ҰЛТТЫҚ ҚОРДАН АҚША ТҮСТІ

Уақыты: 04.02.2024
Оқылды: 704
Бөлім: САЯСАТ

«ҰЛТТЫҚ ҚОР – БАЛАЛАРҒА» бағдарламасы бойынша кәмелетке толмаған, Қазақстан азаматы болып есептелетін барлық балаға қаржы бөлінді. Бағдарлама өз жемісін беріп, күні кеше ғана алғашқы жарнасы түсті. Атойлап барша қазақ қуанып, балаларының жинағын тексеріп, сүйінші сұрауда. Бұл – барша қазақстандықтарды қуантқан жаңалық болды. Берекелі болсын дейміз.   

Ресми деректер бойынша аталған бағдарламаға 6 919 131 бала қатысқан. Оның ішіндегі 304 815 бала 2024 жылы 18 жасқа толады. Барлық балаға Қазақстанның Ұлттық қорынан 100 АҚШ доллары мөлшерінде бірдей сома бекітілді.. Бірақ бұл алғашқы есептеу. Жыл сайын жинаққа түскен қаражат өзгеріп отырады. Егер Ұлттық қорға түсетін қаржы ұлғайса балалар шотына түсетін сома да көбейеді. Естеріңізге салайық, биылдан бастап, Ұлттық қорға түсетін инвестициялық табыстың тең жартысы балалардың шотына аударылып, ол доллармен сақталып тұрады. Бала 18 жасқа толғанда жинақтағы ақшаны тұрғын үй немесе білім алуға пайдалануға болады. БЗЖҚ-да ашылған баланың шоты нысаналы жинақтар деп аталады.

Әнуар ЕЛЕУСІЗОВ, «БЖЗҚ» АҚ Жетісу облыстық филиалы директорының орынбасары.

Балаларға тиесілі қаражат бөлінгені барша қазақстандықтарды қуантты. Расымен де бұл үлкен қуаныш. Бағдарламаға қатысушы балалардың толық тізімін жыл сайын «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорынан алынған ресми мәліметтер негізінде қалыптастырады. Егер бала осы дерекқорға қосылған болса, ол автоматты түрде бағдарламаның қатысушысы болып естептелінеді. Егер бала қандай да бір себептермен «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорында болмаса, бағдарламаға қатысушылардың тізіміне енгізілмесе, онда қаражат келесі жылы толық шотына аударылады. Сол үшін ата-аналар баланың туу туралы куәлігін, жекебасын куәландыратын құжатын, ондағы деректердің дұрыс көрсетілуін, egov.kz порталындағы Жеке кабинетінде балалар туралы мәліметтердің болуын, тіркелуі және дұрыстығын егжей-тегжейлі тексеруі тиіс. Егер балада жекебасын куәландыратын құжат, ЖСН жоқ болса, тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жүгінуі керек. Азаматтығы жоқ, анықталмаған немесе дұрыс көрсетілмеген болса, онда тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне баруы тиіс. Қысқасы, әр баланың құжатын тікелей ата-ана өзі тексеруі қажет. 

Көпбалалы ана Орынгүл Мүлкібаева алғаш жақсы жаңалықты естіп, бірден балаларының шотын тексерген. Биыл 18 жасқа толған ұлы бұл мүмкіндікке ие болмағанымен, қалған балаларының шотына мемлекеттен 100 АҚШ долларынан түскен. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа аналық жүрегімен алғыс айтады.

Сөздің шыны керек, о баста осы жаңалық айтылғанда өз басым сенген жоқпын. Бірақ балаларды талап бойынша тіркедім. Күдігім шындыққа айналғанда қуанышым қойныма сыймай, ағайын-туыстан сүйінші сұрадым. Енді балаларым оқу бітіргенше шотында ақшасы болады. Пәтер алса да бір пайдасына жарайды. Мұны мемлекеттен бізге жасалған үлкен көмек деп қабылдадым. Әйтпесе әр балаға шот ашып, ақша жинау мүмкін емес қой. Өте қуаныштымын. Мемлекет басшысы бастаған ел ағаларының осындай қамқорлығына ризамын. Алғысым шексіз, – дейді көпбалалы ана.  

Баланың бағдарламаға қатысуы туралы және есептелген нысаналы талаптар туралы ақпаратты кәмелетке толмаған баланың ата-анасы арнайы ашылған kids.enpf.kz сайтына баланың ЖСН нөмірін енгізу арқылы тексереді. Ата-аналар өз балалары бойынша есептелген қаржы туралы деректерді egov.kz порталындағы Жеке кабинетінде тексере алады.

«Ұлттық қордың» қаржысы балаларға бөлінгеніне көпшілік разы. Десе де бұл ізгі іске қуанбай жатқандар да жоқ емес. Бірақ мемлекет тарапынан бұрын-соңды балаларға мұндай қамқорлық көрсетілмеген. Сондықтан да балалардың болашағын бүгіннен ойлаған мемлекеттің болашағы жарқын, келешегі кемел болары сөзсіз.

Еңлік КЕНЕБАЙ
Фото: atamekengazeti.kz