Бейбіт Исабаев АҚШ-тың Бас консулымен кездестіс

Уақыты: 01.02.2024
Оқылды: 995
Бөлім: САЯСАТ

Жетісу облысының әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ Алматыдағы АҚШ Бас консулдығының делегациясымен кездесті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов, Марлен Көлбаев, кәсіпкерлік басқармасының басшысы Бақытнұр Бақытұлы қатысып, екіжақты ынтымақтастықты дамыту және өңірге инвестиция тарту мәселелерін талқылады.

Ресми қонақтарды қарсы алған Бейбіт Исабаев облыстың инвестициялық мүмкіндіктерін айтып, инвесторлар үшін барлық жағдай қарастырылғанын жеткізді.

 – Жетісу облысы жақында ғана құрылды. Бірақ біз өз әлеуетімізді ескере отырып, аймақтың экономикалық дамуын қалыптастырып, кәсіпкерлікті дамыту үшін барлық қажетті жағдайларды жасаудамыз. Агроөнеркәсіп кешені, көлік-логистика, туризм, баламалы энергетика мен өнеркәсіпті дамыту бағыттары бойынша нәтижелі жұмыс жүргізілуде. Біздің ең өзекті бағытымыз – облыстың транзиттік әлеуеті. «Қорғас» ХШЫО мен «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндіктерін ерекше атап өтсек болады. АЭА аумағында жылына 100 мың күн панельдерін шығаратын «МАЙАМИ SOLAR» кәсіпорны орналасқан. Жоба америкалық серіктестердің қатысуымен жүзеге асырылуда. Жетісу облысында ең алдымен су, жел және күн энергиясы бағытындағы жаңартылған энергия көздерінің айтарлықтай әлеуеті бар екенін атап өткім келеді. Өңірдің қолайлы табиғи-климаттық жағдайы туристік саланы дамытуға үлкен мүмкіндік береді, – деді Бейбіт Өксікбайұлы.

 Бүгінгі таңда ылғал үнемдейтін технологияларға баса назар аударыла бастағанын тілге тиек еткен аймақ басшысы бизнесті дамытуға, инвестициялар тартуға қажетті жағдай жасауға америкалық инвесторларды ынтымақтастыққа шақыратынын жеткізді.

Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысқан АҚШ-тың Бас консулы Мишель Еркін өзінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Сэмюэль Фонтела мен Бас консулдың көмекшісі Зульфира Садықжанованы таныстырды. Бас консул Жетісу жеріндегі баламалы энергетиканы, әсіресе күн энергетикасын дамыту мүмкіндіктеріне қызығушылық танытып, «Қорғас» ХШЫО мен «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА қызметіне қатысты ақпарат алды. Ол ауылшаруашылық саласын дамыту турасында өз ойын айтып, жыл сайын Алакөл ауданында өтетін «LEPSI» халықаралық ауылшаруашылығы көрмесіне қатысуға ниет білдірді. Бас консулдың ұсынысын облыс басшысы қабыл алып, Жетісу жерінің тұмса табиғаты мен экономикалық-даму жолында қол жеткізген жетістіктермен таныстыруға кез келген уақытта дайын екенін айтты.

Ынтымақтастық кездесуде қос тарап алдағы уақытта сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарға дайын екендіктерін растады.

Еңлік КЕНЕБАЙ
Суретті түсірген Жеңіс ЫСҚАБА