ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСТЕ ӘРБІР АЗАМАТТЫҢ ҮЛЕСІ МАҢЫЗДЫ

Уақыты: 28.10.2023
Оқылды: 2660
Бөлім: САЯСАТ

Соңғы жылдары Әділетті қоғам құруға, заңның үстемдігін орнықтыруға, тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған ауқымды реформалар қолға алынып, оларды жүзеге асырудың құқықтық механизмдері іске асырыла бастады. Жаңа сипатқа ие болған стратегиялық мақсаттар мен жоспарлар бұрынғыдай алыс болашақты болжамай, халықтың қазіргі тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталып отыр. Мемлекеттік жүйедегі түбегейлі өзгерістер билік өкілдеріне есеп үшін емес, ел үшін еңбек етудің, ал азаматтарға мемлекетті басқару ісіне тікелей қатысудың маңыздылығын ұғындыруда. 

Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың ІІ отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі» екеніне баса назар аударды. Расында жаңа қоғам өздігінен пайда болмайды, ол үшін алдымен азаматтардың ой-санасы жаңғыруы керек. Ел алдындағы міндет пен парыз, жауапкершілік пен жанашырлық, адалдық пен ар-ұят ұғымдарының салмағын шынайы  сезінетін адамдармен ғана реформалар нәтижелі болатынын әркім түсінуі тиіс. 

Осы орайда сыбайлас жемқорлықтың белең алуы қоғамның ілгерілеуін, мемлекеттің дамуын тежейтін зиянды дерт болып отыр. Ол пара беру, пара алу, қызметін асыра пайдалану, халық мүддесінен бас пайдасын артық көру, өзіне сеніп тапсырылған мемлекет мүлкін талан-таражға салу түрінде көрініс беруде. Өткен жылы Талдықорған қаласының білім саласында, коттедж қалашығының құрылысында орын алған ірі көлемдегі жемқорлық фактілері қоғамда біраз дүмпу туғызды. Дегенмен жекелеген салаларда ғана емес, экономиканың қай секторында болсын біз жемқорлықпен күресті күшейтіп, бүкіл мемлекеттік орган ортақ іске жұмыла кірісуіміз керек. 

Президент сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтардың бірі екенін үнемі айтып келеді. Бұл ретте облыста Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес тиісті шаралар атқарылуда. 

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылып, жоспарға сай тоқсан сайын комиссия отырыстары өткізіледі. Мәселен, биылғы 9 айдағы үш жиында 8 өзекті мәселе қаралды. Жер қатынастары, құрылыс, соның ішінде тұрғын үй құрылысы, автомобиль жолдарын салу, денсаулық сақтау сияқты бірқатар салаларда жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының атқарылу барысы талқыланды. Сол сияқты басқа да өзекті мәселелерге қатысты хаттамалық шешімдер қабылданып, тиісті мемлекеттік органдарға орындауға жіберілді.

Қазір мемлекеттік аппаратта жобалық басқару қағидаттарын енгізуді жалғастыруға баса назар аударылуда. Осы ретте қағидаға сәйкес әрбір мемлекеттік органда алты топ бойынша мемлекеттік басқару жүйесін тұрақты жетілдіруге бағытталған үлгілік базалық бағыт қолға алынған. Соның ішіндегі «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» үлгілік базалық бағытының аясында жергілікті жерлерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат белсенді іске асырылып келеді. Мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау тұрақты жүргізіледі. Мысалы, осы жылдың 9 айындағы қорытынды бойынша 46 мемлекеттік мекеме мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне талдау жүргізілді. Талдау барысында 66 тәуекел анықталып, оларды жоюға бағытталған іс-шаралар қолға алынды.

Жемқорлықпен күресте оның алдын алудың рөлі зор. Заңсыздықты тудыратын алғышарттарды, жағдайларды болдырмау, жемқорлық тәуекелдеріне талдау жасау, мүдделер қақтығысын анықтау, жемқорлыққа қарсы саясатты түсіндіру өте маңызды. Осы орайда әрбір мемлекеттік қызметшінің жемқорлықпен күрес менеджментін меңгеруінің тиімділігін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Сондықтан облыстың 62 мемлекеттік қызметшісі осы тақырыптар төңірегінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында біліктілігін арттырды. Сыбайлас жемқорлық профилактикасына Әдеп жөніндегі уәкіл де атсалысып келеді. Өйткені әрбір мемлекеттік қызметшінің адалдығы мен әділдігі, өз міндетіне деген  жауапкершілігі – мемлекеттік қызметшінің әдебінің бір парасы. Бұл ретте түсіндіру-оқыту шараларына үнемі баса назар аударуымыз керек. 

Жемқорлық – бір мекемеге, бір салаға, не бір аймаққа ғана емес, бүкіл мемлекеттік құрылымға, тіпті тұтас әлем экономикасына зиянын тигізетін қауіпті қылмыс. Сыбайлас жемқорлықпен күрес стратегиясын іске асыруда оның кез келген белгі-көрінісіне мүлдем төзбеушілік қағидаты үстемдік құруы керек. Оған тек қоғамдық бақылауды күшейту, азаматтардың қоғам өміріндегі белсенділігін арттыру арқылы қол жеткізе аламыз. Сондықтан бұл ортақ іске әрбір азаматтың атсалысуы маңызды.     

Әрине, сыбайлас жемқорлықпен күрестің құқықтық механизмін құрудың тиімділігіне талас жоқ. Жаза да – тәрбиенің түрі. Десек те өзгеріс ең алдымен санада жүреді. Бұл ретте аманат пен қиянаттың, ар мен арсыздықтың, ынсап пен ысыраптың, обал мен сауаптың арасалмағын ұғындырудың артықшылығы да даусыз. Ол үшін бірінші кезекте тарихи сананы жаңғыртып, хакім Абайдың: «Әділет – барша ізгіліктің анасы» дейтініне, Шәкәрімнің: «Ұждан дегеніміз – ынсап, әділет, мейірім»   деген пәлсапасына үңілсек керек. Шәкәрімнің Ар ілімі – адамшылық өлшемі, кемелдену кеңістігі, рухани тазалықтың жиынтық ұғымы. Біздің бүгінгі қоғамға анық керек категориялар. Ортақ мақсат-мүдде төңірегінде ұйыса білетін ұлттық сана мен елінің ертеңі үшін қарекет қажетін пайымдай алатын азаматтық ұстаным қалыптасса, бұл бүгінгі біздің қоғамның ортақ, маңызды ілгері қадамы болар еді. 

Бейбіт ИСАБАЕВ,
Жетісу облысының әкімі