ТОҒЫЗ КӨШЕГЕ СУ ҚҰБЫРЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Уақыты: 29.07.2018
Оқылды: 1191
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   «Су – тіршілік нәрі». Халықты ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында елімізде  көптеген жұмыс атқарылуда. Соның біріне тоқталар болсақ, «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында  ауданымызда қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан  Бақбақты ауылдық округіндегі су құбырын салу  жұмыстары. Аудан басшысының басты назарында тұрған нысан жұмысын мамыр айында бастады.

 

   Ауыл халқын ауызсумен қамтамасыз  ету мақсатында  атқарылып жатқан жұмыс барысымен жақынырақ танысу үшін осы аптада сол Бақбақты ауылына арнайы барып қайттық. 
   Округтің әкімі Қали Сәтбаев тілшілерді күтіп алып,  су қоймасына жол бастап барды. Осы жерде бізді ауылға су құбырының  жүргізілуіне жауапты мекеме «Фуд-МС» ЖШС-нің  құрылыс басшысы Ғалымжан Омаровпен  жолықтырды. Су құбырын жүргізудің хас шеберіне айналған  білікті маманның жұмыс тәсілін көзбен көріп, тәнті болдық. 
   Әңгіме барысында Ғалымжан Омаров   жоспарланған жұмыстың бүгінгі таңда елу пайызы атқарылғанын айтты. Қарқынды жүргізіліп жатқан жұмыс жүйесінің бірі – 600 текше метрлік екі бірдей су қоймасының құрылысы. Сонымен қатар, көшелерге қойылатын 97 құдықтың 50 данасын өздері  арнайы қалыппен пішінге салып  құйған. «Бұл тәсіл біз үшін ұтымды әрі тиімді» дейді құрылыс басшысы. 
Ауыл көшелеріне жалпы ұзындығы 7 шақырымды құрайтын су құбыры толық жүргізілгеннен кейін су қоймасындағы бұрынғы 25 текше метрлік су мұнарасын 50  текше метрлік жаңа  мұнарамен  ауыстыратындығын әңгіме арқауына айналдырды.  
   Бақбақты ауылында 930 түтін болса, халық саны  4141 тұрғынды құрайды. Ауылдағы 28  көшенің осыған дейін 9-ына су құбыры жүргізілген. Осы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде биыл тағы да 9 көше тұрғындары ауызсумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, қалған 6 көшеге де болашақта су құбыры жүргізіледі деген жоспар бар. 
Ауыл халқын жүз пайыз ауызсумен қамтамасыз ету болашақтың еншісінде екендігін ауыл әкімі  бізбен болған әңгіме барысында тілге тиек етті.

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы