ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ КӨШБАСШЫСЫ

Уақыты: 24.11.2018
Оқылды: 1075
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Мұғалім күн сәулесіне бөленіп жарқыраған, араның ұясындай гуілдеген бала толы жып-жылы сынып бөлмесіне енді. Мектепке салқын даладан жаңа ғана кіріп, беттерінің ұшы қызарып, абыр-сабыр болып жатқан қалың бала ұстазды көріп орындарынан атып-атып тұрды. Қаққан қазықтай қаздиып тұрған оқушыларға салқын қабақпен жіті қарап алып, қоңыр даусымен баяу ғана: «Сәлеметсіңдер ме?» – деп амандасты да, қолымен отырыңдар дегендей белгі берді.

 

   Мұғалім маңғаз әрі жұмсақ көрінгенмен шектен тыс кетіп бара жатса құжынаған қалың баланы отты қазанға түскен тарыдай ғып қуырып алатын қаталдығы да бар, бірақ баға қоюға келгенде қатып қалған таяқтай қытымыр емес, дарқандығы мен мәрттігін білетін балалар: 
– Ағай, ағай, үй тапсырмасын тексересіз бе? Жаңа сабақ өтеміз бе? – деп, жан-жақтан жамырап қоя берді. Мұғалім оқушыларды тыныштыққа шақырып, оң қолын көтерді де: 
– Балалар, желтоқсан айының басында біз қандай айтулы мерекені атап өтеміз? – деп жаңа жарысқа шығардай құлшынып отырған оқушыларды ойландырып тастады. Оқушылар да апырым-ай деп бастарын қасып, абдырап-сасып қалды. Іштерінен сыныптың үздік окушысы болып саналатын қыз ұшып тұрып:
– Соны да білмейсіңдер ме? Біздің Тұңғыш Президентіміздің күні келе жатыр емес пе?! – дегені. Жауап таппай ойлары сан-саққа жүгіріп отырған балалар сөз таппай мүдіріп, біреулері басын шайқап, біреулері мойнын қасып кәдімгідей өкініп-ақ қалды.
– Сәния дұрыс айтады.1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні. Елбасының еңбек жолына арналған мерекені жыл сайын ұлт болып, халық болып атап өтеміз. Осы айтулы мереке құтты болсын! – деп айтар сөзінің басын қайтарып алды да, бүгінгі сабақтың мән-мағынасына, мақсатына көшті. – Қазақ халқының жарқын болашағы, үкілеген үміті сендерсіңдер. Сондықтан да үйде, оңашада, асықпай-саспай ойланып, толғанып келесі сабаққа Нұрсұлтан Әбішұлы туралы шығарма жазып әкелесіңдер. Бұл сендердің Ұлт көшбасшысына деген құрметтерің, Тұңғыш Президентімізге деген сыйлықтарың болсын. Бүгін бүкіл әлемдік құрметке ие бо- лып, ұлық дәрежеге көтеріліп отырған кейіпкеріміз туралы қажеттеріңе жарайтын әңгіме айтып, сендерге бағыт-бағдар берейін. Жер шарын жайлаған ұлттар мен ұлыстардың саны көп болсын, аз болсын, бай болсын, кедей болсын, адамзат тарихында алар орындары бө-лек. Бұлар әлемді билеген алпауыт мемлекеттердің құрамына кірер, болмаса дамушы елдердің сапында болар, олардың өсіп-өркендеу, даму, жоғары сатыға көтерілу кезеңінде артынан ерген қара халықтың сенімін мойнына артқан, жұртының игілігіне жарайтын, әлемдік тарихта аты қалған, өзіндік орны бар көшбасшылар болады. Сөзім дәлелді болу үшін сондай айтулы, атағы жер жарған тарихи тұлғалардың біразына тоқтала кетейін. Мәселен, Түркия мемлекеті ХХ ғасырдың басында өзінің айбынды да тегеурінді мүмкіншіліктерін жіберіп алып, толқынды заманның ықпалына ел экономикасы төтеп бере алмай тоқырауға ұшырағанда елдің бағына орай жаңа басшы келді. Қалың жұрттың тілін тауып, жүректеріне үміттің нұрын ұялатқан, бүкіл түркі дүниесінің мақтанышына айналған бұл адам Мұстафа Кемал Ататүрік болатын.
   Күні бүгінге дейін алдымызда таудай мұнартып, алынбас қамалдай тұтасып тұрған, қарқыны қатты, адымы зор, экономикалық жарыста басқаларға дес бермей келе жатқан Америка Құрама Штаттарының өзі де кезінде, яғни, ХХ ғасырдың басында үлкен дағдарысқа ұшырады. Негізгі шикізат өнімдерін өндіретін зауыттар мен фабрикалар жабылып, мыңдаған адам жұмыссыз қалды. Америка жұртшылығы теңдессіз ауыр депрессияға ұшырады. Осы бір қалың халықты қан жылатып, қабырғасын күтірлетіп, елдің мойнына жоқшылықтың  қара қамыты ілінген уақытта ел басына жаңа президент болып Делано Рузвельт келді. Америка Құрама Штаттарының президенті өзіне сенім білдіріп артынан ерген қалың жұртқа қабырғасы қайыса жүріп, халықты зорлық-зомбылыққа,  қанды қақтығысқа іліндірмей, азамат соғысына ұшыратпай, теңселіп тұрған ел экономикасын жаңа үрдіс пен дамудың жолына түсірді. Әрине, бұған алғыр ақыл, қажырлы күш-қуат, теңдессіз уақыт кетті.
   Халықтың қамын, елінің ертеңін, жастардың болашағын ойлаған мемлекет басшысы ғана болып қоймай, ұлт мақтанышына айналған, әлемдік дәрежедегі тарихи тұлғаның бірі – генерал Де Голь. Француз халқының ұлт-азаттық қозғалысын бастаған, өзін қаһарман әскери қолбасшы ретінде таныта білген генерал Де Голь соғыстан кейінгі сындарлы шақта намысы тапталып, жігері құм болған, жаны жараланып, сүйегіне таңба түскен, түнекті күндерді бастан өткерген қалың елдің намысын жанып, басын көтеріп, мемлекетін жаңа жолға, өркендеу мен дамудың сүрлеуіне түсірді. Әлемдік тарихта генерал Де Голь қаһарман қолбасшы, білікті мемлекет, қоғам қайраткері, санқырлы саясаткер ретінде қалды.
   Келесі бір еске алып, тілге тиек ететін тарихи тұлға өзімізбен көршілес жатқан Әзірбайжан Республикасының Тұңғыш Президенті, халқының нық сеніміне, мақтанышына ие болған  Гейдар Алиев.
ХХ ғасырдың орта тұсында комсомол, партия саласында қызмет еткен ол ерекше қабілет, қасиетімен сол кездегі Кеңестер одағының басты тірегі, мызғымас күші – мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің сол кездегі төрағасы Юрий Андроповтың көзіне түсіп, өзіне берілген сыннан сүрінбей өтіп, оның сенімді сайыпқыран ізбасарларының біріне айналды.
Андроповтың ықпалымен Гейдар Алиев Әзірбайжан Республикасының қауіпсіздік комитетін басқарып, сол кездегі ел басында жүріп билік еткен адамдардың мемлекеттің қазынасына қол сұғып, үлкен нұқсан келтірген қылмыстарын ашты. Жоғары сатыда тұрған лауазымды шенеуніктердің арасында белең ала бастаған жемқорлықпен батыл күресіп, қауіпсіздік комитетінің қырағы көзді сенімді адамдарының біріне айналды. Сөйтіп ол Андроповтың ғана емес, Мәскеуде отырған Кеңес үкіметі басшыларының көзіне түсіп, Әзірбайжан Республикасының бірінші хатшылығына тағайындалды. Қауіпсіздік комитетінің  сайыпқыран қырағы көзді адамы енді бірден партияның функционері болып   шыға келді. Тек қана Кеңестер одағына ғана емес, «қара алтынымен» бүкіл әлемге танылған, Екінші дүниежүзілік соғыстың кезінде Германия мемлекетінің басшысы Адольф Гитлердің өзі Бакуді басып алам деп армандаған мұнайлы өлкені Гейдар Алиев басқарған тұста байлықтың көзі болып саналатын құнды шикізат өнімі арқылы ел экономикасын арттырып, әзірбайжан жұртының әлеуметтік жағдайын барынша жақсартты.
   Енді әлем тарихынан өз халқымызға, өз жеріміз бен елімізге, ата тарихымызға қайта оралайық, – деп ұзын сонар әңгімесін бір қайырды мұғалім. 
   Бұдан соң тарихтың терең тұңғиығына үңіліп, тұнығынан дәм татып, таңданып, тамсанып отырған шәкірттеріне бір қарап алды да, әңгімесін қайта жалғастырып кетті.
