеттестігінің құқықтық аспектілерін,  жобаларды қарастырудың жалпы тәртібі мен техникалық қолдау аясында туындайтын мәселелер, түзету жасалатын объектілер және құрылысы аяқталмай қалған объектілерге сараптама жүргізудің ерекшеліктері, өңірдегі жобалау саласының сапасын арттырудағы мемлекеттік сараптама мен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы арасындағы өзара әрекеттестік мәселелерін түсіндіріп берді.
   Шара аясында «Мемсараптама» РМК Алматы облысы бойынша филиалы мен  Алматы қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы құрылыс және жобалау сапасын қамтамасыз ету туралы бірлескен өзара әрекеті алдағы уақытта да жалғасатын болды. Сондай-ақ, мемлекеттік сараптама ұйымы, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері, жобалау ұйымдары арасында ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізудің бизнес процесі аясында туындайтын маңызды мәселелер  де әңгіме өзегіне айналды.

Қажет АНДАС.