Игерілмеген қаржы қайда жұмсалады?

Уақыты: 13.09.2018
Оқылды: 882
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы сегіз айдың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің игерілу қорытындысы сөз болды.

Жиында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, экс-Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев, Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР Ауылшаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев баяндама жасап, осы жылдың қаңтар – тамыз айларындағы экономиканың дамуында өсу үрдісі сақталып отырғанын айтты. Сонымен бірге, әр саладағы жетістіктерді тізіп шығып, кемшіліктерді де көрсетті.
Бақытжан Әбдірұлы Ұлттық экономика мен Қаржы министрінің баяндамасын тыңдағаннан кейін бюджеттік қаражаттар игерілмей қалған министрліктер мен облыстарды сынға алды. Өз кезегінде облыс басшылары игерілмеген қаржының себеп-салдарын түсіндіріп, алдағы жоспарымен бөлісті.  Атап айтар болсақ, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы егін жинау көрсеткішінде төмендеу байқалса, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Түркістан және Қызылорда облыстарында өнеркәсіп өнімдері өндірісі көңілден шықпайды. Алматы, Маңғыстау, Павлодар, Қарағанды облыстарында, сондай-ақ, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында мұнай мен газ конденсатын, уран кенін өндіру, жүк вагондары және ұн өндірісін дамыту жұмыстары өз деңгейінде емес. Премьер-Министр игерілмеген қаражаттар ведомстволардың теңгерімінен алынып, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыруға бағытталатынын атап өтті.
Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев 2018 жылдың қаңтар – тамыз айларында инфляция 2,9 пайызды құрағанын, бұл өткен жылмен салыстырғанда төмен көрсеткіш екенін жеткізді. Ұлттық банктің бағалауы бойынша  биыл инфляция 5–7 пайыз мөлшерінде сақталады. Дегенмен, валюта нарығындағы теңге бағамы жыл басынан бастап 10 қыркүйек аралығында 13,8 пайызға бәсеңдеп, 1$ 378,11 теңгені құрады.
Данияр Ақышевтың айтуынша, валютаға деген сұраныстың жоғары болуы кезінде теңгенің құлдырауы курстың құбылмалылығына әкеледі. Алайда ұзақ мерзімде төлем балансы мен макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Қазіргі қалыптасқан жағдай банктер мен қаржылық тұрақтылыққа еш қауіп тудырмайды. Ұлттық банк төрағасының баяндамасын тыңдаған Премьер-Министр несиелендіру және оның мөлшерлемесінің экономикалық өсімді тежеп тұрғанын атап өтіп, осы бағыттағы келеңсіздіктерді дер кезінде шешу керектігін тапсырды. 
Селекторлық жиында сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР Ауылшаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев сегіз айдың қорытындысы бойынша көрсеткіштер 102,4 пайызды құрағанын айтты. Сонымен қатар, осы саладағы өсу мен өркендеу көрсеткіштерін баяндап, сақталған кемшіліктерді де тізіп берді. 
Жиынды қорытындылаған Премьер-Министр есепті кезеңде ЖІӨ өсуі 3,8 пайызды құрағанын тілге тиек етіп, Президент тапсырмасына сай 4 пайыздық мақсатқа жету үшін министрлер мен облыс басшыларына тапсырма жүктеді.

Қажет АНДАС