Атқарылған ауқымды шаралар заңнаманы жетілдіруге оң ықпал етті – Мәулен Әшімбаев

Уақыты: 28.12.2023
Оқылды: 860
Бөлім: САЯСАТ

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Atameken Business телеарнасының Exclusive бағдарламасына берген сұхбатында Сенаттың алдында тұрған ең негізгі мақсат – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформаларға заңнамалық негіз қалыптастыру екенін айтты.

Ол биыл осы бағытта көптеген жұмыс жасалғанын айтты. Оның ішінде экономикаға, кәсіпкерлікке, салық жүйесіне қатысты заңдарды ерекше атап өтуге болады. Жыл басында Мәжіліс сайлауы болғандықтан 2,5 айдай Сенат бүкіл Парламенттің функциясын атқарған.

"Жыл бойы атқарылған ауқымды шаралар елімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыда кешенді дамыту жөніндегі реформаларды одан әрі қолдауға бағытталған заңнаманы жетілдіруге оң ықпал етті", – дейді Сенат төрағасы.

Мәулен Әшімбаев экономиканы дамытудың жаңа үлгісін қалыптастырып жатқанымызды, осы орайда барлық қойылған мақсаттарға жету үшін басқару жүйеміз тиімді болу керек екенін жеткізді.

"Басқару жүйесінің тиімді болуы деген сөз ол – көп құзыреттерді орталықта – Үкіметте ұстай бермей, оларды Үкіметтен мемлекеттік органдарға беру керек және де жалпы орталықтан жергілікті жерге беру керек. Осы мақсаттарға жету үшін тиісті заңды қабылдадық. Бірнеше жүз функция Үкіметтен мемлекеттік органдарға және орталықтан жергілікті әкімдерге берілді", – деді ол.

Сенатының төрағасы биыл қабылданған үлкен заңдар қатарында Әлеуметтік кодекс, заңсыз алынған активтерді қайтаруға арналған заңдарды атады. Жалпы Қазақстанның негізгі басымдығы халықтың әл-әуқатын арттыру. Әлеуметтік кодекс халыққа мемлекеттік қызметтерге, мемлекеттің әлеуметтік көмегіне қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік берген.

Парламенттің, Сенаттың жұмысы тек заң шығарумен шектелмейді. Осы функцияларды жүзеге асыру үшін Сенатта биыл 170-ке жуық әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылған. Маңызды іс-шаралардың аясында реформалардың нақты бағыттары талқыланып, Үкіметтің алдына маңызды сұрақтар қойылып, шешілмей жатқан түйіткілдердің шешімін табуына өз үлесін қосқан. Мәулен Әшімбаев биыл Сенаттың жұмысы Президенттің реформаларын жүзеге асыру тұрғысынан нәтижелі болғанын айтады.

"2022 жылдың негізгі ерекшелігі – саяси салаға және саяси реформаға қатысты көптеген, оның ішінде конституциялық заңдар қабылданған. Референдумнан туындайтын заңдар қабылдадық. Былтыр қабылданған құжаттарымыздың нәтижесінде саяси жүйеміз жаңғырып жатыр. Ал биылғы қабылданған заңдардың ерекшелігі олар экономиканы, кәсіпкерлікті дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Осы салада жұмыстарымызды жалғастыруымыз керек", – дейді Сенат төрағасы.

Фото: inbusiness.kz