– ХХ ғасырдың аяғында құрығы ұзын, тұғыры биік, мызғымас боп көрінген Кеңес үкіметі тоқырауға ұшырап, тығырыққа тірелгенде, кезінде алып одақтың құрамына кірген республикалар дербестік алып қуанып жатқанда, Қазақстан да ата-бабалары ғасырлар бойы аңсап күткен тәуелсіздікке қол жеткізді. Жүректі атша тулатқан, қуанышы мен қызығы мол сәтте халқымыз уы мен дуы көп қалаға келген, қай көлікке мінерін білмей алақтап тұрған жас бозбалаға ұқсайтын еді. «Ата-бабаларымыз аңсап күткен, аналарымыз Аллаға жалбарынып, көз жасын төккен тәуелсіздікті алдық, енді қайда барамыз, досымыз кім, қасымыз кім?» – деп халқымыз тосылып, болашағы бұлдырланып, қиналып, тығырыққа тіреліп тұрған сындарлы тұста, ел басқару ісіне ерте араласқан, санқырлы саясаттың сүзгісінен сүрінбей өткен Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан үшін, өзіне сенім артқан халқы үшін күрделі де маңызды мәселелерді шешті, таудай-таудай істерді атқарды. Біріншіден, халқының болашағын ойлап, ерен елдің етегін жинап, абыройлы ұлттар, алыс-жақын жұрттар мен ұлыстардың қатарына қосып, ұлт ретінде мәртебесін биіктететін Ата Заңды – Конституцияны қабылдады. Екіншіден, әлемдегі асқарлы шыңға қол жеткізген, ғылым мен технологиясы дамыған алып елдер Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстанды толыққанды тану үшін Біріккен Ұлттар Ұйымына кіргізді. Үшіншіден, кешегі Кеңес үкіметі заманындағыдай халқым бетегеден биік, жусаннан аласа болып қалмасын, ет, сүт, астық, май, көмір, газ, мұнайын өз мүддесіне жұмсасын деп қазақтың төл теңгесін айналымға шығарды. Мәртебесі биік, абыройы жоғары, аспандағы аймен тең алып та дамыған мемлекеттермен сауда-саттық туралы келісімге отырып, елге инвестиция тартуға жол ашты. 
   Сөйтіп, Кеңес заманы адымын аштырмай, аяқ-қолына кі- сен, шідер, бұғау салып, шикізат өндіруші ел деп санаған мешеуліктен түбегейлі арылтты. Төртіншіден, Назарбаев өзінің Жарлығымен жер жүзінде алғаш рет Семейдегі ядролық полигонын жауып, жаһандық ядролық қарусыздану үдерісінің басталуынан белгі берді. Бесіншіден, ол ҚСРО ядролық мұрасынан бас тартып, Қазақстанды «ядролық қарусыз ел» деп жариялады. Ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы келісімге қол қою жөнінде шешім қабылдады. Алтыншыдан, қазақстандық басшының бұрынғы кеңестік кеңістіктегі интеграциялық идеялары да ақиқатқа айналып, 2000 жылы Астанада Еуразиялық Экономикалық Қоғамдастық құрылды және Кеден ұйымы дүниеге келді. Жетіншіден, Назарбаев  қазақтардың ұлт ретінде қалыптасқаннан бергі тарихында алғаш рет Қазақстанның көрші елдермен мемлекеттік шекарасын ресми түрде реттеп алды. Сонымен қа-  тар, Елбасы  Н. Назарбаев Ресеймен достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге, Мәңгілік достық туралы декларацияға, Қытай  мен Тату көршілестік, достық және ынтымақтастық туралы келісімге, Орталық  Азия елдерімен Мәңгілік достық туралы келісімге қол қойды. Сөйтіп, біздің елдің бүкіл шекарасы бойында қауіпсіздік аймағы құрылды. Сегізіншіден, Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен тәуелсіздік жылдарында ТМД мемлекеттерінің арасында ең жоғары әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізіп, халықаралық ортада өз орнын елеулі істермен бекемдеді. Тоғызыншыдан, өткен ғасырдағы қуғын-сүргін жылдарында  туған жерден амалсыз қол үзген біздің көптеген қандасымыз Қазақстанға оралды.  Оныншыдан, Елбасының тікелей басшылығымен Батыс Еуропа-Батыс Қытай бағыты бойынша Қазақстанда жол салынып, Х-ХІІ ғасырлардағы тарихи Ұлы Жібек жолы қайта жанданды. Он біріншіден, Сарыарқаның төрінде, Астананың өрінде  Халықаралық «Экспо –2017» көрмесін ұйымдастырып, Қазақстанды, қазақ халқын бар әлемге паш етті.
   Жүйрік ойлы, күннен-  күнге өркендеп, өсіп келе жатқан заманның тыныс-тіршілігін дөп басқан білікті басшы, көреген көсемнің еліне, жұртына, халқына сіңірген ерен еңбегін жоғары бағалаған Түркия Республикасының  бұрынғы Президенті Абдолла Гүл мырза Нұрсұлтан Назарбаевқа «Түркі әлемінің көшбасшысы» деген биік атақ берді. Жоғарыда еңбек жолын саралап өткен Әзірбайжан елінің басшысы Гейдар Алиев те көзінің тірісінде мұндай құрметке ие болған еді, – деп ұстаз ұзын сонар әңгімесін түйіндегенде, электр қоңырау тынымсыз зырылдап, екі қабатты алып мектепті дүр сілкіндірді. Мұндай сәтте орындарынан атып тұрып, дереу қағаз-дәптер, кітаптарын жиыстыра бастайтын оқушылар ескі әдетіне баспай, ұстаздың айтқан әңгімесінің әсерінен шыға алмай, көздеріне ой тұнып отырып қалды.

Жұмахан Қожамқұл