АТҚАРЫЛҒАН ІС АУҚЫМДЫ ОҒАН КЕМШІЛІКТЕР КЕДЕРГІ КЕЛТІРМЕУІ ТИІС

Уақыты: 26.07.2018
Оқылды: 1323
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ төрағалығымен өткен алқа отырысында ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен атқарылған істер сараланып, алға қойған межелі міндеттер пысықталды. Жиынға аудан, қала әкімдері, облыстық деңгейдегі департамент пен басқарма басшылары, мәслихат хатшылары, құқық қорғау органдары мен кәсіподақ ұйымдарының, «Нұр Отан» партиясы филиалының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

 

   Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы алдымен күн тәртібінде қаралатын негізгі мәселелермен таныстырды. Одан кейін облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов бірінші жартыжылдық ішінде атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта іске асырылуы қажет шаруа жайын баяндады. Сонымен қатар, азды-көпті кеткен кемшіліктерді де назарға алып, түзету жолдары қарастырылды. Онда мәлім болғандай, өңір экономикасын дамытып, өнімді еселей түсуде жыл басынан бері бірқатар істің басы қайырылып, оң нәтижеге қол жеткізіле бастаған. Қай салада болсын алға басу бар. Бірінші жартыжылдықта экономиканың барлық салаларында өсім қарқыны сақталып, 5,3%-ды құраған. Еліміз бойынша ет өңдейтін 14 трансұлттық компания жұмыс істесе, оның 9-ы біздің облыста орналасқан. «Империя Фуд» ет және «Маревен Фуд» сынды азық-түлік өндіретін кешендерді іске қосу екінші жартыжылдық жоспарында. Жалпы, маңызды экономикалық жетістіктер мен шағын және орта бизнес үлесі 39%-дан 50%-ды құрайды.
   Бірақ  жергілікті әкімдерге әлі де атқарылатын шаруа жеткілікті. Көрсеткіш бойынша ет және сүт өнімдерін экспорттау төмендеген. Өткен алты ай ішінде жоспарлаған 2 мың тонна еттің бірде-бір келісі шекара сыртына өтпеген, яки сатылмаған. Қазіргі таңда 15 заманауи бордақылау алаңының 8-і ғана бой көтерген. Мал бордақылау алаңы Ақсу, Ескелді, Қаратал, Панфилов және Жамбыл аудандарында салынбаған. Сондай-ақ, тауарлы-сүт фермасы да бой көтермеген, бұл тұрғыдағы тізімге Сарқан, Алакөл, Көксу, Кербұлақ  аудандары кіреді.  
   Жалпы сүт және ет өңдеу деңгейі төмен. 10 мың жеке- қосалқы шаруашылықтардың 3,4%-ы ғана ауылшаруашылық  кооперативі қатарына кірген. Жыл басынан бері Балқаш, Қаратал, Кербұлақ, Көксу және Ұйғыр аудандарында бірде-бір кооператив құрылмаған. Бұл тұрғыда көптеген кемшіліктерді тізіп берген облыс әкімі: «Неліктен біз жыл сайын агроөнеркәсіптік секторындағы жұмыстарды алға шығармаймыз?! Ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жұмысы неліктен төменгі деңгейде, қандай сепептен кооперативтер құрылмаған және  ет экспорты не үшін төмен?», – деп облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Сексенбай Бекішовты сын садағына алды. Сонымен қатар, жоғарыда аталған аудандардағы кемшіліктерді түзеп, берілген тапсырмаларды қайта қарауды, дұрыс орындауды аймақ басшыларына қадап айтты.
   Сондай-ақ, Жеңіс Шылбынұлы қатысушыларды, жоспарланған 100 шағын бизнес нысанының бүгінгі таңда 32-сі ғана іске қосылғандығын тілге тиек етті. Аталмыш салаға жүйелі қолдау көрсетіліп, миллиардтаған теңге бөлінсе де әлі күнге қозғалыссыз екендігін айшықтады. Жұмыс жүйеленбейінше  бөлінген қаражатты кімнің қалай игеретіні де белгісіз. Мысалы, Іле ауданында жоспарланған 8 нысанның әлі күнге дейін біреуі де ашылмаған. Бұл басқа аудандарға да қатысты мәселе.  Бизнестің басым бағыты болып табылатын 84 заманауи сауда орындарының тек 8%-ы ғана сұранысқа сай. Осы бағытта аймақ басшыларына бірқатар істерді атқару қажет. Көлеңкелі экономиканы жою үшін кейбір аудандарда қолма-қол ақшасыз есеп жүргізетін пост-терминалдар орнату белгіленген. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құнын арттыру міндеттелген. Бүгінгі таңда бірқатар аудандарда сауда-саттықтың 19 атауы бойынша 11 түрінің құны артқан.
   Туристік сала бойынша қызмет көрсету 1,4 есе өсіп, түсім 3,9 млрд. теңгеге жеткен. Бір ғана Алакөлге жарты миллион турист келіп, демалған. Тағы да маңызды бағыттың бірі құрылыс екені анық. Бұл тұрғыда құрылыс басқармасының басшысы Болат Тәкеновке өңір әкімі бірқатар сауал қойды. Әсіресе,  5 әлеуметтік бастама бойынша  «7-20-25» бағдарламасының қарқынын арттыру мәселесін көтерді. «Бұл өте қажетті бағдарлама, ал сіздер әлі баяу қимылдау үстіндесіздер. Қай жерден қанша үй тұрғызуды да білмейсіздер. Қандай компаниялармен жұмыс істеуде  әлі күнге дейін бейхабарсыздар!», – деген Амандық Ғаббасұлы мектеп құрылысына да тоқталып өтті. «Барлық оқу орындарының құрылыс жұмыстары мерзімді уақытында ел игілігіне берілуі тиіс. Бірінші қыркүйекте облыс аумағында салынып жатқан 9 мектептің кем дегенде 7-інің есігі ашылуы қажет».
   Осы орайда, Болат Тәкенов барлық мектеп нысандарының 25 тамызға дейін дайын болатындығын атап өтті. Сондай-ақ, «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтер алғысы келгендердің арманы ақиқатқа айналатындығын да тіліне тиек етті.
   Талдықорған қаласын газдандыру жұмысы бойынша атқарылған жұмыстар бүгінгі таңда сын көтермейтін жағдайда. Көгілдір отынмен қамту мүмкіндігі кеңінен туғанымен,  тек 501 тұрғын ғана газға қол жеткізген. Бұл тұрғыда өңір басшысы  облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық  басқармасының басшысы Әсет Қанағатовтан талап еткенімен, басқарма басшысы көгілдір отынмен қамту жұмысының баяу жүргізіліп жатақанына және неліктен газдың жоқ екеніне тұшымды жауап бере алмады.  Осылайша әлеуметтік және басқа да бірқатар сала бойынша жұмыстардың көрсеткішін  саралап өткен өңір басшысы: «Бір әкім жұмыс жасап жатқанда, өзге әкім қарап отырады», – деп аймақ басшыларына астарында терең мән жатқан сын сөз арнады.
   Алқалы жиында Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ аймақтың экономикалық жетістігі мен атқарылып жатқан жұмыстарын баяндап өтсе, өз кезегінде сөз алған Балқаш ауданының әкімі Ғалым Тоқпейісов өзі басшылық еткен өңірдің әрбір мәселесін жіпке тізіп, жетістігін желпінте жеткізді. Өзге де аудан және басқарма басшыларын тыңдаған облыс әкімі Амандық Баталов ел үшін қызмет етуден асқан ұлы іс жоқ екендігін атап өтіп, алқалы жиынға қатысушы барлық ел азаматтарына бірқатар міндеттемелер мен тапсырмалар жүктеді. Елбасының ерекше ықыласына ие болған жетістігімізді еслеп арттырмасақ, төмендетпеуіміз қажет екенін де қадап айтты.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.