ЖҮГЕРІ ӨСІРУДЕГІ ЖАҢАШЫЛДЫҚ

Уақыты: 10.09.2018
Оқылды: 1178
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Еңбекшіқазақ ауданының диқандары биылғы Егіс алқабы күнінде қытайбұршақ пен жүгері дақылдарын өсірудің технологиялары туралы мол ақпаратқа қанықты. Жаңашар ауылдық округіне қарасты Космос елді мекеніндегі Мәдениет үйінде өткен облыстық семинар-кеңесте осы тақырып жан-жақты қозғалды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров, аудан әкімдерінің орынбасарлары, ауылшаруашылығы мамандары, шаруа қожалық иелері, сонымен қатар жүгері мен қытайбұршақ будандарын өсіретін шетелдік белді компаниялардың өкілдері қатысты.

 

   Семинар-кеңесті облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде еліміздің аграрлық саласы бәсекеге қабілетті өнім шығара алатын дәрежеге көтерілу керектігін айтты.
– Елбасы ауылшаруашылығы ел экономикасының драйверіне айналуы керектігін атап көрсетті. Осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламалар жүйелі жұмыс істеуде. Елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық өнімдерді экспортқа шығару кезек күттірмейтін іс. Сондықтан, жаңа технологияларға негізделген инновациялық жүйелерді ауылшаруашылығына көптеп енгізуіміз қажет. Осындай семинар-кеңестердің жиі өтіп тұруы, сөз жоқ, алға қарай қадам басуға өз септігін тигізеді, – деді Серікжан Ісләмұлы.
   Жиында облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Сексембай Бекішев Жетісу өңірінде қытайбұршақ пен жүгері дақылдарын өсірудің бүгінгі жағдайы мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.
– Қазіргі таңда өңірде қытайбұршақ пен жүгері дақылын өсіруге ерекше көңіл бөлініп келеді. Биыл 108,0 мың гектар алқапқа қытайбұршақ өсірілді. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда мың гектарға артық. Қытайбұршақ өсірумен, әсіресе, Ақсу, Алакөл, Еңбекшіқазақ, Ескелді, Көксу және Сарқан аудандары айналысады. Өткен жылы 237 мың тонна өнім алынды. 2020 жылы оның көлемін 257 мың тоннаға дейін жеткіземіз деген жоспарда бар. Дәндік жүгері дақылдары 80,0 мың гектар алқапқа егілді, өткен жылғы өнімділік көрсеткіші 512 мың тоннаға жетті. Өкінішке қарай, шаруа қожалықтарының бәрі жоғары репродуктивті тұқымдарды пайдалана бермейді. Сондықтан, осы салаға жауапты мамандар тұқым шаруашылығын қатаң бақылауда ұстағаны жөн. Шаруа қожалықтарының тапсырысы бойынша шетелдік тұқымдарды жеткізумен «TUKUM KZ», «TUKUM PRO KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері айналысады. Әрине, біз ойдағыдай көрсеткіштерге қол жеткізу үшін осы саладағы шетелдік мамандардың тәжірибесіне сүйенуіміз керек, – деді Сексембай Төлеубайұлы.
   Аталған семинар-кеңестің өтуіне мұрындық болған – «Адал» агроөнеркәсіп кешені. Сүт өнімдерін өндірумен айналысатын компания 1999 жылдан бері отандық нарықта көш бастап келеді. Сапалы әрі экологиялық таза өнімдері сұранысқа ие. Компанияның жылдық табысы 8 миллиард теңгені құрап отыр. Жиында агроөнеркәсіп кешенінің бас директоры Серік Смаилов жүгері және қытайбұршақ өсіруде қол жеткізген табыстары туралы баяндады.
– «Адал» агроөнеркәсіп кешенінде  ауылшаруашылығы департаменті жұмыс істейді. Бұл бөлім мал өсірумен және мал азығын дайындаумен айналысады. Биыл 10000 тонна дәнді дақыл аламыз деп жоспарлап отырмыз.  Оның 9000 тоннасы жүгері, 772 тоннаға жуығы қытайбұршақ. Жүгері дақылдарын алыс-жақын шетелдерге экспортқа шығарып жатқан жайымыз бар. Компания негізінен «Пионер» және «Будан» компанияларының жүгерілерін пайдалануда. Әрине, олардың ылғалдылығы тым жоғары. Кептіру процестерін көптеп қажет етеді. Сондықтан біз ылғалдылығы төмен өнім беретін будандарды іздеу үстіндеміз. Өткен жылы Ресейдің Краснодар аймағына арнайы барып, ондағы «Кубань» фирмасы мен қытайбұршақ тұқымдарын өндіретін «СОКО» компаниясының өнімдерімен таныстық. Қазіргі таңда өзіміздің тәжірибелік алаңымызға ресейліктердің жүгері будандарын өсірдік. Егер олардың ылғалдылығы 15 пайыздан аспаса және өнімділігі жоғары болса, біз осы тұқымдарды жаппай өсіруді қолға аламыз, – дейді Серік Смаилов.
   Семинар-кеңеске арнайы келген Ресейдің «Кубань» жүгері калибрлеу зауытының басшысы Владимир Короткин «Жүгерінің  келешегі зор гибридтері» деген тақырыпта баяндама жасады. Сондай-ақ, «Соевый комплекс» компаниясының президенті Олег Ширинян қытайбұршағының жоғары репродуктивті тұқымдарын өсіру жолдарына тоқталды. Өздерінің жұмыс істеу технологиясы мен осы салада жеткен табыстары туралы кеңінен әңгімеледі. Түркиялық «AGROBEST» фирмасының өкілі Асхат Байытқанов жүгерінің жоғары сортты будандарын алуда «MONSANTO» компаниясының жеткен жетістіктері жайында сөз етті.
Семинар-кеңестің екінші бөлімі «Адал» агроөнеркәсіп кешенінің өндірістік және тәжірибелік егіс алқаптарында жалғасты. Жиналған көпшілік ондағы өсіп тұрған жүгері будандарының 27 түрін көзімен көріп, көңілдеріне түйді. Бір сөзбен айтқанда, аталған шарадан диқандар мол тәжірибе жинақтап қайтты.

Болат МӘЖИТ.