ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ

Уақыты: 29.07.2018
Оқылды: 1342
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Жетісу жері алдағы уақытта тағы да бірқатар сәулетті ғимаратпен толықпақ. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен өткен кездесуде айтылды. Облыстық мекеме басшылары, елімізге танымал құрылыс компанияларының төрағалары және сала мамандары, Қазақстан Сәулетшілер мен Дизайнерлер одақтарының мүшелері және аудан, қалалардың бас сәулетшілері шақырылған жиында жеті нысанның жобасы таныстырылды.

 

   Ең бастысы, бұл нысандар мемлекет пен бизнестің әріптестігі аясында салынады. Шара аясында облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы өңіріміздің құрылыс саласындағы жаңалықтар туралы баяндап, мемлекет пен бизнестің әріптестігі аясында бой көтеретін нысандардың құрылыс жобасы, сәулеті, жұртқа тигізетін пайдасы, облыстың өркендеуіне қосатын үлесі туралы сөз етті. Сондай-ақ, құрылыс жұмысы барысында ескерілетін мәселелерді алға тартып, оны құрылыс компанияларының басшыларымен келісе отырып, ортақ байламға келетінін білдірді.
   Расында, облысымызда кейінгі жылдары құрылыс саласының тамырына қан жүгіріп, өлкемізде көз сүйсінетін ғимараттар бірінен соң бірі бой көтере бастады. Саннан гөрі сапаны басты орынға қоятын жерлестеріміз құрылыс басталмас бұрын оған тапсырыс беруші және жобалаушы мекемелердің, мердігер компаниялардың  жұмысын саралап, сараптап  алуды дәстүрге айналдырды. Осы реткі кездесуде Талдықорған қаласындағы жабық жеңіл атлетикалық жарыс алаңы, Қарасай ауданы Райымбек ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені және Әйтей ауылындағы 1200 орынды орта мектеп, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш кентіндегі 250 төсектік аурухана, Қапшағай қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 400 орынды Мәдениет үйінің ғимараты, Талдықорған қаласындағы жабық жүзу бассейні сияқты нысандардың жоба-жоспары қаралып, алдағы жұмыс барысы талқыланды.
   Шара аясында аталған нысандарды салуды жауапкершілігіне алған «Элит Строй» ЖШС, «ВІ Urban Construction» ЖШС, «Базис» ЖШС-лардың төрағалары мен мамандары «Жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын» алға тартып, өңірдің өркениеті мен елдің болашағы үшін қолдан келер көмектен аянып қалмайтынын тілге тиек етті. Тіпті, мемлекет пен бизнестің әріп-         тестігі арқасында атқарылған жобалардың екі жаққа да тиімділігін баяндады.
   Олардың айтуынша, кәсіпкерлердің қаржысымен салынатын нысандар ел өмірінің өркениетін еселей түседі. Ал кәсіпкер шығын еткен қаржыны мемлекет келісілген мөлшері бойынша бірнеше жылда төлеп береді.  Демек, бір жағынан кәсіпкер азаматтардың елжандылығын айқындайтын жоба, екінші жағынан экономиканы өрлетіп, әлеуметтің әлеуетін арттыруға сеп болады.

Қажет АНДАС.