Кәсіпорын жетістігі қомақты

Уақыты: 28.11.2016
Оқылды: 2722
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Нарықтық бәсекеге қабілеттілік таныта отырып, отандық өнімнің өрісін кеңейту міндетінің бүгінгі өндіріс орындарына жоғары жауапкершілік жүктері хақ. Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты дәстүрлі Жолдауында «Қазақстан инновациялық индустрияландыру шеңберінде құрылған экономиканың жаңа секторлары  экономикалық өсімнің драйверлеріне айналуда» деп атап өткені белгілі.

Осы тұрғыда ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып жүрген отандық өнім өндіруші кәсіпорындардың бірі Талғар қаласында орналасқан «Keruen Plus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дер едік. Тікелей шетелдік инвесторлардың қаржыландыруымен жер жаннаты Жетісу өңірінен мұндай іргелі кәсіпорындардың бой көтеріп, іске қосылуы ел Тәуелсіздігінің экономиканы ілгерлетудегі жетістігі саналады.  
Заман талабына сай келетін экологиялық таза ПВХ профиль және ПВХ құбыр өндіруші зауыт өткен жылдан бастап іске қосылған. Құрылысы қарқын алып отырған осы тұста отандық өнімнің бұл түрі жоғары сұранысқа ие десек, оның сапасы да тұтынушылар тілегін қанағаттандырарлық деңгейде екендігін ерекше атағымыз келеді.
Біздің зауыттың басты ерекшелігі сол – өндірістік желіге шикізаттың жеткізілуі толығымен автоматтандырылған. Сонымен қатар, Қазақстанда және Орта Азияда ПВХ өнімдерін өңдеуде қорғасын қолданбайтын алғашқы және жалғыз зауыт саналады, – дейді зауыт директорының орынбасары Айдын Каташев. – Биылдың көктем айынан бастап зауытта полипропилен су құбырын өндіретін өндірістік желі іске қосылып, өнім түрі мен көлемін ұлғайтты. Ыстық және суық суға арналған ПВХ өнім түрін өндіруші бұл желінің іске қосылуына ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы Ерлан Хаиров мырза арнайы қатысып, зауыт жұмысына оң бағасын бергендігін ерекше атағым келеді. Сонымен қатар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиеваның қорғасынсыз өнім өндіруші зауыт болашағына зор сенім артқандығы тың серпін берді. Бүгінде экологиялық таза, жоғары сапалы отандық өнімімізге республиканың барлық аймақтарымен қатар Қырғызстан мен Тәжікстаннан да сұраныс артып отыр. Сондықтан да келешекте ПВХ өнімдерін өндіруде қазақстандық брендке қол жеткізіп, экспорттық әлеуетін арттыруды мақсат етіп отырмыз, – дейді Айдын Каташев.
Қорғасынды ПВХ өнімдері экологиялық тұрғыдан және адам ағзасына өте зиян болғандықтан Еуро одақ елдерінің мұндай өнімдерден 2015 жылы толығымен бас тартқандығын ескерер болсақ, біз сөз етіп отырған «Keruen Plus» зауытының бұл орайда ұтымдылық танытып отырғаны анық. Нәтижесінде экологиялық таза өнімге деген сұраныстың еселеп артуы заңды құбылыс. Қорғасынсыз ПВХ өнімдерінің әсіресе, балабақша, мектеп және ауруханалар құрылысында қолданылғаны абзал болмақ. Сондай-ақ, қорғасынсыз өнім шығару зауыт еңбеккерлерінің денсаулығына да қауіпсіз саналады. Зауыттың бастапқы кезеңінен бастап экологиялық таза өнім өндіру технологиясына негізделуі жоғары сапаға қол жеткізудің мүмкіндігін молайтқан. Қазіргі таңда зауытта 5 ПВХ профиль, 1 терезеалды төсемесін шығаратын, 5 термопласт автомат және 2 құбыр өндіретін желінің іске қосылуы нәтижесінде жылдық өндіріс көлемі артып келеді. Іске қосылғаннан бергі қысқа мерзім аралығында 2500 тонна ПВХ профилі және құбыры, 100 тонна ПВХ фитингі, 1500 тонна ПВХ су құбыры және фитингі өнімдерін өндіріп, сатылымға шығарған. Бұл зауыттың толық қуаттылығының үштен бір бөлігін ғана құрайды. 
Кәсіпорын өніміне қажет шикізат Ресей елінен алынып, оған еуропалық шикізат қоспалары қолданылады. Ал өндірістік желілердің барлығы да неміс технологиясына негізделген. Соның нәтижесінде әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті отандық өнім өндірудің өрісі кеңеюде. Үстіміздегі жылы аталған зауыт Шымкентте өткен отандық өнім өндірушілердің республикалық байқауына қатысып, 2-орынды иемденулері осы жетістіктің жемісін көрсетсе керек.
Аталған өндірісте 80-нен астам адам тұрақты түрде еңбек етсе, оларды толықтай талғарлықтар деп айтуға болады. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта озық технологияға құрылған автоматты жүйелерді игеруде кадр тапшылығының байқалатыны ақиқат. Дей тұрғанмен, автоматты тетіктерді басқаруды арнайы мамандардан үйренген операторлардың еңбекке тез бейімделіп, сондай-ақ, өнімді жиыстыру, буып-түю желілеріндегі жұмысшылардың өз істерін игерудегі белсенділіктері өнім сапасы мен көлемін еселей түсуге оң ықпалын тигізуде. Еңбек адамының көңіл-күйінің қалыпты, денсаулығының жақсы болуында уақытылы тамақтанудың маңыздылығын ескерген зауыт басшылығының жұмысшылардың бес мезгіл тамақтануына жағдай жасап отырғандығын атау артық етпес.
– Тұрақты жұмыспен қамтылғаныма тоғыз айдан асып барады. Елімізде осындай жоғары сапалы өнім өндіретін зауыттың барын әркез мақтан тұтамын. Еңбекақы, тамақтану мәселесінде еш қиындық жоғы қуантады. Таза, жылы әрі автоматтандырылған озық технологияға құрылған зауытта шетелдіктерден қалыспай еңбек етуге бар қабілет-қарымымызды жұмылдырудамыз, – дейді зауыт жұмысшысы, кеңдалалық Айбар Құдайбергенов.   
Міне, мұны Қазақстанға келген шетелдік инвесторлар еңбегінің жемісі дер едік. Себебі, Жетісудың көрікті қалаларының бірі Талғардан отандық өнім өндіруге тікелей ұйытқы болып отырған бас құрылтайшы түрік ағайындар Мехмет Садык Изжанның, бас директор Мұстафа Ероғлұның іскерлігі екендігін атап айту орынды. Қалталы кәсіпкерлердің әлемдік бәсекеге қабілетті ПВХ өнімдерін шығарудағы басты мақсаты да адам денсаулығына зиянсыз, яғни қорғасынсыз пластикалық өнім түрін шығарып, сауда нарығында кеңінен танылатын қазақстандық бренд жасау. 
Талғар қаласы.