Жеңіс ҚАСЫМБЕК: "КӨМІРДІҢ ТОННАСЫ ҮШ МЫҢ ТЕҢГЕГЕ АРЗАНДАЙДЫ"

Уақыты: 26.11.2018
Оқылды: 1038
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Елімізде көмір бағасын төмендетуге бағытталған жұмыстар жүруде. Бұл туралы Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕК айтты.

"Қазақпарат" тілшісі келтірген мәліметтерге сүйенсек, министр халыққа көмір қорын жинау жұмыстары жоспарлы режимде орындалған. Батыс Қазақстан, Қостанай облыстары қажетті көмірмен толық қамтамасыз етілген. Жылдық жоспарға сәйкес, сегіз облысты және Алматы мен Шымкент қалаларын көмір қорымен қамту көрсеткіші 85 пайыздан асқан. Миинистр халыққа жеткізілетін көмірдің бағасы орташа есеппен 15 мың теңгені құрайтынын айтты. «Коммуналдық-тұрмыстық көмір тарифтерін және бағаларын төмендету мәселесі бойынша ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы сатушылар арасында меморандум жобасын әзірледі. Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Қостанай және Алматы облыстарының жергілікті атқарушы органдары өңірлерде орналасқан қойма иелерімен меморандум жасасты. Қалған өңірлер де осындай меморандумға қол қою жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыс екі күннің ішінде толығымен аяқталады», - деді Жеңіс Қасымбек.

Министрдің айтуынша, осы жұмыстың нәтижесінде көмір қоймалары мен бөлшектеп сату орындарындағы баға төмендейді. "Баға орташа есеппен 15-20 пайызға немесе 2500-3000 теңгеге дейін төмендейтін болады", - деді Жеңіс Қасымбек.

"ҚАЗАҚПАРАТ"