СЕНАТ ТӨРАҒАСЫ САЙЛАНДЫ

Уақыты: 27.01.2023
Оқылды: 2727
Бөлім: САЯСАТ

Парламент Сенатының отырысына қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқан елімізде жоғары палата депутаттарының бір бөлігі сайланғанын және өзінің Жарлығымен бірнеше сенатор тағайындалғанын атап өтті.

Осылайша Сенаттың құрамын жаңғырту үдерісі аяқталғанын жеткізген Президент жоғары палата депутаттарының арасында әр аймақтың өкілдері барлығына, Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне арнайы квота берілгеніне, соған орай Сенат түрлі санаттағы қоғам өкілдерін барынша қамтығанына тоқталды.

– Бұл палата мемлекеттік басқару саласында айрықша рөл атқарады. Оған Конституцияға сәйкес маңызды міндеттер жүктелген. Заң шығару қызметін сапалы атқару үшін барлық жағдай жасалған. Палата өз жұмысын абыроймен атқарып келе жатыр. Сенаторлар ауқымды реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысты. Осы орайда баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жаңа депутаттар Сенаттың қызметіне тың серпін береді деп сенемін, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орныққанын атап, мұндай реформалар билік институттары жүйесінің тепе-теңдігін қалыптастыратынын, елдегі саяси үдеріске азаматтардың қатысуына жол ашатынын, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыра түсетінін айтты.

Президенттің айтуынша, басты мақсаттың бірі – қоғамда өркениетті саяси дәстүрді орнықтыру, ол үшін жоғары саяси жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру қажет. Жақында ғана басталған Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау науқаны негізгі мемлекеттік институттарды кешенді түрде жаңғыртудың соңғы сатысы.

– Барлық әлеуметтік топтың мүддесін қорғау тұрғысынан алғанда Мәжіліс пен мәслихаттардың аралас моделін қалыптастыруға көшудің мәні зор. Бұл өзгеріс өкілді билік тармақтарының барлық деңгейіне айтарлықтай ықпал етеді. Соңғы жылдары жүргізілген саяси өзгерістер, сайлау заңнамасын мақсатты түрде либералдандыру Қазақстанда партия құру ісіне тың серпін берді. Ұзақ уақыттан бері елімізде алғаш рет жаңа партиялар ресми түрде тіркелді. Аталған деректі аралық қорытынды ретінде атап өтуге болады. Бұл – алға қарай жасалған маңызды қадам. Саяси жүйені орнықты дамыту ісінде партиялар маңызды рөл атқарады. Осы орайда елімізге жауапкершілігі жоғары партиялар қажет. Олар халықтың мүддесін тиімді қорғай білуге тиіс.

Әкімдер қандай да бір саяси ұйымға жетекшілік ете алмайды. Ата Заңға енгізілген өзгеріске сәйкес Президент барлық саяси күштен тысқары тұруға тиіс. Мәжіліс пен мәслихат сайлауы жаңа әрі әділ ереже бойынша өтеді. Алдағы сайлауды Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы деуге болады. Қоғамның түрлі өкілдерінің мүддесін партиялар арқылы қорғау мүмкіндігі артады. Мұның бәрі саяси жүйенің орнықты және тиімді болуын қамтамасыз етеді, – деген Мемлекет басшысы саясаткерлердің жаңа буынын қалыптастырып, оларды елге танытудың маңыздылығына, еліміздегі партиялардың мемлекетшілдік ұстанымына берік болуына, алдағы сайлауда партиялардың бәріне бірдей мүмкіндік берілетініне тоқталды.

Одан соң сайлаудың елді бөлетін емес, біріктіретін науқан болуы керектігін атап өтіп, үміткерлерді қоғамға іріткі салатын әрекеттен аулақ болуға шақырған Мемлекет басшысы ортақ құндылық – Отан мен Тәуелсіздік мәселесінде саяси партиялар ауызбірлікте болуы тиістігін, қоғамға әрбір сөзіне және ісіне жауапкершілікпен қарайтын саясаткер қажеттігін, қиындықты ел бірлігінің арқасында жеңуге болатынын алға тартып, азаматтардың өзара қамқорлығы, жанашырлығы жақсылыққа ұмтылуға жетелейтінін жеткізді. Сөз соңында Парламент Сенатының төрағасы лауазымына Мәулен Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынатынын айтқан Президент:

– Өздеріңіз білесіздер, менің Жарлығыммен Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев Сенат депутаты болып тағайындалды. Конституцияның 58-бабының 1-тармағына сәйкес Сенат төрағасы  лауазымына  Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынамын. Ол бұған дейін осы міндетті абыроймен атқарды. Заң шығару жұмысын жақсы біледі. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол. Сондықтан оны Сенат Төрағалығына лайық деп санаймын. Сенаттың қызметі табысты болсын, – деп өз ұсынысын ортаға салды.

Сенат депутаттарының жасырын дауыс беру нәтижесінде Парламент Сенатының Төрағасы болып қайта сайланған Мәулен Сағатханұлы:

– Конституцияға сәйкес, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат төрағасы қызметіне кандидатура ұсынып, маған зор сенім білдірді. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік. Сіздер Мемлекет басшысының ұсынысын қолдап, дауыс бердіңіздер. Сол үшін өздеріңізге алғысымды білдіре отырып, Президентіміздің және халықтың сенімін ақтау үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын деп сендіргім келеді, – деп Президент Парламенттің алдына жаңа міндеттер қойғанын еске салды. – Президент біздің алдымызға нақты мақсаттар қойып отыр. Шын мәнінде, атқаратын жұмыс аз емес. Әсіресе, елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды заңнамалық тұрғыдан уақтылы қамтамасыз ету аса маңызды. Сондықтан Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді сапалы орындауымыз керек. Осы жолда бәріміз бірге нәтижелі еңбек етеміз деп сенемін.

 Жаңадан сайланған Сенат спикері Мәулен Әшімбаев жаңартылған құраммен Палата отырысын өткізіп, бірнеше сенатордың ант қабылдау рәсімін өткізді. Одан соң, Сенат төрағасының орынбасарлығына спикердің ұсынуымен депутаттардың дауыс беруі нәтижесінде сенатор Жақып Асанов Палата төрағасының орынбасары болып сайланып, тұрақты комитеттердің төрағалары мен мүшелері сайланды. Атап айтқанда, депутаттардың дауыс беруімен Андрей Лукин Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы, Сұлтанбек Мәкежанов Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы, Асқар Шәкіров Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Сүйіндік Алдашев Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы, Нұртөре Жүсіп Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы, Әли Бектаев Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы болып сайланды.

 

www.akorda.kz