“Күмәнді тұстары көп…”. Қазақстандағы ірі банк Қошановқа қарсы шықты

Уақыты: 26.10.2023
Оқылды: 1574
Бөлім: САЯСАТ

Өткен апта Парламент қабырғасында қарызға батқан халықтың мәселесі қызу талқыланған есте.

“Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржы сауаттылығын арттыру” тақырыбында өткен тыңдауға Үкімет мүшелері, агенттіктер мен құзырлы мекемелердің басшылары қатысқан деп жазады Dalanews.kz. 

Осы жиында Қошанов несие берудің шарттарын қайта қарап, қарыз алушыларға қойылатын талапты күшейту керектігіне назар аударған.

Мәжіліс спикерінің мәлім еткеніндей азаматтардың 84 пайызында (8,4  млн адам) қарызы бар. Соңғы 1, 5 жылдың аралығында бұл көрсеткіш 28 пайызға өскен. Үш айдан асқан қарыз көлемі – шамамен 1,4 трлн теңге.

“Бұл, 1,7 миллион адам қарызын өз уақытында төлей алмай отыр дегенді білдіреді. Осының бәрі несие проблемасының қаншалықты асқынып кеткенін көрсетеді.  Тұтынушылық кредитті оңды-солды беруді тоқтату керек”, – деген еді ол.

Мәжіліс төрағасы осы орайда дәрменсіз азаматтарға несие беруге тыйым салуды, онлайн-несие беру ережесін қатаңдатуды,  несие берудің “құлдық” шарттарын қайта қарауды талап еткен.

“Жеке тұлғаларға несиенің шекті пайызын төмендету маңызды. Бұл несиелерді коллекторларға сатуға толық тыйым салу керек. Кәмелетке толмаған балалары бар отбасылардың жалғыз баспанасынан айырылып, көшеде қалуына жол бермеу керек”, – дей келе халықтың несиені орынды-орынсыз ала бастағанына назар аударған.

Қошанов бұл тарапта банктерге кінә артқан.

“Бұрынғы несиелері жабылмағанын біле тұра, банктер кезекті несиені қалай бере береді?”, – деген болатын Қошанов жиынға қатысқан Қаржыгерлер қауымдастығының төрағасы Елена Бахмұтоваға  қарата.

Өз кезегінде DALA INSIDE телеграм арнасы Қошанов пен банк лоббиі арасындағы текетірес күшейе түсетінін тұспалдаған. 

Сол болжам расқа айналып,  еліміздегі ірі инвестбанк Мәжіліс спикеріне қарсы шықты.

“Тұтынушылық займның талап-шарттарын қатаңдатуды қолдамаймыз. Тұрғындардың банктерге берешегі мемлекеттің қаржылық тұрақтылығына қауіп төндіретін деңгейде емес. Банктен несие алған азаматтардың көпшілігі қарызын уақытында қайтарып жатыр. Ал табысы төмен азаматтарға кредит беруге келгенде күрделі анализ жасалуы керек.

Қошановтың “кредиттің шекті пайызын төмендету мен несиелерді коллекторға өткізуге тыйым салу” жайлы ұсынысымен келіспейміз, бұл бастама отандық қаржы нарығының дамуына тежеу болады”, – дейді Halyk Finance сарапшылары (“Халық банктің” еншілес ұйымы).

Мәжілістегі талқылауда Елена Бахмұтова да осы мәселеге назар аударып, Қошановқа қарсы келген.

“Елімізде банктердің алдындағы қарызы 7 млн-нан асып жығылатын азаматтардың үлесі 4% төмен. Дей тұрғанмен, тұтынушылық кредиттің тең жартысы осы категорияға үлесінде. Бұл азаматтардың қарызды қайтаратын ресурсы бар. Олар үшін алаңдаудың қажеті жоқ”,  – деген еді Бахмутова.

DALA INSIDE телеграм арнасының жазуынша кредиттің ставкасы жоғары болғандықтан, 2022 жылы отандық банктер 1,47 триллион теңге таза пайда алған болатын. Ал биыл 7 айдың өзінде олар 1,24 триллион теңге табысқа кенелген.

Фото: ашық дереккөзден