Озық технологиямен таныстырды

Уақыты: 11.09.2018
Оқылды: 1063
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бақбақты ауылдық округіне қарасты «Серік» шаруа қожалығының егістік аумағында  Өмірбек Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институты, Алматы және Орталық Азия экология және қоршаған орта ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруында «Күрішті Ақдала суармалы алқабының топырағы тұзданған жағдайда тамшылатып суаруды өндірістік сынақтан өткізу»  атты  семинар өтті.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Дәрібаев, аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Бақытбек Рахымбаев,  Орталық Азия экология және қоршаған орта ғылыми-зерттеу орталығының өкілдері, облыстық және аудандық ауылшаруашылығы басқармасының мамандары, фермерлер, ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілер, еліміздегі жетекші профильдік ғылыми зерттеу мекемелерінің өкілдері шақырылды.
Суармалы алқаптарды сумен қамтамасыз ету мәселелері және су ресурстарын тиімді пайдалану елімізде қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан қытайдың күрішті тамшылатып суару озық технологиясын Қазақстанның суармалы алқаптарындағы тұзданған топыраққа бейімдеу үшін далалық ғылыми жұмыстар үш жыл көлемінде жүргізіліп келеді. Нәтижесінде ғалымдар 1 гектар жердегі күрішті өндіруге  кететін судың көлемін 2,5 есеге азайтуға болатынын дәлелдеді. 
Бұл биылғы жылы жоғарыда аталған шаруашылықтың 2 гектарына жүргізілген зерттеу жұмысының нәтижесі. Алдағы уақытта зерттеу институты егістік алқаптың көлемін ұлғайтуды жоспарлауда. Шараға қатысушылар зерттеу жұмыстарын нәтижелі жүргізген институт ғалымдарына сұрақтарын қойып, тәжірибе алмасты. Күріш дақылын тамшылатып суарудың пайдалы тұстарына қызығушылық танытқан диқандар жоғары өнім алудың жолын да қарастыру жөн деген тұжырымға келді.

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы