Демография және 100 доллар

Уақыты: 15.02.2024
Оқылды: 1503
Бөлім: САЯСАТ

Мемлекет саясатының, ел келешегінің, тіпті тереңдетіп айтқанда, отан тағдырының басты кепіліндей болған демография мәселесі қашанда өзекті екені белгілі. Арғы-бергі тарихтан да адам капиталының маңызы еш күн тәртібінен түскен емес. Тарих толқыны, дәуір сахнасындағы не бір айтулы оқиғалар да адамдық қатынастардағы түйінді-түйіншекті, күрмеулі-күрделі мәселемен астасып жатыр.

 

Содан да болар ел тағдырында халықтың тұрмыс-тіршілігі, тіршілік тиянағы, денсаулығы мен әлеуметтік түрлі мәселелері қашан да басты назардан түскен емес. Мемлекет басшысы да адам капиталының маңызы жайлы осы уақытқа дейін жиі айтып келеді.

Қазақстан республикасының Ата заңында да мемлекеттің басты байлығы ретінде адам капиталы әспеттеледі. Осындай берік ұстаным мен жүйелі экономикалық қадамдардың арқасында тәуелсіздік алған жылдардан кейін аталған саладағы мәселе біртіндер реттеле бастады. Соның жарқын көрінісі де күні кешегі Қазақстан халқы санының 20 миллионға жетіп, ақ түйенің қарыны жарылғандай қуанғанымыз.

Қазақстан республикасы Президенті де бұл жаңалықты айрықша атап өткен еді.

– Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді, – деп құттықтаған еді Тоқаев сол тұста.

Әрі осы сөзінде мемлекет алдағы уақытта отбасы құндылықтарын нығайтуға мән беретінін тектен-текке айтпаған еді. Халық саны өсуінің, ел экономикасының дамып қарыштауының кепілі де отбасы құндылықтарына тірелмей ме? Бұны қазақ «Отан отбасынан басталады» деп айтып та қойған.

Әрине, отбасы құндылығымен қатар тағы бір маңызды, тіпті шешуші фактор бар деуге болады. Ол – сіздер, бір ауыздан «дәл солай» дейтіндей материалдық көмек деуге болады. Жаһандану дәуіріндегі ғылым-техниканың қарыштап дамуымен қатар туындаған қымбатшылық мәселесі ешкімді де айналып өтпесі анық.

Қысқаша айтқанда, қазіргі қоғамда өсіп-өрбіп ұрпақ көбейтудің өзінде бұл мәселе өз салқынын тигізбей отырған жоқ. Сосын да «шамам келмейді», «асырай алмаймын» немесе «асыраушысыз қалған» деген секілді құлаққа түрпідей тиетін, қазақы менталитетке мүлдем жат сөздер кең таралуда күн сайын.

Осы ретте, баланы «өзің үшін табасың, міндетсінбе» деу де бүгінгі қарапайым жұрт үшін қатқыл шешім болатындай. Тиісінше халықтың табиғи өсім мәселесін қолдап-қорғап, материалдық тұрғыда барынша ынталандырудың маңыздылығы артудай артып келеді. Тіпті, бұл Қазақстанда ғана емес, әлемнің барлық елінде бар өзекті мәселе.

Мысалы, Қазақстан халқының табиғи өсімі 2021 жылы ең жоғарғы көрсеткішке жеткен.Осы тұста бір жылдың өзінде 446 мың бала дүние есігін ашқан. Бұл жерде мұндай жоғары деңгейдегі халықтық өсімге жеткізген екеінегізгі әсер етуші факторды атаған жөн.

Оның бірі – материалдық көмектің осы жылдарда бұрынғы кезеңдердегі деңгейден біртіндеп ұлғаюы болса, екіншісі – нәресте өлімінің  азаюы себеп болып отыр. Біз бұл жерде халықты ынталандырушы ең негізгі себеп ретінде де әрі мақала көтерген тақырыпқа орай бірінші факторды ары қарай талқылағанды жөн көрдік.

Ауыл адамдары арасында «кемі төрт балаң болсын» деген батадай болып кеткен сөздің төркінін қарапайым жұрт біліп те жүр. Өйткені төрт баласы бар ата-аналардың ай сайын алатын жәрдем ақысы да тәп-тәуір өсіп келеді.

Дәйек келтірсек, 2023 жылдан бастап бірінші балаға 19 872 теңге,  екінші балаға 23 495 теңге, үшінші балаға 27 083 теңге, ал төртінші және одан да көп балаға 30 705 теңге бөлінеді.  Сонымен қатар, көп балалы отбасыларға арналған жәрдемақы да өскен қазір. Төрт балаға 55 304 теңге, бес балаға 69 138 теңге, алты балаға 82 973 теңге, жеті балаға 96 807 теңге, сегіз және одан да көп баланың әрқайсысына  13 800 теңге тағайындалады.

Мән беріп қарасаңыз, өзіңіз сұрап, құдай бұйыртып өмір есігін ашқан балаларыңыз үшін мемлекеттен осынша көмек қаражат ала аласыз деген сөз. Балаң көбейіп өскен сайын үкіметтің көмегі де аз болмақ емес. Қазақтың «әр баланың өз рыздық-несбесі бар» дейтіні ия болмаса «Бір төл туса, бір түп көде артық шығады» дегені осыны меңзеді ме екен.

Алайда қазіргі қоғамда осындай көмекті де азсынып, бала өскен сайын оның ішіп-жем, киім-кешегі, оқытып-тоқытуын «шығынға» жатқызып, мемлекетке масыл бола түскен үстіне масыл болғысы келетін ата-аналар қанша ма?!

Бұндай көмек өткен тарихымызда болмады десек, ол да әбестік болатын еді. Қазақтың отбасылық институтында туысқандық қарым-қатынастағы жаңа босанған келінді бала қырқынан шыққаннан кейін үйлеріне шақырып қонақ етіп, жас сәбиге атап арнайы мал беретіні де есімізде болар. Осылайша туысқандарын толық аралап шыққан жас отау малды болып бір жырғап қалатын. Демек, атам қазақ әлмисақтан өсіп-өркендеу, көгеріп-көктеуде материалдық көмектің аса маңызды екенін аңғарған.

Қазақ деген ұлы халық тұрғанда «қазақы түсінік» атты тақырып таусылмасы да анық.  Оны тарихтан тарихқа жеткізрер жыршысы да аз болмаса керек. Біз осы арада бұл әңгімені үзе тұрып, демографияны мемлекеттің қолдауы туралы әңгімемізді қайта жалғай бермекпіз.

Ендеше, жақында ғана қоғамда екі түрлі пікір туғызған «100 доллар» мәселесін айталықшы. Әуелі Президентіміздің  «Ұлттық қор – балаларға» заңына қол қойғанын атап өтеміз. Демографиялық мәселенің заңда бекітілуі үлкен жетістік демей көріңіз. Ал сол заң бойынша Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-і балалардың арнайы жинақтаушы шотына 18 жасқа толғанға дейін аударылады деп шегелеп бекітілген.

Міне, біз айтқалы отырған «100 доллар» жыры да осы әлеуметтік көмектің аз-көптігіне байланысты туындаған халық пікірі деуге болады. Өз еншісін, өз үлесін есептеуге келгенде алдына жан салмайтын Қазаекең бұл цифрды да "ақша түсті" деген күні неше тексеріп, 18 жылға олай бір, былай екі көбейтті дерсіз. Сосын бірі  – қомсынды, бірі – "тәуба" десті.

Біз ше «тәубә» дескен жұрттың есебі дұрыс дейміз. Себебі. «Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-і» дегенді ұмытпауымыз керек. Яғни, сіздің балаңыздың шотына 100 доллар ғана емес, әр жылы әр түрлі қаражат түседі деген сөз бұл. Ел экономикасының дамып, инвестициялық тартымлыдық артып келе жатқанын ескерсеңіз, балаңыздың шотына түсетін ақша әжептәуір өспесе кемімейтінін ескеріңіз. Бұл – бір.

Екіншіден, әр балаға түскен қаражат тек сол баланың ғана қажетіне ғана жарайды деп қарау да қателік. Өйткені осы мәселедегі заңдық шарт бойынша сіз, мысалы өз күшімен грантқа түскен иа ары қарай тұрмысын тіктей алатын балаңыздың (мамандығы жақсы болар, бәлкім –  ред.) шоттағы ақшасын кез келгеніне аудара аласыз деген сөз. Тіпті бір балаңыздың шотында топтастырып бір үй алу мүмкіндігіңіз де бар (жыл сайын түсетін қаражат артып отырса).

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай ғана түйіні, демографиялық өсімнің негізгі факторы материалдық көмек болып отыр. «Балам өссе, байлығымның өскені» дейтін қазақ бүгін жүйелі демографиялық саясат бұдан да ілгері басса қуанбаса мұңаймас!

Қ.ӘБДІҒАПАР

Фото: Zakon.kz